Бүгінде еліміздегі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жүктеген өзекті әрі күрмеулі мәселелердің бірі. Аталған заң жобасы білім беру ұйымдарының құқықтары мен кепілдіктерін, педагогикалық және ғылыми жұмыстарын жүзеге асыруды, сондай-ақ білім беру деңгейінің, меншік нысандарының, білім беру ұйымдарының типі мен түрлеріне қарамастан мемлекеттік, қоғамдық қолдау және тану шараларын жүзеге асыруды қамтитын мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған. Таяуда қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың елеулі бөлігін Білім және ғылым министрлігі де бір електен өткізді. Әрине осыған дейін қордаланып қалған түйткілдердің түйінін тарқатуға жаңа заң жобасы қауқарлы болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселені егжей-тегжейлі пысықтап алған жөн.
Барлық мұғалімдер қауымы Елбасының биылғы Жолдауында Білім және ғылым министрлігіне тапсырған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасынан үлкен үміт күтеді. Мәселен «Білім туралы» заңда педагогтардың мәртебесі мен құқықтары жан-жақты қорғалып, жазылған. Бірақ жаңадан әзірленіп жатқан заң жобасында ұстаз мәртебесінен гөрі, білім саласының айналасындағы толып жатқан нұсқаулық, ережелердің тармақтары басымдау көрінеді. Сондықтан педагогтардың мәртебесі туралы заң жобасы жіті қадағаланып, ұстаз, ата-ана, оқушы үштігінің ортақ құқықтары мен талап-тілектері толық ескеріледі деп ойлаймын. Ең бастысы, жаңа заң қысқа да нұсқа жазылып, онда ағартушылықпен айналысатын жандардың мәртебесі мен құқықтары қорғалуы керек.
Осылайша Президент тапсырмасымен қолға алынған білім саласындағы бұл реформа оң жалғасын табады деп сенемін. Негізінен жаңадан қабылданатын заң мұғалімдер қауымын жаңа сатыға шығаратын тетік болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде айтып өткендей, бұдан былай мұғалімнің міндетіне кірмейтін функциялар көлемінің артық болуы аталған заң аясында оң шешімін табуы шарт. Олай етпеген жағдайда ай сайын қажетті деңгейдегі ақыға қол жеткізу үшін мұғалімдердің шектен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлігі, көптеген жеңілдік пен кепілдемені алудың қиындығы еш шешімін таба алмайды.
Сондай-ақ педагог мамандығына ер адамдардың бармауы, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында, ағылшын тілі және тағы басқа нақты мамандықта сабақ беретін ұстаздардың жетіспеушілігі мен еңбекақының төмендігі де жаңа заң негізінде жақсы жетістіктерге бастауы тиіс.
Алина СОЛОВЬЕВА,
Қазақстанның Еңбек Ері,
А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі
ШЫМКЕНТ