“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының кезекті отырысы Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың басшылығымен өтті.
Отырыста “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер тұрғысында “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” мәселе бойынша фракцияның кеңейтілген жиналысына дайындық мәселесі талқыланды.
Сондай-ақ күн тәртібіне сәйкес, төралқа мүшелері Парламент Мәжілісі депутаттары – “Нұр Отан” ХДП фракциясы мүшелерінің 2010 жылдың 5-14 ақпаны аралығында ел Президентінің Жолдауын түсіндіру бойынша республика өңірлерінде атқарған жұмыстарының қорытындысын да қарады.
Фракция төрағасының орынбасары Владимир Нехорошев алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, фракция мүшелері 340-тан аса елді мекенді аралап, 100 мыңнан астам адамды қамтыған 800-дей кездесу өткізгенін мәлім етті.
Депутаттардың халықпен өткізген кездесулері “Нұр Отан” ХДП өңірлік филиалдарымен тығыз қарым-қатынаста ұйымдастырылды.
Партияның қоғамдық қабылдауында атқарылатын жұмыстарға да айрықша назар аударылып, осы кезең аралығында депутаттар тарапынан 1000-нан астам азаматтың арыз-өтініштері қаралғаны атап көрсетілді. Кейіннен депутаттық сауалдар арқылы тиісті республикалық құрылымдар деңгейінде шешу үшін бірнеше мәселелер бақылауға алынған.
Парламент Мәжілісіндегі баспасөз қызметі.