Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жарияланды. Бұл заң шетелден атажұртына көшіп келген қандастарымыз үшін де сүйінші жаңалық болды.
Нақтырақ айтқанда, аталған заңның жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеуге арналған 13-тармағына жаңадан 18-тармақша қосылып, онда «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі» деген бір сөйлем қосылды. Әсіресе, Моңғолиядан келген ағайынның бұл өзгерісті ақжарма қуанышқа балайтын себебі бар. 1994 жылы 2 желтоқсанда Қазақстан мен Моңғолия азаматтарын еңбек шарты бойынша жұмысқа қатыстыру туралы екі ел Үкіметі арасында келісім жасалған-ды. Алайда 20 жылдық уағда 2014 жылы 31 желтоқсанда жойылады. Сөйтіп, Моңғолиядан келген қандастарымыздың өздері келген еліндегі еңбек өтілдері есептелмей, зейнетке шыққанда ең төменгі жәрдемақы тағайындалады. Яғни елімізде қолданыстағы заң бойынша зейнетке шығу үшін қызметкер кемінде 33 жыл жұмыс істеген болуы шарт.
2014-2018 жылдар аралығында еңбектері есептелмей қалған қандастарымызды іздей бастағанымызда, олардың ұзын саны 500-ден асатынын білдік. Соның бірі Моңғолиядан 1992 жылы тарихи отанына оралған экономист Азамат Қағибат есімді азамат. Моңғолияда мемлекеттік қызметте 21 жыл жұмыс істеген қандасымыз қазақ жеріне келген соң да өз саласы бойынша тер төгеді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 25 жыл ұстаздық еткен ол, 2015 жылы бар-жоғы 13 300 теңгемен зейнетке шығады. «Сол кездегі заң бойынша ер-азаматтар қоғамға кемінде 25 жыл еңбек еткен болуы шарт екен. Ал маған небәрі 5 жыл 8 ай еңбек өтілі ғана саналып, 13 300 теңге зейнетақы тағайындалды. Бұл қартайған адам үшін тым мардымсыз қаражат. Алатын бір қорап дәріңе де жетпейді. Зейнетақың 28 мың теңгеге жетпесе несие де бермейді екен» деп кейіген зейнеткер таяуда Елбасы қол қойған заңның үлкен әлеуметтік мәселені шешіп отырғанын жеткізді.
Тағы бір мысал, Моңғолиядан 2007 жылы Қазақстанға біржола қоныс аударған Күшай Терлікбай білім беру саласында 30 жыл тұрақты жұмыс істеген. Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінде ұстаздық еткен мұғалім 2016 жылы небәрі 9 200 теңгемен зейнетке шығыпты. «Үздік ұстаз» республикалық байқауының жеңімпазы өзіне ешқандай еңбек өтілі есептелмегенін айтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, қабылданған заңнамалық түзетулерді іске асыру мақсатында министр бұйрығының жобасы әзірленген. Жоба осы жылдың ақпан айында әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жолданбақ. Ең маңыздысы жаңа заңға сай еңбек өтілі есептелмей қалған зейнеткерлер бұрын ұсынған құжаттарын толықтыратын 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі туралы қосымша құжаттарын қосып, қайтадан зейнетақы мөлшерін өзгерту өтінішін берген жағдайда сол күннен бастап уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылады. Ал былайғы ағайын екі елдегі еңбек өтілдерін есептетіп, зейнетақысын толық алуға мүмкіндіктері бар.
Көші-қон саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Павлодар облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары үйлестіру басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Мұхит Жақсылықұлы екі ел арасындағы келісім бұзылған бес жылдай уақытта көштің едәуір кешеуілдеп қалғанын айтады. «Бұл жағдай осы аралықта Моңғолиядан келетін қазақ көшінің тоқырауына себеп болды. Өйткені ақсақалына қараған қазақ ауыл басы келмесе тұрақтап та тұра алмайды. Мен мұны осы салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибемнен білемін. Енді келген ағайынның барлығы Елбасына шексіз разы болып жатыр» дейді ол.
Өткен жылы қандастарымыз үшін жағымды жаңалықтар мұнымен толастаған жоқ. Былтыр шілде айында ғана оң өзгерістермен толыққан «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға тағы да тың нормалар енбек. Бұл туралы осы істің басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман толығырақ түсіндіріп берді. «Көші-қон саясаты жетілдіріле түсуде. 2015 жылы қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, шетелден келген ағайындардың азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен бір жылдың ішінде алуына рұқсат етілген еді. Бірақ бір жылдың ішіне оралмандардың көпшілігі құжаттарын түрлі себептермен дайындап үлгермегендіктен, бес жылға дейін күтуге мәжбүр болды. Солардың өтінішімен шілде айында олардың оралман куәлігінің мерзімі тағы үш айға ұзартылды, яғни олар алты айдың ішінде жергілікті атқарушы органдарға өтініш берсе болғаны, бес жыл бойы сарсаңға түспейді. Мен сол заң жобаларына жетекшілік жасадым. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қонға байланысты жаңа заң жобасын дайындап жатыр. Ол Үкіметте қаралып, мамыр айында Парламентке келеді деп күтіп отырмыз. Ағайындар «оралман куәлігі» мен Қазақстан азаматтығын алу үшін екі мәрте құжат тапсырып жүр. Әуре-сарсаңды жою үшін жаңа заңда екеуіне бір-ақ рет құжат тапсыру көзделіп отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге де мол мүмкіндік болмақ. Сосын шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп визасыз және Қазақстан азаматтығын алмай-ақ жұмыс істеуіне, бизнесін ашуға жағдай жасайтын нормалар қарастырылатын болады. Осы нормалар заңға енеді деп министрлік өкілдері қуантып отыр. Мұны біз – депутаттар тек құптаймыз» дейді халық қалаулысы.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»