Инновациялық жобалар жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Қазақстанда Open University жобасын ашуды ұсынды.
«Ұлттық аударма бюросы - өзіңіздің тапсырмаңызбен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасын» жүзеге асыруға құрылған қоғамдық ұйым. Бұл да жастар ұйымы деуге толық негіз бар. Өйткені аудармаға жұмылған негізгі мамандарымыз - егемендікте білім алған, бір бөлігі «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген тәуелсіздік құрдастары. Барлығы да осындай мазмұнда жобада жұмыс істеп жатқанын мақтан тұтады. Өткен жылы біз сізге осы жоба аясында аударылған 18 оқулықты таныстырдық. Содан бері 115 оқу орнында 1000 данамен тегін таратылды» деді Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы.
Сонымен қатар дүниежүзінің ең беделді ғалымдарының әлем бойынша миллион данамен таралған 30 оқулығы қазақ тіліне аударылып, жарыққа шығуға дайын екенін жеткізді. Бұл оқулықтар жаңа оқу жылында студент жастардың қолына тиеді.
«Осы жобамен бірге біз онлайн оқу курсын дайындап жатырмыз. Бұл білікті мамандардың қатысуымен видеолекциялар болмақ. Видеолекциялар, сондай-ақ, конспектілер мен білімді тексеруге арналған сұрақ-жауаптан тұрады. Онлайн курс бұл білім берудің тың тәсілі мен жаңа форматына айналуы мүмкін. «Ашық Астана университеті» бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең маңызды нәтижелерінің бірі болады. Жаңа технологиялар көмегімен жабдықталатын бұл университет білім сапасын көтерумен қатар, оны барлық адамға қолжетімді етуде үздік рөл атқарады деп ойлаймын. Бұл университет әлемдегі қашықтықтан білім беру, онлайн оқу концепциясымен сәйкес келеді. Бұл оқудың методикасы мен технологиясы персоналды оқыту идеясын қолдайды. Мұнда әрбір адам өзіне қажетті әрі өз мүмкіндігіне сәйкес білім ала алады» деді ол.