Қызылордада инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев айтып берді.
«Бүгін арнайы операция барысында ІІМ Криминалдық полиция департаментінің жедел қызметкерлері Қызылордадағы жеке үйлердің бірінде «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторы Ерлан Балғабекұлы Нұрғалиевтің өліміне қатысты үш күдіктіні ұстады», - деп хабарлады Садубаев.
Қазір дәлелдерді жинау мен бекітуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, 15 қаңтарда № 1 қалалық ауруханада «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларының бірі қайтыс болды, оған осы жылдың 13 қаңтарында өзінің әріптесімен бірге Қарағанды облысының аумағында қызметтік міндеттерін атқару кезінде браконьерлер тарапынан шабуыл жасалды.