• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Қаңтар, 2019

«Депутаттың» тұсауы кесілді

465 рет
көрсетілді

Ұлттық Академиялық кітапханада «Депутат» энциклопедиясының тұсауы кесілді. Шараға Сауытбек Абдрахманов, Бақытжан Жұмағұлов, Ольга Шишигина сынды танымал тұлғалар мен сенат, мәжіліс, мәслихат депутаттары қатысты.

Аталған еңбек «Депутат» газетінің ұйымдастыруымен Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жарыққа шыққан. Бұдан бөлек, биыл – Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 25 жылдығы. Сондай-ақ жас буынға сенім сыйлаған жастар жылы екені мәлім. Энциклопедияның авторы әрі аталған газеттің бас редакторы бұл жинақтың осы қос тойы қабат келген қоғам мүшелері мен сол жастарға әрдайым үлгі болып жүрген аға толқынға арнаған сыйы екенін тілге тиек етті.

Кітаптың авторы Элмира Үсенқызының жинақты жарыққа шығару барысында басынан өткізген оқиғалары қатысушыларға ерекше әсер етті. Ол осыған дейін «Тәуелсіздікке 25 жыл» энциклопедиясын құрастырған. «Кітапқа қаржы мен қор жинап жүргенде  хауызда аяғым тайып құлап, бас-дене жарақатын алдым. Ойымда ойластырып қойған дүниелерім түгілі телефонымның кодын ұмытып қалдым. 1 ай бойы төсек тартып жаттым. Бар күшімді жинап, аяққа тұрған соң, жинақты жарыққа шығарам деген уәдемді орындауға бел будым. Газетіміздің барлық ұжымы жұмыла іске кірісті. Жазылып біткенде оны шығаруға демеуші іздей бастадық. Өйткені оған жинаған қаражатымды емделуге жұмсаған едім. Мен табан тоздырмаған табалдырық қалмады. Үміт оты сөнді. Сол сәтте Солтүстіктен үн естілді. Ол – Алтынбек Сейпілұлының қолдауы еді», дейді автор. Кітап Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, «Ноғайбай» ЖШС директоры, «Жыл меценаты – 2018» номинациясының иегері А. Сейпілұлының демеушілігімен шығарылған.

Белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абрахманов кітаптың лентасын қиды. Сондағы сөйлеген сөзінде: «Атқамінер азаматтардың, әсіресе осы билік пен халықтың арасында алтын көпір болып жүрген депутаттар төңірегінде қиғаш пікірлер жиілеп кетті. Ал шын мәнінде мемлекеттік қызмет – ауыр міндет. Осындай ортада тер төгіп жүрген жандардың еңбегін елеп, бір жинаққа басын қосу – үлкен жұмыс. Өзі де жолы ауыр кітап болған екен. Жалпы жазудың, басудың, жарыққа шығарудың қандай болатынын білемін. Сондықтан бағалаймын», дей келе, авторға табыс тіледі.

Ал өз кезегінде Бақытжан Жұмағұлов жинақтың жарыққа шығуына атсалысқан барлық жас ұжымға және арнайы демеушіге алғыс айтты.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»