• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Қаңтар, 2019

Мұстафа рухын іздеген қазақтар

799 рет
көрсетілді

 

Атақты Шалкиіз жырау бабамыздың: «Сары шыпшықтай шырлатып, Әзірейіл кімдерге құрық салмаған, Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Қазақтың басы қайда қалмаған» дейтін керемет толғауы бар. Осында айтылғандай, екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне «Жат жұртта жерленген жампоздар» атты мақала жарияланып, онда шеттен топырақ бұйырған тұлғалардың есім-сойы аталған-тын.

Осылай шеттен топырақ бұ­йырған тағдыр иесінің бірі – халқының жарқын болашағы үшін күрескен қайсар тұлға Мұс­тафа Шоқай. Атамыздың қазасы жайлы жанжары Мария Шоқай апамыз 1972 жылы Ыс­тан­­бұлда жарық көрген есте­лігінде: «1941 жылы 25 жел­тоқ­сан күні маған немістің бір әскери адамы келіп, күйеуімнің өте ауыр науқас екендігін айтты. Мен 27 желтоқсан кешкі са­ғат 9-да Берлинге келдім, вокзалда күтіп алған ұлты қалмақ Шамба Балинов Мұстафаның бір сағат бұрын өмірден өткенін сол жерде естіртті. 1942 жылдың 2 қаңтар жұма күні Мұстафа марқұм Берлин қаласындағы мұсылмандар зиратына жер­ленді» дейді.

Кеңес одағы тұсында ата­мыздың басына бару былай тұр­­сын, атын атауға тыйым салын­ды. Өйткені М.Шоқай идеясынан социалистік жүйе қатты үрей­ленді. Құдайға шүкір, қазір тәуел­сіздіктің арқасында атамыз жамбасы тиген жерді екінің бірі біледі. Берлин қаласына ат басын бұрған зиялылар зиярат етпей кетпейді.

Бірақ сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде атамызды іздеушілер болыпты. Оған 1967 жылы ақпан айының 18-і күні Мұстафа атамыздың басында түсірілген мына бір фото дәлел. Бұл адамдар түркиялық қазақтар. Зираттың құлпытасына сүйеніп түрегеп тұрған Бекей Сарбас, отырғандар – сол жақтан Ырысбай Ерол, Арыстан Тосын және Нығметолла Ұзман. Осы кезде бұлар 30-34 жастағы жігіттер. Бекей Сарбас ағамыз оншақты жыл бұрын қайтыс болса, Ырысбай Ерол дәл қазір Германияның Кельн қаласында, Нығметолла Ұзман Берлинде аман-есен жүріп жатыр. Ал Арыстан Тосын ақсақал Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында тұрады. Тоқсаныншы жылдың аяғы мен жаңа ғасырдың басында Арекең теледидар ар­­­қылы қазақтың қара жорға биін билеп, көпшілікке етене танылған тұлға. Бір сөзбен айтқанда, шетте жүр­ген қазақ өнерін насихаттаушы.

Осы Арыстан ағамыздың айтуынша, 1966 жылы Түркиядан Алманияға (Германия) жұмыс іздеп келген төрт қазақ Бер­лин­ге табаны тиген күні ата­­­­­ларының басын іздепті. Арыс­­­тан ағамызға, «сіздер оған дейін М.Шоқайдың бұл қала­да жерленгенін білетін бе еді­ңіз­дер?» деп сұрақ қойдық. Біледі екен. Өйткені түркиялық қазақ­тар Азаттық радиосы ар­қы­лы түрік, кейіннен қазақ ті­лінде берілетін хабар-ошарды үнемі тыңдаған және шетелдегі түркістандықтар үшін араб графикасымен шығатын «Мілли Түркістан» журналын үзбей оқып­ты. Осындағы екі бірдей ақпарат көзінің ең көп айтатын тақырыбы – «Шоқай идеясы» мен «Мұстафа жолы» екен.

– Сөйтіп атамыздың басын іздеп шықтық, – дейді Арыстан Шәдетұлы. Немісше де жетік білмейміз. Берлин қаласын көк­­тей шолып, кезіп келеміз. Ара­сында жөн біледі-ау деген үлкендерден «біздің Мұстафа Шоқай деген атамыз осында жерленген екен, білесіз бе?» деп сұраймыз. Сөйтіп үшінші күн дегенде көшеден салиқалы, салмақты неміс қариясын жолық­тырып жөнімізді айттық. Ол кісі бізді үйіне кіргізіп қойып, жан-жаққа телефон соқты. Бір заманда «аталарың рас осында жерленіпті» деп, әлі есімде «Колумбия Дан» деген көшенің бойында орналасқан «Түрік шаһитлігі» қорымын нұсқап жіберді.

Хабар алған төрт қазақ шап­қылап түрік қорымына барған. Оны биік дуалмен қоршап, үстіне тікенек сым тартып тастапты. Абажадай қақпасында нән қара құлып. Босағасында: «бұл жерде Осман патшаларының елшілері мен консулдары жерленген» деген жазу.

Содан атасының басын ізде­ген төрт қазақ әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыры ішіндегі қағылез жеңілдеуі Арыстан аға­мызды дуалдан асырып ішке тас­тайды. Арекең топ етіп түсе қалып, қараса алты аттам жерде Мұстафа атасының зираты тұр. Қабірдің жазуын асықпай оқып, оның астында тұрған қайрат­кердің бюст-мүсінін әбден танып, сыртта тұрғандарға «таптым» деп ағайлайды. Олар айтады: «Тапсаң аят оқы, біз осы жер­де әумин дейік».

Осы оқиғадан кейін арада бір жыл өткенде қабір іздеген төрт қазақ тиісті мекемелерді та­уып, заңды түрде тот басқан қара құлыпты аштырып, ішке кіріп, естелік ретінде фотоға түседі. Мына сурет сол.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»