Таяуда Оскаров ауданында жұмыс сапарымен болған облыс басшысы Ерлан Қошанов өңірдегі барлық интернаттардың жөндеуден өткенін мәлімдеді.
– Президенттің тапсырмасы бойынша облысымыздағы интернаттардың барлығын қалпына келтірдік. Олар көптен бері жөндеуді қажет еткен болатын, сондықтан біз бірінші кезекте осы мәселеге көңіл аудардық, – деді Е.Қошанов.
Қарағанды облысында орта мектептер жанында барлығы 21 интернат жұмыс істейді. Бүгінгі күнде олардың 12-сі күрделі жөндеуден, қалғаны ағымдағы жөндеуден өткен.
Осакаров ауданында болғанында облыс басшысы №12 жалпы білім беру мектебінің жанындағы интернаттың тыныс-тірлігімен танысты. Осыдан бір жыл бұрын апаттық жағдайда болған мекемеге қазір 114 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл қаражат шатырды толығымен ауыстыруға, электр, жылу жүйелерін, сантехниканы, есіктерді жаңартып, энергия үнемдейтін пластик терезелерді орнатып, сатыларды жөндеп, кіреберісті қалпына келтіруге, сондай-ақ ас үй, демалыс бөлмелеріне және оқушылар тұратын жатын бөлмелерге жиһаз алуға толығымен жетіпті.
– Бұл жерде менің үш балам тұрып жатыр. Қазір көңілімде алаң жоқ, себебі мұнда үйдегідей жағдай жасалған. Ғимарат жайлы және жылы. Өскелең ұрпаққа үлкен көңіл бөліп жатқаны үшін Президентімізге алғысымды білдіремін, – дейді интернат оқушысының анасы Оксана Ковалева ағынан жарылып.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы