• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қаңтар, 2019

Салықтан жалтарғандармен күрес күшейтіледі

557 рет
көрсетілді

Шымкент қаласы бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша кеңейтілген жиында кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандарға бақылау күшейтіліп, көлеңкелі экономикамен күресті белсенді жүргізу тапсырылды. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін алдағы үш жылда дотациялық аймақтан донорлы аймаққа айналуы қажет» деп айтып өтті.

Шымкент қаласы бойын­ша Мемле­кеттік кірістер депар­таментінің басшысы Нұ­ралхан Көшеровтің айтуынша, өткен жылға салықтық төлемдер бойынша бе­кі­тіл­ген жоспар 73 млрд теңге болса, нақты 78 млрд теңге түскен. 2017 жылмен са­лыс­­тырғанда түсімдер 9,7 млрд теңгеге ар­тығымен түскен.

Кездесуде көлеңкелі экономикамен кү­ресіп, салық түсімін арттыру, барлық кә­сіп­­кер­лердің жалдамалы жұмыс­шы­ла­рын тір­кетіп, олардың табыстарын шынайылыққа келтіру мәселесі әңгіме бол­ды. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылары үшін төле­нетін әлеуметтік, жеке табыс салықтарын ұлғайту, кәсіп­керлік мақсатта пайдаланып отырған нысандардың ба­ғалау құндарына қайта ба­ғ­алау жұ­мыстарын ұйым­дас­тырып, мүлік салығының түсімін арт­тыруға баса назар аударылды.

Қазіргі таңда қалада 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Осы кәсіп­керлік субъектілерінен 2018 жылға мемлекеттік бюд­жетке 22,6 млрд теңге түс­кен немесе жалпы түсімнің көр­­сеткіші – 15,8 пайыз ғана болған. Сондай-ақ мүлік салы­ғынан жалтару үшін кәсіп­керлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны ай­тарлықтай аз көрсетілген. Осы орайда департамент басшысы кәсіпкерлерді бір ай мер­зім ішінде нақты табыстарын көрсетіп, қосымша салық есеп­тіліктерін тапсыруға үндеді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»