Шымкент шаһарының «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» музейі екі жылдан бері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасын жемісті жүзеге асырып келеді. Небір мәнді де мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Осы жоба аясында майданда және тылда, ауған соғысында, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында алуан түрлі салада ерен еңбектің, ізденістің үлгісін көрсеткен тұлғалармен «Сәрсенбілік сырласу сағаттары» шарасы өткізіліп тұрады.
16 қаңтар күні энергетика саласында ерекше еңбек сіңіріп жүрген, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде танылған, жауапты басшы қызметтер атқарып келе жатқан атпал азамат, меценат, зиялы да зияткер тұлға Пердебай Сәбитовпен «Ұлтжандылық Шерхан Мұртазадан жұққан» деген тақырыпта сырласу сағаты болды. Аталмыш басқосуға ақын-жазушылар, журналистер, ардагерлер, басқа да зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері шақырылды. Жаңадан салынған қосымша ғимаратта өткен сырласу сағатын музей меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова мен жазушы Мархабат Байғұт жүргізді.
«Сәрсенбілік сырласудың» бас кейіпкері Пердебай Сәбитов пен оның зайыбы Қарлыға Иманбекова ашық та бүкпесіз сыр шертті. Қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Бұл жүздесудің және бір ерекшелігі Шерхан Мұртаза мен Тұтқабай Иманбеков туралы естеліктер айтылды. Ардагерлер Байдулла Қонысбек, Нармахан Бегалыұлы, Ерғали Жүсіпбеков, Шерім Медеуов, Жолдыбай Ендібаев, Жеңісбек Мәуленқұлов, Исамуддин Рысбай және басқалар ұлтымыздың біртуар перзенті Шерхан Мұртаза мен жазушы Тұтқабай Иманбекұлы туралы, солардың белсенді оқырманы әрі кітаптарын шығаруға демеушілік жасайтын Пердебай Сәбитов жөнінде тартымды әңгімеледі.
Нұрсұлтан Ахилбеков,
музей қызметкері