Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қытай Халық Республикасы елшілігінің Алматы қаласындағы Бас консулдығымен бірлескен қытайдың танымал халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық фотокөрме ашылды. Салтанатты шарада Мемлекеттік орталық музей директорының ғылыми жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы қытай композиторының өмір жолы мен шығармашылық еңбегі туралы сөз сөйледі. Өз кезегінде Қытай Халық Республикасы елшілігінің Алматы қаласындағы білім және ғылым жөніндегі консулы Ми Гуйсюн музей ұжымына ыстық ықыласын, ризашылық сезімін білдірді.
Халық музыканты, педагог, композитор, шебер пианиношы, ғажайып дирижер Сянь Синхай 250-ден астам музыкалық шығармалардың авторы саналады. Оның сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арналған сюиталар, рапсодия, скрипка мен пианиноға арналған көптеген соло және ансамбльдік туындылар бар екенін айта кеткен жөн. Композитор өз шығармаларында Ұлы Қытай революциясының шындығы мен ұлт бостандығын терең бейнелеген. Сондықтан да сазгердің музыкалық шығармалары ұлттық өрнегімен, түпнұсқалық айна-қатесіз құндылығымен ерекшеленеді. Ол жас кезінде Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, одан соң Шанхай консерваториясында дәріс алады. 1929 жылы Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға қайта оралып антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысады. 1938 жылы Синхай Қытай революциясының қасиетті мекені Яньаньға келіп, одан Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалады. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болып есептеледі: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туындылары «Сары өзен», «Еңбек туралы», «18 қыркүйек туралы» кантаталарын және «Қарсы шабуыл», «Халықаралық әйелдер күні», «Жойылсын Ван Цзинвэй» секілді патриоттық рухтағы музыкалық шығармаларын өмірге әкеледі.
1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына Мәскеуге жіберілді, сол жерде «Ұлт азаттығы» деп аталатын бірінші симфониясын жазып, аяқтады. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Алматыға көшіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы мен «Қытай рапсодиясы» сюитасын, қазақ батыры туралы «Амангелді Иманов» атты поэмасын жазады. Бұған қоса ол сол жылдары екі ел арасындағы мәдени елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдейді.
Қазақстан – Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылғы 7 қазанда Алматы қаласындағы көшелердің біріне Сянь Синхай атауы беріліп, сол жерде қытай сазгерінің құрметіне ескерткіш орнатылды. Ескерткіш тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай – Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады» деп жазылған. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері аталмыш сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» атты деректі фильм түсірген еді. Ал соңғы уақытта қолға алынып, екі ел кинематографистері бірлесіп түсіріп жатқан «Композитор» фильмінің жобасы да Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достыққа арналған. Қазақстанда шығарманың кіріспесі жасалған фильмнің жалғасы қазір Яньан қаласында түсірілу үстінде. Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек сияқты танымал қазақ актерлері сомдайды. «Композитор» фильмінің продюсері Шэнь Цзиян: «Бас кейіпкер Сянь Синхайдың рөлін елдегі танымал актер Ху Чжунь ойнайды. Актеріміздің өзі де композитор отбасында туып-өскендіктен, тұлғалы сазгеріміздің жан дүниесін жақсы түсінеді, бейнесін айшықты көрсете біледі ғой деп ойлаймын», деді.
Көрме экспозициясында сондай-ақ композитордың Парижде оқыған жылдарын бейнелейтін фотосуреттер, пролетарлық-музыкалық мәдени шараларға қатысқан әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық суреттерден тұратын 60-қа жуық деректі құжат қойылған. Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған оқу құралдары, әр жылдар бедерінде қағазға түсірген музыкалық шығармаларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамов отбасылары арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін өзге де деректі фотолар келушілерді қызықтырмай қоймайды.
Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,
Мемлекеттік орталық музейдің қызметкері
АЛМАТЫ