Жексенбі, 25 қараша 2012 18:47
Кеңестік кезеңдегі түсті металдар отаны Шығыс Қазақстан облысының жетістіктерін кейбір естелік жазушылар обкомның бірінші хатшысы А.К.Протозановтың қайраткерлігіне саяды. Рас, Александр Константиновичтің бұл өңірдің жерасты байлығын өндіріске қосудағы еңбегі көп. Алайда адуын хатшының соны жалғыз өзі атқармағаны, қасында сол аймақта туып-өсіп, жастық жалының, жігіттік қарымын туған жеріне арнаған Кешірім Бозтаев сияқты қолынан іс келетін, тындырымды еңбекке баулынған іскер серіктері болғаны – өмір шындығы. Бұдан кейін сол Кешірім Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып та бірнеше жыл еңбек етті.
Жексенбі, 25 қараша 2012 18:47
Кеңестік кезеңдегі түсті металдар отаны Шығыс Қазақстан облысының жетістіктерін кейбір естелік жазушылар обкомның бірінші хатшысы А.К.Протозановтың қайраткерлігіне саяды. Рас, Александр Константиновичтің бұл өңірдің жерасты байлығын өндіріске қосудағы еңбегі көп. Алайда адуын хатшының соны жалғыз өзі атқармағаны, қасында сол аймақта туып-өсіп, жастық жалының, жігіттік қарымын туған жеріне арнаған Кешірім Бозтаев сияқты қолынан іс келетін, тындырымды еңбекке баулынған іскер серіктері болғаны – өмір шындығы. Бұдан кейін сол Кешірім Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып та бірнеше жыл еңбек етті.
1987 жылдың ақпан айында Кешірім Бозтаев Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл уақыт М.С.Горбачевтің қайтадан құру саясатының өмірге қауырт енген шағы-тын. Қазақстанды басқаруға жіберілген Г.В.Колбиннің өтірікті суша сапырған машығына жұрт таңғалып, іштен тынған аласапыран кездің ең алғашқы жылы.
Жұмыс істеуге ынталы кісіге әрқашанда уақыт жетпейді. Ілгері жылдарда алдына “Коммунист” журналын ашып қойып, қол қусырып қарап отырып, сағат алтыдан бес минөт кеткенде кабинетінен шығып келе жататын хатшыларды да көрген обком қызметкерлері Кешірім Бозтайұлының таңғы сегізде жұмысқа келіп, кешке де сол мезгілде, кейде одан да кешірек үстел басынан тұратын әдетіне еріксіз көндікті.
Семей облысы ондаған жылдар бойы мал шаруашылығымен шұғылданып, аздап егін салып, жаз айларында жайылымға төрт-бес миллион қой өргізгенін мадақ тұтып, соның сүмесімен ет комбинатын, жүн жуатын фабрикасын, тері илейтін, былғары шығарып, тон мен аяқ киім тігіп, қысқасы, жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын мемлекетке өткізумен күн кешетін-ді. Бірақ содан түсер таза пайда мардымсыз еді. Соның салдарынан ол 1986 жылғы статистикалық есеп бойынша табыс жөнінен 15-ші орында, яғни 16 облыстың артынан санағанда екіншісі болған. Кедейшіліктің сипатын осыдан-ақ аңғарасыз. Қысқа жіп күрмеуге келмейдінің кері. Өскеменнің бір ғана ауыр өндірісінің ай сайынғы түсімін Семейдің күллі өнеркәсібі жыл бойы әрең береді. Сол себепті 800 мыңға жетер-жетпес облыс тұрғындарының тірлік қажетін өтеу үшін ортақ қордан миллиондап қаржы алатын.
Семейге келген бетте-ақ Кешірім Бозтайұлы құрылыс жұмысын қауырт көтеруді қолға алды. Сол үшін “Монолитқұрылыс” тресін ұйымдастырып, ол болса облыс орталығының әр жеріне 12-16 қабат жаңа үйлерді құйма бетоннан тұрғызуға кірісті. Силикат кірпіш зауытының өнімі бірнеше есе артты. Ескі қаланың ортаңғы бөлігінде көрікті ғимараттардың іргесі қаланды. Қала ортасындағы “Динамо” стадионында зәулім спорт сарайының құрылысы басталды. Ертістің оң жағалауында Некеқияр, Жастар сарайлары бой көтеріп, пайдалануға берілді. 1987-1991 жылдар аралығында облыста 69 орта мектеп, 67 балалар бақшасы, 28 Мәдениет үйлері салынды. Қала мен ауыл-селоларда жүзден аса типтік жобамен сауда дүкендері бой көтерді. Айтып-айтпай не керек, қайраткер азамат бірден-ақ осы сипатты күрделі шаруаларға белсене кірісіп, туып-өскен өңірінде елеулі игіліктер жасауға тырысып жатқан-ды. Сол мақсатта алдыңғы кезекте жүзеге асқан игіліктердің дені ел денсаулығын күйттейтін емханалардың мекен-жайын күрт жақсарту турасында жүрген-ді: 1988 жылы қалалық үш аудан тараған кезде солар жайғасқан үш қабатты жаңа ғимараттар денсаулық орындарына берілді; тіпті өзіне дейінгі бірінші хатшы тұрған, жарым-жартысы мәртебелі қонақтар жататын резиденция болған үш қабатты әсем үйге сырқат балаларды емдейтін емхана орнықты; ал хатшының өзі бес қабатты үйдің үш бөлмелі жұпыны пәтерін қанағат етті…
* * *
1989 жылдың 12 ақпаны күні Семей іргесіндегі ядролық полигонда, сыналған зарядтың қуаты 70 кило тоннадан асыпты. “Уақыт” бағдарламасы берген ТАСС хабарында кезекті сынақ сәтті өтті, радиация фоны қалыпты мөлшерден асқан жоқ… деген ежелгі уәж айтылды. Ал шындығында Ертіс атырабындағы экологиялық жағдай мүлдем басқаша болған: сынақ жасаушылар жел бағытының теріскейден оңтүстікке қарай соғуын күтіп, алып зарядты жарады (өйткені күшті жарылыс кезінде жер жұлығынан бұрқырап шығатын зиянды газдар түстік атырапқа тарайды, ал ол жақта ешқандай бақылау жоқ, демек көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін газды бейғам ел елеп-ескермейді, оның ауыр зардабы көп уақыттан соң білінбек); жойқын жарылыстан 100-150 шақырымдай қашықтықтағы үйлердің терезесі дірілдеп, қабырға сылағы түсіп, кейбірінде саусақ сыйғандай сызат пайда болады. Семей тұрғындары үшін бұл – үйреншікті дүмпу, құдай сақтасын десіп бісмілләсін айтып тыныш отыра береді.
Алайда әскерилер сол күні есептен оңбай шатасыпты. Бағытын кілт өзгерткен долы жел жетіқат жер астынан сызат тауып, үстіге ұмтылған газды Ертіс жағасына қарай айдаған. Ажал сепкен қатерлі бұлт Ертіс бойы ғана емес, құлынды даласын емін-еркін шарлап, Алтай өлкесін тұмшалайды. Нәтижесінде радиация фоны 3000-4000 микрорентгенге (ауадағы табиғи деңгейі 15-20 микрорентген шамасы) жетеді. Полигон қызметкерлері тұратын Курчатов қаласындағы аспаптар екі тәулік бойы үйдек-түйдек келіп жатқан газды көрсетуден жаңылмаған. Бірақ сынақ жасаушылар қатерлі жағдаятты жұртқа білдірмей, құпияда ұстайды. Бәлкім ауа толқыны ту алысқа, иә ғарышқа алып кетер… деген есекдәме үмітке малданған? Шындығында, мұндай кесапат бұрын да кездесіпті (1987 жылғы 18 жарылыста көрінбейтін газ бұлты Семей қаласын алты рет тұмшалапты, келесі жылғы сынақта екі мәрте солай болған)…
Дегенмен әскерилер ортасында азаматтық парызын өтеуді жөн деп білген арлы жандар бар болып шықты. Бұған да тәубе делік. Ертіс жағасындағы Шаған елді мекенінде орналасқан, полигон басшыларына бағынбайтын әскери бөлімнің командирі, генерал-майор П.Т.Бредихин өздеріндегі аспаптар тіркеген қатерлі деректі Кешірім Бозтайұлына телефонмен хабарлайды. Обком хатшысы нақты жағдайды полигон басшыларынан ежіктеп сұраса, олар радиация фоны қалыпты межеден асқан жоқ деген ежелгі ертегілерін қайталайды. Бірінші хатшы экологиялық бақылауды бұдан былай өз назарында ұстайтындығын, еңбекшілердің денсаулығын сақтау – партия комитеті үшін мүдделі іс екендігін ескертеді. “Дұрыс айтасыз, жолдас Бозтаев! Біз де сол үшін жұмыс істеп отырмыз, қатерлі жағдай туса өзіміз де сізге ең алдымен хабар береміз…” – дейді полигон бастығы, генерал А.Д.Ильенко ешбір шімірікпестен.
Арада алты тәулік өткен соң, яғни 18 ақпанда жарылыс қайыра жасалады. Сірә, әскерилер 150 кило тонна мөлшеріне дейінгі ең күшті зарядтар сынағын тездетіп бітіруге асыққан. Асыққан кезде шалағайлық қосақталып жүретіні мәлім, заряд қойылған ұңғының бетін бетонмен бекіту шала-шарпы жасалғандықтан, өзіне тағы да жол тапқан газ жойқын қысыммен үстіге ұмтылып, салған бетте Ертіс жағасына жетеді. Шағандағы аспаптар радиация фоны қалыпты мөлшерден жүздеген есе артқанын көрсетеді. Бұл жолы әскери бақылаушылар тиісті құжат жасап, оның сағат сайынғы мөлшерін хаттаған кестені Семейге жеткізеді. Курчатовтағы зерттеушілер күллі әлемге ежелгі өтіріктерін қайталайды, ал Семей обкомына ауада болмашы мөлшерде газ білінді, бірақ ол сыпыра инертті (бейтарап, зиянсыз) құрамнан тұрады деген ақпар береді…
“Ақпандағы екі жарылыс біздің төзімді біржола жоқ етті. Ішімізді тырнаған кек пен ашу белсендірек әрекет жасауымызға түрткі болды. Шынында да түк көрмегенсіп, ештеңе естімегенсіп жайбарақат қарап отыруға болмайтынын ұқтық. Мынадай әшкере айғақты ел қамына жаратпау кешірілмес күнә болар еді, тек мүлт баспай, әрдайым жалған ақпар беріп, жергілікті халық тағдырын тәлкек етіп ойына келгенін істеп, облыс басшылығын да көпе-көрнеу елемеген әскерилерге қатаң тойтарыс беру қажеттігін айқын сездік…” – депті Кешірім Бозтайұлы сол күні өзін толғандырған күпті мәселе жайында, “Семей полигоны” кітабында (Марқұмның бұдан өзге орысша және қазақша жарияланған “Қайнар синдромы”, “29 тамыз” атты кітаптары бір, бертінде солар неміс және жапон тілдерінде жарияланды. Олардың бәрі де ядролық полигонмен тайталас тарихын, туған елі басынан кешкен қасіретті талдап, радиация зардабын тезірек жою шараларын тебірене сөз етуге арналған деректі шығармалар).
* * *
Кешірім Бозтайұлының Семей өңіріне келгеніне екі жыл болды. Осы уақытта ол ел жағдайының, әсіресе облыстың түстік пен батыс өңіріндегі 11 ауданда қоныс тепкен халықтың тұрмыс күйінің, денсаулық жәйінің мәз емесін жете аңдаған. Рас, Ертістің оң қабағындағы аудандар мен Семей тұрғындары да жетісіп отырған жоқ. Ең қиыны, Ертіс өңірін жаппай жайлаған беймәлім дерттің жыл сайын көбейіп отырғаны. Ал облыстағы бірде-бір емхана оның жай-жапсарын білмейді. Саржал, Қайнар, Қарасу, Балапан сықылды полигонға ұрымтал орналасқан ауыл-селоларда анасы құрсағынан шала туған, адамдық кейпі бұзылып дүниеге келген балалар ондап саналады, осы мекендерде кісі өлімі де ерекше көп. Әмбе, көбі ақ қан ауруынан, иә, рак дертінен шейіт болып жатыр. Ең сорақысы, жасөспірімдердің өз-өзіне қол салып өмірден кету айғақтары соңғы жылдарда көбейе түскен. Дәрігерлер бұл дертті радиофопия деп атаған. Бірінші басшы болғандықтан оған түрлі мекемелерден құпия мәліметтер келетін-ді. Солардың бірі – 50-жылдарда Семейде ірге тепкен №4 диспансер. Оған Бруцеллезге қарсы емдейтін емхана деген бүркеншік атау берілген, ал шындығында ядролық жарылыстың жергілікті халыққа тигізер әсерін зерттейтін құпия емхана. Қырық жылдай уақыт ол он мың адамды тұрақты бақылауға алып, денсаулығын мезгіл-мезгіл тексеріп отырыпты. (Осы уақытта солардың сегіз мыңы опат болғанын біз бертінде білдік). Әлгі диспансер обкомға сұрыптап беретін мәліметтерге қарағанда, түрлі дертке шалынғандар қарасы соңғы жылдары бірнеше есе көбейген, өлім-жітім де молайған. Ал аурудың табиғаты, себеп-салдары жазылмаған.
Облысқа келген кезінде ол сынақ жүргізілген алаңдарды көрген, сапар аяғында әскерилер жаңа хатшыға сынақ кезеңдерін, оның жай-жапсарын түсіндіретін деректі фильмдерді көрсетіп, өздерінің жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстарының Отан қорғау ісіндегі ерекше мәнін барынша мәністеп айтып берген-ді (“Семей полигоны” кітабында К.Бозтаев сол сапарда көрген-білгенін тәптіштеп сипаттаған. Фильмді жаны түршіге көріп, әскери полигонның төңірегіндегі қалың елге қаншама қасірет, ғасырлар бойы айықпас ауыр дерт себуші болғандығын жете ұққан).
Енді, міне, жергілікті халыққа соншама қасірет тартқызған әскери көршімен тайталасқа түсу керек. Қалай, қандай пәрменді шарамен? Ертістің нулы, сулы жағасынан сонау қыр жондағы Дегелең тауына дейінгі жалпы қарамы 18 миллион шаршы шақырым орасан зор аймақты меншіктеп алып, сол жердің бірден-бір қожасымын деп шіреніп отырған Курчатов қаласында ғана 31 зерттеу және конструкторлық институттар орнығып, оған қоса 29 әр қилы өндіріс пен ғылыми мекемелер ірге тепкен, жалпы мөлшері он мың шамасында білімдар элита жұмыс істейтін, демек мол көлемде еңбекақы алып, жайлы тұрмыс кешіп, Мәскеу қаласымен бірдей ең жоғарғы “А” категориясында азық-түлікпен, басқадай да тұтыну заттарымен керегінше жабдықталып отырған (ал Семей қаласына бастапқыда “Б” категориясы беріліп, бір жылдан соң оны қайтадан сыпырып алған) әскери-ғылыми қауым Семей обкомының наразылығымен есептесе ме?
Ядролық сынақ Семей ғана емес, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Қарағанды облыстарының полигонға ұрымтал аудандарының байырғы халқын, өздерімен іргелес отырған Алтай өлкесінің тұрғындарын, кем есеппен айтқанда, екі миллионға тақау адамның өмірін ауыр дертке душар еткен. Қатерлі сынақты азайтып, заряд қуатын кемітіп, бәлкім біржола тоқтату қажеттігі шүбәсіз. Бірақ соған әскери өндірістің өр кеуде басшылары көне ме? Наразылық хат жөнелту қиын емес. Оның салдары өзінің биік мансаптан айырып, демек келешек тағдырын болжаусыз қайраңға тап етері сөзсіз. Әйтсе де туған халқы ұшыраған мүшкіл жағдаят соның бәрінен де ауырырақ емес пе?..
Шағандағы әскери бөлімнен ресми хабар жеткен соң-ақ ол мазасы кетіп, сол түнді ұйқысыз өткізіп, ақыры Мәскеуге жолданбақ хаттың нұсқасын қағазға түсірген-ді. Ертеңінде Қазақстан Үкіметінің сол кездегі басшысы Н.Ә.Назарбаевқа жағдайды хабарлап: “Не істейміз, Нұреке? Абай елін жүдеткен қасіретті тоқтатуға шара бар ма? Шамамыз келе ме соған?..” – деп бастап, ойына түйген жәйтті түгел ақтарсын. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ойың дұрыс, Кешеке. Сен баста, бұл жақта біз де қарап қалмаспыз…” – дегенін естіген соң-ақ төтенше бюро мәжілісін шақырды.
Семей облаткомының төрағасы А.С.Еременко осы жолдар авторына жуықта ауызекі айтқан әңгімесінде сол күнгі мәжілісті есіне алып: “Кешірім Бозтайұлы бізге бірден: “Азаматтық арымызға дақ түсірмеу үшін де бұл мәселеге жедел араласуымыз керек және бәріміз бір тілек, бір білек боп жұмыла әрекет етуіміз қажет!..” – дегенде бюро мүшелері түп-түгел қостау білдірдік. Өйткені қатерлі жағдайды бәріміз де жақсы білетінбіз, тек арты не болар екен деп іштен тынып жүретінбіз. Енді соны қозғаушы қайраткер шыққан соң неге қостамасқа?!.. – деп сыр шерткен-ді Анатолий Семенович. – Облаткомға келгелі мен үш бірінші хатшымен қызметтес болдым. Кешірім Бозтайұлын алғашқы екеуінен жуастау әрі бұйығы жан деп ойлаушы едім, мына әрекетте оны мүлдем басқа биіктен, өзге қырдан көріп таң қалдым. Бұл істе ол өзіне дейінгі бірде-бір басшы бармаған, баспаған ерлік көрсетті және уақытты дөп басып дер кезінде қимылдады. Әмбе күресті аяқтағанша ұстаған бетінен қайтқан жоқ…” – деген-ді.
Әділдік үшін жұртқа мәлім бір жәйтті айта кетейік: 50-жылдардың аяғында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков республика партия ұйымының пленумында Ертіс жағасындағы қала мен оған жақын аудандарда табиғаты беймәлім сырқаттар білінгені, ал жергілікті тұрғындарды емдеу және азық-түлікпен жабдықтау бұрынғыдан да төмендеп кеткенін ашына айтып, әскери сынақтар жиі жүретін аймаққа ерекше назар болуын талап еткен. Соның артынша ол Н.С.Хрущевке обком мен облатком атынан жағдайды баяндап, көмек сұраған ресми хат та жазыпты… Соған жауап ретінде бес мың шаршы метр құрастырмалы тұрғын үй бөлініп, бір мың тонна қосымша ет босатылған. Бірақ, іле-шала облыс ауыл шаруашылық жоспарын орындамады деген сылтаумен ядролық сынақтың зардабын биік мінберден ашына айтқан бірінші хатшы орнынан алынып, басқа қызметке жөнелтілген. Осы жайында “Казахстанская правда” газетінде бертінде жарияланған естелігінде М.Сужиков: “Мен Семейден қуылғаннан кейін екі айдан соң облыс ауыл шаруашылық тапсырмаларын асыра орындады. Менің орныма келген М.П.Карпенко сонда ет жоспарын аң аулап асыра орындаған ба? Дайын асқа тік қасық демеске амалым жоқ…” – деп ащы шындықты ашына жазған-ды).
* * *
“СОКП Орталық Комитетіне, Семей қаласы атырабындағы ядролық полигон жөнінде” деген айдармен 1989 жылдың 20 ақпан күні жолданған құпия жеделхаттың толық мәтіні “Семей полигоны” кітабында жарияланған. Біз оның түйін сөздерін ғана келтіреміз: “Көп жылдық ядролық сынақ жергілікті қауым ортасында әр алуан реніштер туғызуда, соған орай Семей тұрғындарының моральдық-психологиялық ахуалы қатерлі шекке жеткенін мәлімдеуге мәжбүрміз. Сол наразылық үй-жайының бүлініп, денсаулықтарының күрт төмендеуіне байланысты туып отырғаны даусыз. Жергілікті партия комитеттері еңбекшілер арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде. Сөйтсе де облыстық партия комитеті бізде қалыптасқан ауыр жағдайға мән бере қарап, СОКП Орталық Комитетінен осы іспен шұғылданатын министрліктер мен ведомстволарға сынақты уақытша тоқтатып, ең болмағанда солардың жиілігін ұзартып, қуатын бәсеңдетуді өтінеміз, ал келешекте ядролық сынақты басқа жерге ауыстыру шараларын ойластыруды сұраймыз…”
Одан әрі хатта 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында ауада және жер бетінде екі жүздей ядролық жарылыс жасалып, жер астында әр қилы қуатты 343 сынақ жүргізілгені айтылыпты. Солардың жалпы қуаты Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе асып түсіпті. Мұншама кесапатқа қандай жер төзеді, соған шарасыз көнген семейліктердің жаны неткен сірі демеске шараң жоқ.
Әскерилердің қарсы әрекеті кешіккен жоқ. Жеделхат жолданған соң бір апта өтер-өтпесте, яки ақпан айының 28-жаңасында Курчатов қаласына КСРО Министрлер Кеңесінің мәртебелі өкілдерімен әскери-өндіріс кешені төрағасының орынбасары В.А.Букатов бастаған, құрамында генерал-полковник, академик, атом энергетикасы министрінің орынбасары және сондай ірі лауазым иелері бар үкімет комиссиясы ұшып келді. Біз соған да қуанып, сең қозғалды дестік. Анығында сол – полигон орнағаннан бергі 42 жылда жергілікті халық талабымен жаралы жерге ат басын бұрған тұңғыш комиссия еді. Олар сынақ алаңын ғана көріп қоймай, Семейдің кәсіпорындарын аралап, тынымсыз тарсылдан қажыған, үрейленген, зардап шеккен жұрттың мұң-зарын да тыңдауға мәжбүр болды. Амал қанша, комиссия сынақты тоқтату, иә азайту мәселесін шеше алмады, соған тіпті ниеттері де болмады. Шу көтергендей ештеңе болмағанын “анықтады” да, обкомның кіші залында өткен жиында “Бозтаев жолдастың облыста қордаланған күрделі мәселелерді түбегейлі шеше алмасын білген соң бар кінәні әскерилерге аударып, жұртты әдейі дүрліктіріп отырғанын…” жариялаумен аттанып кетті. Сол күннен былай облыстың бірінші басшысы Курчатовтағы әскери-ғылыми қауым тарапынан “генералдарға қарсы шыққан қияли күрескер”, “Аса қауіпті саясаткер” атанып, нақ солар астыртын ұйымдастырған түрлі шағымдар Мәскеуге топтап жөнелтіле бастады. Оның аяғы Курчатов қаласында Семей облысы басшыларының “тыныш елді дүрліктірген” кереғар әрекетіне ашу-ыза білдірген ашық митингіге ұласты…
Алайда дарқан өмір ағысқа қарсы жүзетін, тіршіліктің әр алуан кезеңдерінде жарқ етіп қауымның алдына шығып, сонымен-ақ халықтың көкейкесті мұңшерін қорғауға әзір ерлерден құр алақан емес. Сондай үн 28 ақпан күні Алатау баурайынан саңқ етті. Алматы телестудиясы ел жатар алдындағы кешкі хабарын үзіп, есімі елге мәшһүр азамат ақыны Олжас Сүлейменовке сөз берді. Ол болса 18 ақпанда болған сынақтан соң Семейге төнген қатерлі жағдайды естіртіп, елім деген қамкөңіл қауымды Жазушылар одағы үйінде келесі күні өтпек наразылық жиынға шақырды. Ол жиын зор дүрмекпен өтті. Естуімізше, оған мың қаралы кісі қатысқан. Ашу-ыза қысқан, дерт-қайғысы асқынған халықтың аза сөзін республика көрермені сол кеште телеэкраннан көрді. Іле-ақ көп жылдан бері іште шемен болып қатқан, жүректі налаға толтырған шерменде іс арнасынан асып төгілген асау өзендей долданып, жер-жерге тез тарап, газет, радио атаулы семейліктердің мүшкіл тағдырына жанашырлық білдіріп барынша қолдап берсін. Нәтижесінде Кешірім Бозтаев бастаушы болған іс Олжас сияқты трибун ақынның дер кезінде және пәрменді қолдауымен аз күнде күллі халық көтерілген жанкешті наразылыққа ұласты. “Невада – Семей” қозғалысы атанған бұл іс Қазақстан ғана емес, Ресейдің Алтай өлкесіне тарап, одан да асып Новосібір, Кемер облыстарын қамтып, ақыр аяғында күллі әлемдік аренаға шықты. Ақыры Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресінің бір белесі боп тарихқа енді.
Әскери полигонмен жүрген ұзақ тайталастың жай-жапсары жұртшылыққа мәлім. Ұзын-ырғасы екі жарым жылға созылып, өз қатарына оң мың, жүз мыңдаған адамды тартты. Кейбір наразылық жиындарға, айталық, Семейдегі Абай алаңында, Қарауылтөбе басында өткен шеруге 10-15 мың адам қатысқанын қазірде мақтаныш сезіммен айтамыз. Курчатовқа баратын пойызды тоқтату үшін рельс үстіне көлденең отырып, бірде-бір вагонды не әрі, не бері өткізбейміз деген акцияға Семейдің төрт институтынан төрт мың студент қатыспақ болғанына сүйсінсек етті?!..
Қарсы тұрушылар – әскери полигон басшылары, ядролық қаруды жасаушы ғалымдар, КСРО атом энергетикасы мен өндірісі министрлігінің басшылары, ал солардың сыртында – Қорғаныс министрлігі, әскери-өндіріс тобының төрағасы (одақтық бірнеше министрлікті біріктіретін аса қуатты, КСРО Үкіметінің нұсқауымен әрекет ететін ведомство), СОКП Орталық комитетінің хатшылары – Медведев, Бакланов, Разумовский. Бұлардың мақсаты – Семей іргесінде орын тепкен аса қуатты әскери кешенді қаз-қалпында сақтау, иен даладағы зиянды сынақты жүргізе беру…
Сүйсінерлік жәйт: әскерилердің өз ішінен де генерал Бредихин сияқты арлы азаматтар шығып, ұзақ күрес кезінде ақиқат жолына ден қойғандығы… Бұл туралы Кешірім Бозтайұлы өз кітабында: “КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабының бастығы армия генералы М.А.Моисеевтің Семей обкомы жағдайды қасақана ушықтырып отыр деп қырғидай шүйіліп жүріп, ол полигонға келіп, күйзелген ел мен бүлінген жерді көзімен көргеннен кейін генерал А.Д.Ильенкоға кенет: “Жап аузыңды! Бұл полигондағы сынақты баяғыда тоқтату керек-ті, соны біле тұрып үндемеген күнәһардың бірі – сен!…” – деп дүрсе қоя берді. Оның бұлай деуіне Қазақстанның Үкімет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Алматыдағы сұхбат үстінде: “Михаил Андреевич, Семейдегі қиын ахуал ондаған жылда түзілген, біздің халыққа жасалған қастандықтың ең сорақы түрін сол жаққа барғанда көресіз,” – десе, үстелдің қарсы жағында отырған Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші хатшысы В.Г.Ануфриев: “”Сол үшін Семей обкомы мен оның бірінші хатшысы К.Б.Бозтаевты кінәлау – әділдікке жата ма, қарауындағы еңбекшіден ай сайын үш мың наразылық хат алып, шарасы құрып отырған басшы не істеуі керек?..” – деп әріптесін қолдауы, сірә, айрықша әсер еткен тәрізді… – деген болжал айтыпты. Нақ сондай қолдауды Москва қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, әмбе СОКП Орталық Комитетінің хатшысы міндетін (қорғаныс саласын басқаратын) қоса атқаратын Л.Н.Зайков та көрсеткен. Шындығында полигонды жабу туралы ел талабы бұл қарсаңда мәскеуліктер ортасынан да беделді жақтастар тапқан-ды: КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттар тобын бастап, украин жазушысы, сол кезде Жоғарғы Кеңестің экология комиссиясының төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Ю.Н.Щербак (ал комиссия төрағасы өзіміздің қазақстандық, ақын, мемлекет қайраткері К.Салықов болатын. Отансүйгіш азамат, әрине, Чернобыль апатын бастан кешіп, жантүршігерлік апат жайында кітап жазып жүрген орынбасарын қасіретті Семейге арнайы жіберген. Мамандығы дәрігер әріптесінің жаралы ел мүддесін бар даусымен қолдайтынын, әсілі, жете білген…) бірден-ақ бізді жақтап, сол ұстанымда күрестің ақырына дейін табанды тұрғанын айтуға тиіспіз. Бұл болса талқы кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарының семейліктерді жаппай қолдауына септігін тигізген.
Ғылыми қауым ортасынан да сенімді жақтастар шықты. КСРО ҒА-ның вице-президенті, ядро құпиясын зерттеу білгірі Е.П.Велихов Семейге екі мәрте келіп, сынақ алаңдарын ғана емес, оның төңірегіндегі ауыл-селоларды аралап, айықпас ауруға ұшыраған шерменде жандарды көрген соң-ақ ешқандай күмән-күдіксіз сынақты тоқтату қажеттігін талай жерде айтып, академия атынан да тиісті ұсыныстар жасаған. Тіпті екінші сапардан кейін бұл мәселені дереу шешуді талап етіп М.С.Горбачевке арнайы ұсыныс хат жолдағаны халықаралық зор беделге ие ғалымның адамгершілік биік сипатын танытса керек. Кешірім Бозтайұлы “Семей полигоны” кітабында Евгений Павлович Велиховпен жақын танысып, Мәскеуге барған кезінде кабинетінде болып, Семейден де телефон соғып, қысылған сәтте нақты көмек, ақыл-кеңес алғанын сүйсіне жазып: “Ол кісіде шынайы ғалымдарға тән адамгершілік парасат бар еді…” – дейді.
Тоқ етерін айтқанда, 1989 жылдың ақпан айында құпия жеделхат жолдаумен басталған семейліктер күресі үшінші жылда ашық тайталасқа көшіп, басында бізге ерік бермеген әскерилер келесі жарылысты жасау үшін енді жергілікті халықтан келісім сұрайтын болды, сынақ жиілігін ұзартуға келісіп, ал біржолата тоқтатуды 1993 жылдың қаңтарына қалдырған-ды.
Тегеуірінді уақыт бұл тайталасқа өзгеше шешім жасады. Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда-ақ Президент Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында, яғни Абай еліне 1949 жылы тұңғыш жарылыс жасағанына 42 жыл толған күні Семей полигонын жабу жөнінде тарихи Жарлық жариялады. Содан бері біз асты-үстімізді дүңкілдеткен мазасыз дүмпуді ұмытып, бейғам ұйықтайтын болдық. Бірақ, ұзақ жылдар жанымызды күйзелткен дертіміз бойымызда қалды…
Кешірім Бозтайұлының Семей облысындағы жеті жылдық өрелі жұмысының айтулы бір кезеңі, мұны, сірә, ең соңғысы десек те рауа, 1928 жылы шаңырақ көтеріп, 1955 жылдың қаңтарында таратылған Абыралы ауданын қайта құрумен байланысты. Бұл істі ол 1990 жылдық көктемінде бастап, желтоқсанның 16 жаңасында осы мәселе жайында Қазақстан Парламенті арнайы қарар қабылдауына мұрындық болғаны – тарихи шындық. Шынтуайтын айтқанда, Абыралы жанкүйерлері үшін бұл іс те оңайға түскен жоқ. Жылға жақын уақыт бұрынғы аудан жерінде, Семейде, Алматыда пәрменді күрес (сол үшін “Егемен Қазақстан” газетінің бетін де оншақты мәрте қажетімізге асырғанымызды ескерту парыз) жүргізуге тура келді. Әлбетте соның бүге-шігесін тарқату – ұзақ әңгіме. Бұл жерде тоқ етерін айтсақ – облыс басшысы азып-тозған елдің шаңырағын қайта көтеруге қажет көмектің бәрін де жасады: аудан орталығы Қайнар елді мекеніне дейінгі жүз шақырымға асфальт жол салғызды, қаншама құрылыс жұмыстарын жүргізді, жаңадан үш шаруашылық ашқызды. Нәтижесінде бір кезде босып кеткен ел туған жеріне қайыра көшіп келе бастады… Амал қанша, соның бәрін тұтқиылдан келген нарық заманы тып-типыл жоқ етті. Қазірде жеті шаруашылықтың кейбірінің орнынан қаңырайған бос үйлерді ғана көресіз…
* * *
Тегінде қандай да іске әділ өлшеуіш – Уақыт. Кешірім Бозтайұлының туған еліндегі жеті жылдық іргелі жұмысы тарихи өлшеммен шамалағанда аса көп мерзім емес, ал ғасырлар көшінде бұл қас-қағым сәт. Сөйтсе де, елім деп еңіреген азаматтың сол уақытта қаншама игі істер істеп, жұрт жадында өшпес, өлмес ерлік жасағанын мойындау шарт. Жалғыз сарбаз – майданға шыға алмайды, шықса да еңбегі еш… дейтін уәж бар. Бұл ретте ол ақылмен толғап бастай білсең – жалғыз болмай, соңына қалың елді ертіп үлкен күшке айналатынын ол қысқа ғұмырында (Кешірім Бозтайұлы 66 жасында, өзі жанталаса күрескен ядролық полигон туғызған бейдауа дерттен 1999 жылдың тамызында екі-ақ ай ауырып, опат болды) айқын дәлелдеп кетті.
Әділдік үшін де өз уәжімізді емес, қарсы топтың мықты өкілі, ең алғашқы ядролық қаруды жасаушылардың бірі, КСРО-ның Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Еңбек Ері В.И.Жучихиннің “Семей полигоны” кітабын оқыған соң К.Бозтаевқа жолдаған наразылық хатынан шағын үзінді келтіреміз: “Екінші сынаққа… обкомның бірінші хатшысын (М.П.Карпенконы айтып отыр – М.С.), облатком мен МХК-нің төрағасын шақырдық (фамилияларын ұмыттым: хатшы – украиндық, ал ана екеуі – қазақ). Сынақ ойдағыдай өткен соң олар тікұшақпен Курчатовқа аттанған. Екі сағаттан кейін келсем – жоғары лауазымды әлгі үшеуінің де масайғаны сонша тілдері күрмеліп қалыпты, солардың масқара кейпін қазір де жиіркенішпен еске аламын… Ал, сіз, Кешірім Бозтайұлы, әскерилер зақымдаған жерде бірде-бір дәрігерлік тұрақ салған жоқ деп бізге кінә артасыз. Аурухананы ойлайтын әлгі үшеуі ме?.. Шындығында қалыптасқан ауыр жағдаятты мұқият тексеруден кейін біз облыстық аурухананы жөндеуге қомақты қаржы бөлгенбіз, бірақ солар мүдделі жерге жеткен жоқ, қайда кеткені беймәлім. Ал ауруханалардың мүшкіл халі Сіз келгенше өзгерген жоқ…”
Ортамызда жүрсе биыл ол жетпіске келер еді. Тәубе делік, туған елі Кешірім секілді заңғар азаматының қарақан басын қатерге тігіп жасаған ерлігін ұмытқан жоқ. Марқұмның Кеңсайдағы (Алматы) зиратының басына Ертіс жағасынан апарылған еңселі құлпытаста терең мағыналы: “СЕМЕЙ ЕЛІ САҒАН РИЗА!” деген төрт-ақ сөз жазылған. Ал қара түсті габро тастың ортаңғысына аспанға шудаланып көтерілген саңырауқұлақ іспетті ажал бұлты, оның астына жан ұшырып атой салған ашулы дала тұрғындары кескінделген. Меніңше, осы құлпытасты шабушы семейлік мүсінші, зардап шеккен Абыралы ауданының тумасы Балтабек Орынбаев ініміз ел еңсесін көтере білген қайраткер азамат тұлғасын айтарлықтай дәл, әсірелеусіз нақты бейнелей білген.
Медеу СӘРСЕКЕ,жазушы.
СЕМЕЙ.
28 қаңтар, 2004 жыл.