Кезінде көмір өндірісіне талай майталман маманды даярлауымен атақты Қарағанды тау-кен техникумының, бүгінгі политехникалық колледждің жетекшісі Зекен Рахимовпен әңгімелесу сәтінде шамасы төрт-бес жасар бір балақан кіріп келді. Әлгінде салмақты Зәкең әп-сәтте абыр-сабыр болып, еріп сала берді. Құшағына құшып, бетінен сүйіп:
− Кімнің баласысың? – деді.
− Аталардың баласымын.
− Аталарыңның аты кім?
− Әбдір, Сәрсен, Сәдірбек, Нүркен!
Құлақ елең ете қалды. Жауабы қызықтырды.
– Батыр ағамыздың кіші шөбересі бұл. Маған туған жиен әрі. Бауыздау құдам Әукеңнің немересі, – деп таныстырылды.
Әукең − Әбубәкір Әбдіров алыс-жақынға белгілі кісі. Әсіресе, қарағандылықтардың көбі жақсы біледі. Ұзақ жыл қоғамдық тәртіпті сақтау, тыныштықты қорғау жолында жұмысты жұмылдырған адам. Қаланың беймазалау аймағы Майқұдықты көзге қораш етпеуге сіңірген еңбегі ел есінде. Кеудесі марапат белгілерге толы, полковник шенінде жетпістің жотасына шыққалы отырған ардақты азамат.
Ең бастысы Нүркен батырдың ет бауыр інісі тұрғысында жұрт көңіліне одан сайын жылы. Даңқты ағасына шексіз құрметімен, қастерін асыруға ыстық ынта-ықыласымен сүйінішті жан.
«Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген осы-ау шығар. Бір байқағаннан батылдығы, зеректігі сүйкімді Дәулет есімді ботақан Әбдірдің қара шаңырағын сақтап қалған Сәрсенінен тамыр жайған бұтақ екен. Әукең әкеден жалғыз ұл, өзінен екі ұл болса, екеуінен атұстар немерелер сүю жазыпты. Кішісі әлгі саңқылдаған жеткіншек.
Және бір ғажабы, Дәулет Нүркен атасының әйгілі ерлігін жасаған күнге тұспа-тұс дүниеге келген. 1942 жылы 19 желтоқсанда Сталинград майданы шебіне ентелеген танктерді жою үшін әуеге көтеріліп, тапсырманы орындау кезінде жалын шарпыған ұшағын жау күші шоғырланған тұсқа бағыттап, қаһармандықпен қаза тапқан болатын батыр. Сәйкестік пе, Жаратушы ие жазуы ма! Қыршын кеткен қыран аруағын жаңғыртуға Алла тағала ықыласы түсуі ме дейсің.
– Мен әкем Сәрсен 49 жасында өзі еңбек ететін шахтадағы апатта опат болған соң Бағжан әженің баурында өстім. Әжем ағалы-інілі үшеуден қалған жалғыз тұқым екенімді айтып, қара шаңырақты сақтауыма жеткізуді, ұрпақты болуымды тілейтін жарықтық. Бүгінде ақ тілеуін бізге беріп, әулетіміз кеңейді. Адам өзінің соңынан ерген ұрпаққа қарап көңіл жұбатар, ошақ оты өшпеуіне үміт етер ғой. Даниярыма тиген қара шаңырақтың шырағын Дәулетім де жарқыратар деп тәубе етемін іштей, – дейді Әукең.
Биыл жазда Нүркен батырдың туғанына 100 жыл толады. Үзілмеген ұрпақ, сөнбеген шырақ бар. Демек батыр рухы жасай береді.
Айқын НЕСІПБАЙ
Қарағанды