• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2012

Созақ көтерілісі: аңыз бен ақиқат

3073 рет
көрсетілді

Созақ көтерілісі: аңыз бен ақиқат

Дүйсенбі, 10 желтоқсан 2012 0:37

Қарадан хан сайлап, жан-жағын сығымдаған торды жарып шығуға талпынған жалаңаш батырлар көтерілістің түбі жеңіліске ұшырайтынын білсе де неге алған бетінен қайтпады?

Осы көтеріліс туралы республикада алғашқылардың бірі болып үн қатқан белгілі тарихшы Талас Омарбеков: “Созақ көтерілісіне тарих қандай баға берді? Оның сипаты, мақсаты қандай? Қозғаушы күштері кімдер? – деген тәрізді шым-шытырық сұрақтар қазіргі тарихшыларды мазалап отыр. Бұл көтеріліс жайлы жас ұрпақ әлі күнге дейін хабарсыз. Өйткені, оның объективті де шынайы тарихы әлі толық жазылған жоқ”, дейді.

 

Дүйсенбі, 10 желтоқсан 2012 0:37

Қарадан хан сайлап, жан-жағын сығымдаған торды жарып шығуға талпынған жалаңаш батырлар көтерілістің түбі жеңіліске ұшырайтынын білсе де неге алған бетінен қайтпады?

Осы көтеріліс туралы республикада алғашқылардың бірі болып үн қатқан белгілі тарихшы Талас Омарбеков: “Созақ көтерілісіне тарих қандай баға берді? Оның сипаты, мақсаты қандай? Қозғаушы күштері кімдер? – деген тәрізді шым-шытырық сұрақтар қазіргі тарихшыларды мазалап отыр. Бұл көтеріліс жайлы жас ұрпақ әлі күнге дейін хабарсыз. Өйткені, оның объективті де шынайы тарихы әлі толық жазылған жоқ”, дейді.

Әрине, көтеріліс басшылары сол қырғында аман қалған жоқ. Құрамында шайқасқандардан қалғандары да бүгінде некен-саяқ. Бірақ, Созақтағы тарихқа жақын көзі ашық азаматтардың “себебін жақынырақ білсек-ау” деген, сол кезде көзі тірі көте­ріліс­шілерден мысқалдап жүріп жинап алған тарихи дерек­терінің көп екендігіне сүйсінуге болады.

Созақ көтерілісі жайлы Талас Омарбековтен бөлек Мұхамед­жан Рүстемов, Жақсы­лық Рсым­беков, Сүлеймен Тәбірізұлы, Дулат Тұрантегі, Жарылқасын Боранбаев, Өтеш Қырғызбаев секілді азаматтар жазды. Осындағы еңбектерді елекке алсақ, сонау күштеп ұжымдастыру кезіндегі сорақылық­тар андағайлап шыға келеді.

Бай, құлақ дейтіндердің бәрі толық кәмпескеленген. Ауылда алдында бес-алты уақ малы, бірер ірі қарасы бар, тамағын әрең айырып отырған жұрт қалды. Бірақ, осының өзі 1925-1931 жылдар аралығында Қазақ өлкелік партия комитетіне жетекші болған, жұрт “қу жақ” деп атаған П.И.Голо­щекиннің көзіне күйік болғанға ұқсайды.

1929 жылы қарашада БК(б)П Орталық комитетінің пленумында шаруаларды еріксіз тездетіп ұжымдастыру мәселесі күн тәртібіне қойылады да арнаулы қаулы қабылданады. “Мен біздегі колхоз қозғалысы КСРО-ның өзге аймақтарымен салыстырғанда баяу жүретін болады деген пікір естідім. Мен мұндай пікірді теріс деп есептеймін”, дейді Голощекин. Ал арада бір жыл өткен соң, 1930 жылғы қаңтар айында “біз колхоз құрылысының қарқыны жағынан Одақтың ең озық аймақтарынан тіпті де артта қалып отырған жоқпыз”, деп масаттана мәлімдеген.

Ұлы қазақ даласын жұт жайлайтын, халқы ақсөңке болып қырылатын зұлмат­тың жақындап келе жатқанын сол уақыт­тарда ұлт зиялылары біліп, жанайқайын салады. Бірақ, оны тыңдарға құлақ қайда?

Созаққа барған сапарларымызда көзі ашық, көкірегі ояу азамат Сүлеймен Тәбірізұлы ақсақалмен әнгімелесіп тұра­мыз. Көтерілісшілермен көп әңгімелескен, көп зерттеген Сүлеймен ағамыз Қазақ­стандағы ірі наразы­лықтардың, бас көтерулердің басында алашорда азамат­тары, бүгінде ұлт мақтанышы болып отырған қайраткер­леріміздің болғанын айтқан.

Бірақ, көтеріліс пісіп-жетілгенше ел ішіндегі жансыздар жоға­рыға хабарлап, алдын кесу үшін жазалаушы отряд шығарып отырған.

“Егер тарихи әділеттікке жүгінсек, қа­зақтың соңғы ханы Аллаху деп ұран салып, басында жүрген, көтеріліске тартылған үш жүздің баласы ақ киізге салып хан көтерген Сұлтанбек Шалақов. Бұл бір ақиқат болса, екіншісі көтерілістің дем берушісі – ала­ш­­ор­дашылар. Ұлт зиялылары Қазақстанды шарпыған барша бас көтерулердің басын қоса алмай қапыда қалды. Кейін оларға “пәлен мемлекеттің тыңшысы, пәлен мем­ле­кеттің жансызы” деген айыптаулар та­ғыл­ған. Қазақтың қамын жеген ерлердің Кеңес өкіметіне қарсы мемлекеттерден одақ­тас іздегені рас еді”, деген болжамын айтады.

Мұның ақиқатын анық айту тарихшы­лары­мыздың еншісінде дегенімізбен, ел ішіндегі азаматтың айтқаны қисынсыз еді деуге тағы болмайды.

Қалай дегенде де 1930 жылғы Созақтағы көтеріліс бостандыққа ұмтылған, әбден аяусыз қаналған, кеңестік жүйенің озбырлығын мейлінше тартқан халықтың наразылық үні еді. Мал-мүлкі талауға түсіп, түрлі салықтар әбден титықтатқан халықтың өлсек, жас­тығымызды ала жатайық, деген жанайқайы, кетіп бара жатқан кегі, намысы еді.

Көтерілістің жай-жапсары  жазушы, созақтық Өтеш Қырғызбаевтың “Созақ көтерілісі” кітабында әңгіме болады.

Көтеріліс стихиялы түрде емес, алдында әлденеше рет жасырын кездесіп, қимылдарын келісіп барып болған. Хан етіп Сұлтанбек Шалақов ақ киізге көтеріледі. Ханның дін істері жөніндегі уәзірі болып Асадулла (лақап аты Ауған тәуіп) Ыбырайымұлы, әскер істері жөніндегі бас уәзірі әрі сардары болып Сағындық Шілмам­бетұлы сайланды. Діни істердің найбы болып Өтеміс Досжан Әжіұлы, уәзірлердің көмекшісі, орынбасары болып Базыкеннің Мырзахметі, қазының бірі болып әрі ақ ту иесі, ту ұстаушы болып Әлібайұлы Иманбек сайланды. Бәрі құт­пан намазын оқып, бет сипасып, айны­мас­қа ант етісті. Бұл бейсенбі күні екен. Ертең жұма…

Ертеңінде таң намазын оқысып, бір-біріне құтты болсын айтып, қалың топ атқа қонады. Ақпанның таңғы аязы бет қариды. Аттардың шабысы таудан ескен желді күшейтіп жібер­ген­дей. Төртке бөлініп қозғалған бұл топтың ұзын қарасы төрт жүзге жуық болатын. Көте­рі­лісшілер аллалап шауып, аудан басшылары Қ. Жүнісбеков, Д. Қаңлыбаев, уәкілі В. Шияв­цев, халық сотының судьясы А. Темірбеков, тергеуші А. Бегалиев, БК(б)П округтік комитетінің нұсқаушысы О. Шилібаев, комсомол комитетінің хатшысы, барлығы 18 адам өлтіріледі. Кеңселер өртеліп, құжаттар жойылады. Содан соң Сұлтанбек хан екі жүз адамды Шолаққор­ғанға аттандырып, Шолақ­қорған, Балдырсу, Қарабұлақ ауылдарында совет адамдарын тұтқындап, соққыға жығады. Олардың көбі бастарын ақ сұрыппен орап, көтерілісшілер жағына шығады.

Жазалаушы отрядтар тау асуы жолдарымен келетін болғандықтан Балықшы ата, Суындық, Торлан асуы бақылауға алынып, Салықбай мерген бастаған топ жықпыл-жықпылға кіріп, солдаттардың келер жолдарын аңдиды. Көтерілістің хабарын алдын-ала естіген ОГПУ қызметкері Тыныштықбаев Түркістан ОГПУ бастығы Абрамук және Шымкенттегі ОГПУ бастығы Журавлевпен сөйлесіп, жақсы қаруланған солдаттар алып, кері қайтады. Оларды 9 ақпанда Балықшы асуында Салықбай мерген тобы қарсы алып, Тыныштықбаевты атып түсіреді де, солдаттар қатты қарсылықтан кейін кері қайтады. Көтерілісшілердің дүмпуі Шымкент округтік комитеті, Түркістан, Ташкент әскери округі, Қызылорда, Әулиеата жағына түгел хабарланады, сақтық шаралары жүргізіледі.

Сонымен, азаттық үшін көтерілген, намыс қайраған ерлерді біржола жаныштау үшін әскери техникамен толық қаруланған, пулемет, зеңбірегі бар кеңес солдаттары жан-жақтан қыспаққа алады. Ол кезде ескі Созақ қаласының орны төрт қақпасы бар, мықты бекініс. 300-ге жуық көтеріліс­шілердің соңғы күші соған кіріп атыса бастайды.

Солдаттарға да керегі осы. Негізінен айыр, орақ, қылышпен қаруланған көтерілісшілерді алдымен артиллерия күшімен ұзақ атқылайды. Солдаттар “Дала базарын” жан-жағынан қоршап пулеметтен оқ жаудырады. Далада да, қалада да қырылған адамда есеп жоқ. Тон киген, тымақ киген адам көрсе “бандит” деп атуға бұйрық беріледі.

Көтеріліс осылайша талқандалады. Кеңес солдаттарының қаныпезерлігін, қалай жазалағанын көтеріліске қатысқан Тоғайұлы Әбдіқадыр ақсақалдың естелігінен тануға болады.

– Бәрімізді бір әуліге әкеліп қамады, – дейді ол. – Жиырма шақты адам болуымыз керек, жапа-тармағай бізді ата бастады. Алғашқы дүркінде құлағандардың астында қалдым. Бірақ, аманмын. Үсті-басыма қан ағып, жұрттың астында жатырмын. Бір кезде болды-ау деймін, тып-тыныш… Әлгілер тағы аралай бастады. Дем алмай жатырмын. Жа­ны­ма келіп темекі тартып алды. Темекінің күлі көзі­ме түсіп кетті. Сол кезде сыр бердім бе, най­засын сұғып қалып еді, қолыма кірді. Шы­да­дым. Өлген ғой деді. Біреуі шылымның қал­дығын тастап, өкшесінің нәлімен езе бастады. Бұл езіп тұрғаны менің көзім болатын (қарияның содан бір көзі ағып кеткен).

Жауынгерлер кеткеннен кейін үн қатқан, өзіндей тірі қалған Көмеш деген азаматпен түн қатып қашып шығады. “Екеуіміз өмір бойы айтпауға серт берістік. Енді, міне, айтуға болады дегеннен кейін сеніп, шер тарқатуға тура келді. Тісімнен шыққаны да осы”, депті шерлі қария, кешегі боздақтармен бірге жалаң қолмен дүние жүзіндегі ең ірі саяси жүйеге қарсы шыққан адам.

Көтеріліс басшысы, қарадан шыққан хан Сұлтанбек Шалақов “Дала базарда” жаңбырша жауған оқтан өлді делінсе, бір деректерде Қытай асқан делінеді. Оның да тарихы ашылар күн жетер. Ал тірі қалғандары аяусыз жазаланады. Айдаудан аман келген Салықбай мерген де бір түнде үйінен алып кетіліп, сотсыз атылады. Құралайды көзге атқан, аңның терісі бүлінеді деп артқы аяғынан ататын, Сібірде каторгада жүріп аңшы солдаттармен бірге аңға шығып, қалың тұтқындарға тамақ тауып берген мергенді сотсыз атқан милицияның кім екендігін Созақта білетіндер бар, бірақ отбасына обал болмасынды ойлайды екен. “Созақ ауданында 12-16 ақпан аралығында болған соғыста 126 бандит, 16 ақпандағы Созақ қыстағы үшін болған шайқаста 200 бандит жойылды да, қолында қаруы бар 200 белсенді бандит табанда атылды. Қолға түскен және оперативті іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде бандиттері, дем берушілері, үгітшілері, сондай-ақ барлаушылары бар – 389 адам тұтқындалды. Бандыларды жою барысында хан және оның ұйытқысы болған орталығы талқандалды. Созақ операциясының нәтижесінде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрімен атылатын қару, 100 шамалы суық қару қолға түсті.

Қаза болған, атылған бан­дит­тердің, контрреволюциялық қозғалысқа қатыс­қандардың, бандитизммен зардапталған аудандарда контрреволюциялық іс-әрекет жүргізген ірі байлар­дың дүние-мүліктерін, мал­дарын конфискелеуге дайын­дық жұмыстары жүргізіліп жатыр”, делінеді тарихи құжаттарға сүйеніп жазылған Мұхамеджан Рүстемовтің “Созақ қасіреті” кітабында. Қалай болғанда да хан штабы 2384 сарбазды топ­тастырып, 8-16 ақпан аралы­ғында соғысқан.

Созақ көтерілісі әлі де өз бағасын алған жоқ. Ел басына күн туғанда толарсағынан қан кешкен ерлердің ерлігі жайында ел әлі де аз біледі. Себебі, мәні ашылмағандықтан болар, олар­ды “зеңбірекке қылышпен, аэропланға құрықпен шапқан” деп әжуалағысы келетін тоң­мойындар әлі де ел ішінде кездеседі.

Әділдігіне келсек, ауыл ақ­сақалы, бірнеше тарихи кітап­тардың авторы, көтерілісшілер­дің тірі қалғандарымен жүзбе-жүз сөйлескен Сүлеймен Тә­біріз­ұлының Созақ көтерілісінде алашордашы­лар­дың, яғни ұлт қайраткерлерінің қолтаңбасы бар деген қисынымен келісуге де болады.

Әрине, айырмен қаруланған көтеріліс­шілер әскери қару-жарақпен мұздай қару­ланған кеңес әскеріне қарсы тұра алмас­тарын білді, бірақ ерді өлтіретін намыс, елдің кетіп бара жатқан кегі асыл ерлерді үйінде тыныш отырғыза алмаса керек.

Қазақстанда сол кездері 72 жерде ірі, 367 топтық, ұсақ қарсылықтар болған екен. Солардың ішінде ірісі болып тарихта қалған Созақ көтерілісіне қатысушылар ұлт қайраткерлері арқылы хабар алып, жалпы ұлттық қозғалысқа ұласатынына да сенген шығар.

Кейіннен қазақ халқын қынадай қырған 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін алдындағы қарулы қарсылық Кеңес өкіметінің арандатып отқа жығар жымысқы саясатына халықтың ашынғаны­нан көтерілгені екені айдан анық.

Ақырып теңдік сұрар ұлдары тұрғанда халықтың ноқтаға басы сыймайтындығын 1986 жылғы желтоқсандағы жастар қозғалысы да айқындап берді.

Кейбіреулер тәуелсіздік қазаққа оңай келді, бір оқ шығарылған жоқ дегісі келеді, расында түк те олай емес қой.

Сол Созақ көтерілісі кезінен кейін бұл өңір Кеңес өкіметінің картасында қызыл сызықпен қоршаулы тұрды. Небір айтулы ерлері болса да кешегі соғыста бұл ауданнан бірде бір Кеңес Одағының Батыры шыққан жоқ. Созақта туған білімдар азаматтардың басшылық қызметте жолы болмады. Тәуелсіздік келіп, тоң жібігенге дейін кеңестік 70 жыл ішінде Созақтың бірде-бір азаматы өз елінде де ел басқарарлық қызметке көтеріле алған жоқ.

Үлкен жүйе кіші халықтан қорықты. Тарихтың қайталануынан үрейленді.

…Бірақ, жалдамалы шежірешілер әр ауылдан тарихта аты жоқ батыр тауып, тайпаластары көк тіреген мазар соғып, ұлан-ғайыр ас беріп жатқанда біз көз алдымыздағы шоғы әлі сөнбеген оқиғаға баға беруге, шын ерлерімізді тануға әлі де марғаумыз.

Бақтияр ТАЙЖАН,“Егемен Қазақстан”.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 15 ақпан 2005 жыл.