• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2010

БІЛІМНІҢ МЕМЛЕКЕТШІЛ ҚУАТЫ

1748 рет
көрсетілді

Ғұлама әл-Фараби айтқандай: “Адам­дардың сұранымы – олардың кем­шілігі емес, үздіксіз дамуының белгісі”. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтамасыз ету мәсе­лесіне биылғы Жолдауында тағы да айрық­ша мән берген Нұрсұлтан Әбішұлы жауапты орындарға мемлекеттік “Балапан” бағдар­ла­ма­сын әзірлеуді тапсырды. Сонымен, бір кездері “Педагогика” оқулығын жазған ақын Мағжан Жұмабаев тілегіндей, “Балапан” қанат қақты!”. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан үшін ең негізгі басымдықтың бірі – білім. Білім – ғылымның іргетасы және мемлекет дамуы­ның алтын арқауы. Мемлекет басшысы биыл­ғы халыққа Жолдауында XXІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы әлеуметтік-эко­номикалық белестерімізге қорытынды жа­сап, 2020 жылға дейінгі дамуымыздың бағ­дарын айқындап бергенде де білімге көп назар аударды. Әрине, тәуелсіз еліміздің кезең-кезеңмен атқарып жатқан іс-шаралары мемлекетшіл өре мен қуаттың ізденісін аңғартады. Сон­дық­тан Жолдауда Елбасымыз Қазақстан дамуының басты шарты қоғам мүшелерінің білім деңгейінің артуына тікелей байланыс­ты екендігін атап көрсетті. Бұл – индус­трия­лық-инновациялық дамуды жүйелеу және адам капиталына инвестиция көбейту деген сөз. Жаhандану заманында интеллектуалды ұлт қалыптастыру, Мемлекет басшысы нұс­қағандай, қатал бәсекеге қабілетті маман­дар­ды даярлауға ғана қатысты емес, оларды ел эко­номикасын алға тартатын күш ретінде орнықтыруға да бай­ла­нысты. Отандық бі­лім жүйесі өз қыз­метін “Білім беруге салынған бүгінгі ин­вестиция – мемле­кет­тің ертеңіне жа­сал­ған қамқорлық” деген қағидатқа сүйе­не отырып жүзе­ге асыруы керек. Межеленіп отыр­ған міндеттер жас­тар­дың дүние­та­ны­мын өзгертіп, олар­дың жаңаша ойлау қабілетін арттыруға, білімге деген құш­тар­лығын оятуға, отансүйгіштік қасие­тін одан әрі дамытуға бағытталып отыр. Ел­басының бағдар­ла­малық еңбек­те­рінде көрсетілгендей, білім жүйесін инно­ва­циялық технологиялармен жабдықтау, білімнің халықаралық стандартын меңгеру, сапалы білім беруге қол жеткізу, қоғам сұранысына жауап беретін білікті маман даярлау отандық білім саясатының негізгі ұстынын айқындайды. Кеңестік білім мен ғылымдағы томаға-тұйықтық немесе біржақтылық осы сала әлеуетін тежеп ұстағаны жасырын емес. Әйтпесе дүние жүзінде, әсіресе оразды ел­дерде білім – экономиканың өндіруші са­ласы. Бір сөзбен айтқанда, білім мен ғылым өзін-өзі асырайды және елді де асырайды. Нарықтық экономика, бәсекелестік жағ­дайында “тұтынушы қалауына” бағытталған қағидат жұмыс істеуі тиіс. Мұны білім мәселесіне байланысты байыптасақ, Отанымыздағы әрбір оқу орны тапсырыс берушінің (ол мейлі мемлекеттің өзі бола ма, жоқ өз қаржысымен оқуға тілек біл­дірген жеке адам бола ма – бәрібір) қа­ла­ғанынан, не күткенінен асып түсуі керек. Сонымен бірге бұл оқу орны тұтынушының бүгінгі мүддесіне ғана емес, келешек тағ­ды­рына (карьерасына, материалдық және руха­ни ынсап-берекесіне) ықпал ететіндей білім беруі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ маманның сапасын оның білімділігі мен құзыреттілігі анықтайды. Еңбек базары осы қасиетті талап етеді. Сонымен, бұдан шыға­тын қорытынды: білім сапасы – өмір сапасының негізі. Қалыптасқан мектепке дейінгі, бас­тауыш, орта, арнаулы, жоғары, жоғарыдан кейінгі білім жүйесі Қазақстан әлемдік аренаға шыққан сайын томаға-тұйықталмай, кезеңдік шектеушілікке бармай, сапа баспалдақтарынан өтіп, икемділікпен және академиялық ұтқырлықпен жұмыс істесе, арман-аңсар орындалатын және орындалған іске айналар еді. Мектеп алды білім беру жүйесін дамы­ту­дың негізгі мақсаты – қоғамның әлеу­мет­тік еңсесін көтеруге жұмылған ұйымдар желі­сін арттыру. Жалпы, бізде ата-ана мен қоғам жауапкершілігі тең дәрежеде бөлінгені жөн. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыру да – алды­мыздағы үлкен мақсаттардың бірі. Ол үшін балалардың шығармашылық және интел­лек­туалды қабілетін дамытуға себепші жаңа өлшем-стандарт қалыптастыру қажет. Оны жасау денсаулық, білім, таным, шығарма­шы­лық, әлеуметтік ортаның өзара қатынасы салаларымен тығыз байланысты. Мұны бір жақтан оп-оңай көшіруге де болмайды. Өйт­кені байырғы Қазақ елі мен жерінде түзілген тәрбие-тәлім тетіктері жаңа мазмұнмен байытылып, жаңа пішінмен ұсынылуы ке­рек. Бұл орайда баланың жеке жас ерек­ше­лігі әлеуетін ашуға жағдай тудыру, тұлғаны жан-жақты дамыту, әлеуметтік ортада қа­лып­ты қарым-қатынас жасау бағдарында шы­ғармашыл азамат тәрбиелеу, т.б. қоғам талабы мен жауапкершілігі күн тәртібінен түспейді. Ғұлама әл-Фараби айтқандай: “Адам­дардың сұранымы – олардың кем­шілігі емес, үздіксіз дамуының белгісі”. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтамасыз ету мәсе­лесіне биылғы Жолдауында тағы да айрық­ша мән берген Нұрсұлтан Әбішұлы жауапты орындарға мемлекеттік “Балапан” бағдар­ла­ма­сын әзірлеуді тапсырды. Сонымен, бір кездері “Педагогика” оқулығын жазған ақын Мағжан Жұмабаев тілегіндей, “Балапан” қанат қақты!”. Жалпы алғанда мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру – бала тәрбиесін салаландырудың тетігі және оны оқытуға дайындаудың іргетасы. Түзік тәрбиемен, дұрыс дайындықпен келген бала мектеп бағ­дарламасын еркін игеріп кететіні – атар таңдай ақиқат. Білім жүйесіндегі ең маңызды буын – орта білім. Біле-білсек, орта мектеп – ин­тел­лектуалды ұлтты қалыптастырудың негізі. Біріншіден, бұл буын қоғамның барлық мүшесіне қатысы бар. Сондықтан бұған әрбір отбасы алаңдап, толғанады. Екін­ші­ден, жалпы білім бастауын мектептен алады, ол – оның қайнар көзі десек те болады. Сондықтан мектеп неғұрлым таза, серпінді, шығармашыл, толыққанды болса, ол келіп құятын білім айдыны да сондай дәрежеден табылады. Нәтижесінде отбасы, қоғам, өмір жақсарып, сапалық көрсеткіштер жоғары­лайды. Мектепте-ақ әрбір жеткіншектің бейімі айқындалады: жүрегінде отаншылдықтың негізін орнықтырады, санасында болашақ кәсібін таразылайды. Яғни, жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлау жұ­мы­сын дұрыс жолға қоюға қолайлы алғы­шарт­тар туады. Өйткені, университет табал­дырығын аттаған жас үміткерлердің білім деңгейі, жалпы дайындығы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болары анық. Мұны халық “кермедегі сәйгүліктер” дер. ЖОО-ға тиісті сынақтардан мүдірмей өткен, жоғары білімді игерсем деп ниет­тенген жастар ғана келеді. Елбасымыз жаңа елор­да қалыптасуының елең-алаңында Аста­надағы №38 мектептің тұсауын кесіп тұрып: “Жаңа өскелең жас ұрпақ ата-бабалары армандап кеткен, тәу­белеп жеткен тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғауы керек, сақ­­тауы керек” деген болатын. Тәу­ел­сіздікті қорғау, мемлекет­шіл­дік сананы қалыптастыру мек­теп жасындағы отаншылдық тәлім-тәрбиемен, озық біліммен жүзеге асары сөзсіз. Осы тұста “12 жылдық мек­теп” моделін енгізу мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған жөн. Елбасы талабы осыған сая­ды. Бұл баспалдақ – өзінің күр­делілігі жағынан бұрын-соңды болып көрмеген іс-шара. Бұл жерде бағындырар биік тек сан­дық көрсеткіште ғана болмаса ке­рек. Мұндағы бас тетік – сапа мен мазмұнда. Жаңа іс көп маңдай терді талап етері сөзсіз. Олай болса орта білім стандарт­тары­ның негізгі ережесін және бастауыш білім стандартымен қатар бейіндік білім тұжы­рым­дамасын, оқушылардың білім деңгейін бағалау жүйесін пысықтау – маңызды ша­ра­лар. Жұмыстың толыққанды атқарылуы үшін оның заңнамалық негізін жаңарту, бо­лашақта бұл мектептерді жеткілікті қаржы­лан­дыру, орта білімнің дамуына сай келе­тіндей материалдық-техникалық база қалып­тастыру, бала басына шағып есептелген қаржыландыруды енгізу, педагогтердің мәр­тебесін айқындау сияқты көптеген мәсе­лелерді қоғам болып шешу – әрі міндет, әрі жауапкершілік. Осының ішінде қыруар қаржы мен көп көңіл бөлуді қажет ететіні – мектептердегі тиісті материалдық-техникалық базаны қа­лыптастыру жайы. Өйткені, бұл мәселе 12 жыл­дық білім беру жүйесінің негізгі алғы­шарттарына жатады. БАҚ-та жарияланып жатқан білім ардагерлері мен мамандары­ның ұсыныстарында бейіндік мектептер салуды қолға алу қажеттігі жиі айтылады. Бұйырса, ол меже де тым алыста емес. Білім сапасы, түптеп келгенде, оқулық­тың сапасына тікелей байланысты. 12 жыл­дық мектепке қажетті оқулықтар дайындау жұмысы әлі өткір күйінде тұр. Қазіргі пән­дік білім беру әдісіне негізделген оқулық­тардың орнына оқушылардың әлеумет­тенуіне ықпал жасайтын, оларды азамат етіп қалыптастыруға бағытталған оқулықтар келуі керек. Ол оқулықтардың мазмұны 12 жылдық мектептің тұжырымдамасы мен оқу стандарттарына сәйкескенде ғана жоспар­ланып отырған жаңа орта білім жүйесі та­бысқа жетеді. Осы ретте отандық білімдегі ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы А.Байтұр­сын­ұлы тәжірибесі мен 50-жылдардағы тә­жірибе ойға оралады. Ынта қойылса, тәуе­кел болса, бәріне де қол жеткізе аламыз. Сы­нау мен мінеу оңай, бірақ оқушы сана­сына тамызық болатын оқулықтарды жазу – бар оқығанның міндеті. Алаш тұсында жазушы да, ақын да, қайраткер де оқулық жазды емес пе?! Елбасының биылғы халыққа Жолдауына сәйкес, 12 жылдық мектеп 2020 жылы толыққанды жұмыс істей бастайтын болады. Ал Қазақстан Республикасы дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында көрсетілгендей, 12 жылдық білім беруге кө­шудің мерзімі 2015 жыл деп белгіленіп отыр. Осы мерзімде жаңа жүйеге көшу бойынша кешенді әзірлік жұмыстары өз мәресіне жетеді. Мемлекетіміздің келешек интеллек­туал­ды қорын құруға нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұл тұрғыда 2009 жылдан бастап ашылған Тұңғыш Президенттің интеллек­туал­дық мектептері туралы баса айтқан жөн. Қазіргі таңда олар Астана, Семей және Көк­шетау қалаларында ашылды. 2020 жылы аталған жоба шеңберінде жалпы Қазақ­станда 20 мектеп жұмыс істемек. Осы мерзім ішінде апатты жағдайдағы мектептер, үш ауысымды оқу үдерісі жойы­лып, бүгінгі күннің өзекті проблемасы – оқушы орнының тапшылығын шешу мақсаты қойылып отыр. Сонымен бірге барлық мектептер интер­активті химия, физика, биология оқу каби­неттерімен жабдықталып, электронды оқу жүйесін құру жұмыстары аяқталады. Әрбір оқушы жеке компьютермен камтамасыз етіліп, білім беру ұйымдары толығымен кең жолақты Интернетке қосылады. Бұл орайда қазірдің өзінде әлемдік және отандық ІT-ком­паниялармен ынтымақтастық орнаты­лып жатыр. Білім жүйесіндегі тағы бір елеулі буын – техникалық және кәсіптік білім беру саласы. Осы жерде халқымызда қалыптасқан жақ­сы дәстүрді атап көрсеткен де орынды. Кез келген ата-ана “балама қайткен күнде де жоғары білім беруім керек” деген пікір ұстанады. Сөйте тұра қазіргі заман талабын да ескерген жөн емес пе? Алайда ондай мамандар керек пе, жоқ па және жоғары оқу орнын бітірген адам өз тамағын өзі тауып жейтіндей лайықты жұмыс таба ала ма – ол жағын қоғам көп салмақтамай тұр. Жұ­мыс таба алмай сенделіп жүрген жоғары білімді мамандар, бір мамандық бойынша білім алып, артынан лезде басқа саланың “маманы” болып шыға келетіндер бүгінде ешкімді алаңдатпайтын болды. Маман­дық­тардың қаттығы мен шашетектілігі нарық пен бәсекенің елегінен әлі өте қойған жоқ. Осындай көңіл-күй үстем жерде техникалық және кәсіптік білім алып, нақты бір мамандықты игеріп, өзін асырай алатын­дай жағдайға жетіп, ата-анасына сүйеніш боларлықтай, отбасын құра аларлықтай дәрежеге жетуге ұмтылу туралы ой бейқам жастардың қаперіне де кірмейді. Оның үсті­не жекелеген оқу орындарының оларды қызықтырарлықтай жағдайы да жоқ. Ендеше алдымызда техникалық және кәсіптік білім жүйесін халықаралық бағдарламалармен сәйкестендіру, жаңашыл кә­сіптік стандарттар енгізу, еңбек нары­ғын­да сұранысты қатаң ескеру, экономиканың барлық саласын қажетті кадрлармен қамта­ма­сыз ету міндеті тұр. Бұл мәселе жұмыс бе­ру­шілермен бірлесе отырып атқарылуы қажет. Сонымен бірге Елбасының тапсырма­сы­на сәйкес осыдан екі жыл бұрын басталып кеткен өңірлерде іргелі зертханалар қа­лып­тастыру шарасы лайықты жалғасын табуы керек. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру орындарының оқу-өндірістік шебер­ханалары мен зертханаларын заманға сай оқу-өндірістік және технологиялық құрал­дармен жаңарту және қайта жабдықтау ісінде үлгі болғаны абзал. Техникалық және кәсіптік білімнің бағдары мен мамандықтары жөніндегі жік­теуішті (классификатор) қайта қарау да – күн тәртібіндегі мәселе. Сонымен қатар тү­лектердің кәсіби дайындығы мен біліктілігін анықтауға арналған тәуелсіз бағалау жүйесін ендірудің де кезі келген сияқты. Осы салада әлеуметтік серіктестікті да­мы­ту – өте маңызды шара. Мұны әкім­дік­тер мен шағын және орта бизнес нысандары арасында ынтымақтастық орнату арқылы іске асыруға болады. Өндірістік, дипломал­ды тәжірибеден өту жұмысы нарық пен бәсекелестік талабына сай жолға қойылуы керек. Бұл жерде дамыған елдер колледж­дері­нің тәжірибесін зерделеудің де маңызы зор. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысы білікті мамандар дайындау ісіне үнемі көңіл бөліп келе жатқаны белгілі. Кең байтақ елімізді дамыту үшін, оның қой­науында жатқан ен байлықты тиімді игеру үшін, жаңа заман технологияларын меңгеру үшін білікті мамандар ешқашан көптік ет­пейді. Бүгінгі студент – елімізде қабыл­данған стратегиялық маңызы бар бағдар­ламаларды іске асыратын болашақ маман. Көптеген өркениетті елдер даму стра­тегиясын айқындап, жүйелеу кезінде жоғары білімнің сапасын бірінші орынға қояды. Әлемде жоғары білім – жалпы білім, ғылым және мәдениеттің тоғысқан жері. Сондай-ақ жоғары білім – кәсіби машықтану алаңы. Бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріп отырады, ол қанша күрделенсе де, әрқашан жаңа мүмкіндіктер ашумен болады. Жаһан­дану, өңірлік ықпалдастық, студенттердің ұтқырлығы дүниежүзілік деңгейде мойын­да­латын сапаның болуын талап етеді. Біз “ха­лықаралық стандарт” деп жүрген өлшемдер – сапаның түрлі тарамы мен белгісі. Бүгінде дүние жүзі мемлекеттері мен олардың білім жүйелері жаhандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа страте­гия­­лары мен бағдарламаларын ұсынып отыр. Елбасының халыққа биылғы Жолдау­ын­да бұл мәселе де айтылды. Отандық уни­вер­ситеттер рейтингі жөнінде қатаң талап қойылды. Жоғары оқу орындарының халық­аралық деңгейдегі қызметін жандандыру туралы тапсырмалар берілді. Қазір күн тәртібінде тұрған оқу орны мен мамандық­тарды халықаралық аккредиттеуден өткізу – Елбасының бақылауында тұрған тапсырма­лар­дың бірі. Мұнда да бізге саннан гөрі сапа маңызды. Соңғы жылдары отандық ЖОО жаңа белесті бағындыруға жұмылып отыр. Олар: – Болон үдерісіне толық қосылу; – шетелдік студенттерді тарту үшін білім берудің тиісті сапасын қамтамасыз ету; – қазақстандық оқу орындарында жұ­мыс істеуге шетелдік жетекші ғалымдарды шақыру; – қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыру; – шет елдің жоғары оқу орындарымен ғылыми-зеттеу жұмыстары саласындағы байланыстарды күшейту. Сонымен бірге жоғары оқу орындары қызметтерінің барлық түріне инновациялар енгізу міндеті тұр. Ол үшін инновациялық тех­нологиялар мен интерактивті оқу фор­ма­ларын кеңінен таратып, университет ауди­торияларын ізденіс, шығармашылық, сұхбат алаңына айналдыру көзделген. Елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның инновациялық әлеуеті тек қана білім арқылы келетіндігі мәлім. Осы тұр­ғы­дан алып қарағанда, университеттерге деген бұрынғы көзқарасты өзгертіп, оларды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ма­ңыз­ды нысанына айналдыру – қатал уақыт айқындаған шындық. Жоғары мектепті тек білімнің ғана емес, бүкіл қоғам дамуының мұз­жарғыш кемесіне айналдыру – басты мақ­сатымыздың бірі. Елбасы тапсырмасына сәйкес, енді университеттеріміз білім экономикасының өзегі болып, еліміздің инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналуы шарт. Бүгінгі таңда қайсыбір мемлекеттік және жекеменшік университеттер бұрынғы ескірген біліми-ғылыми әдістемелік база жағдайында өмір сүріп отыр. Мемлекет басшысы сын көтермейтін жағдайды шұғыл өзгертуді қатаң тапсырып, университеттер ел экономикасының қарқынды дамуына, интеллектуалды ұлттың қалыптасуына үлес қосуын қоғамдық абырой-беделінің бір өлшемі ретінде байыптады. Бұл талап оқу орны басшыларының жауапкершілігін арттырады деп ойлаймыз. Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы: “2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтиже­ле­рін беруге тиіс. Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа халықаралық уни­верситет”... секілді жобалар ерекше басым­дық­қа ие болмақ”, – деп атап көрсетуі көп нәрсені аңғартса керек. Астана – салиқалы саясаттың ордасы болумен бірге, енді жаңарған һәм жаңалыққа ұмтылған білім мен ғылымның да орталығы болуға лайықты қала. Бұл маңызды мақсат-жобаның да негізін Мемлекет басшымыз қалап отыр. Абайлар аңсаған Шығысты шынар ете тұ­рып, Батыс биігіне жол бастау Президенті­міз Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылдығымен туған “Болашақ” мемлекеттік бағдарлама­сы­мен бір кезеңге шықса, енді Астанадағы Жаңа университет әлемдік білім-ғылым ин­новациясын Қазақстан жерінде меңгертуге бағыт алды. Елбасы Жолдауындағы биыл есігі айқара ашылатын жаңа оқу орнына қатысты сарабдал ой отандық жоғары мектептің темірқазығына айналды. Қазақстан білімі мен ғылымының жаңа жағдайға сай өркендеуі – мемлекет ұсты­ны­ның нығаюына кепіл. Осы ретте біз дәс­түр сабақтастығына адалдығымызды таны­тып, ескі мен жаңаның арасын үйлесімді түрде жалғастыруға тиістіміз. Бүгінгі жаhандану дәуірі – үрке қаша­тын немесе тайсақтайтын дәуір емес, ол – заман шындығы. Сондықтан отандық ақпарат ағынында, яки отандастарымыздың санасында жаhанданудың қатқыл, безбүйрек бейнесін жасағаннан гөрі, Қазақстан жаhан­дану үдерісіне қалай ілесе алады, елдік hәм ұлттық бет-бейнемізді қайтіп сақтаймыз, ең бастысы біз жаhандануға не қоса аламыз – осы сұрақтар төңірегінде ойланып-толғанған абзал. Ал мұны білім мәселесімен сабақ­тас­тыра айтсақ, әлемдік білімнің жаhандануы Қазақстанды сөзсіз сынаққа салады, өзіне бейім­дейді. Бірақ бұл – мұхитқа тамшы боп сіңу құбылысы емес, мұхиттың інжу-маржанын сүзу құбылысы болып орнығуы тиіс. Жалпы әлемдік даму бәсекелестікке негізделген. Шынайы жарыс, адал бәсеке – әлемнің бейбіт дамуының кепілі. Әрине, бұл жарыстың уақыт пен жағдай анықтайтын өз межесі, өз бағамы бар. Сондықтан әлем айдынындағы тәуелсіз Қазақстан саясатта болсын, білім-ғылым ізденісінде болсын осы меже мен бағамның үдесінен шығуға бағыт ұстанғаны айдай анық. Елбасымыз Жолдауда айқын нұсқа­ған­дай, қоғамды сапаландыру бағдарында білім­нің басым бағытын төмендегінше айқындау дұрыс деп білеміз: Біріншіден, әлемдік жаhандану кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік-пайыммен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік (ана тілі мен шетел тілдері) байлықпен толықтырған жөн. Екіншіден, жастардың бойында қоғам­ның экономикалық және әлеуметтік са­ласына деген практикалық таным негізін қа­лыптастырып, өзінің, отбасының, достары­ның, айналасының, жалпы қоғамның әл-ауқатын ойлайтын жауапкершілігін сезін­дірген дұрыс. Үшіншіден, шыққан әлеуметтік тегіне қарамай, талантты да белсенді, білімді де ойлы жастарды толық қолдау арқылы қоғам­ның әлеуметтік икемділігін қамтамасыз ету қажет. Осы арқылы жас буынның ақылды адам әлеуметтік hәм экономикалық рөлдерді өзгерте алатынына көзі жетеді. Төртіншіден, білім культі мен қоғам алдындағы жауап­кершілікке бағытталған кешенді іс-шараны жағымсыз нәрселерді (наркомания, бейәдептілік, т.б.) аластатуға бағыттап құру керек. Бесіншіден, білім – еркіндік пен таңдаудың көзі әрі дем берушісі. Білімге әлеуметтік тапсырыс беруші – жалғыз мемлекет емес, мүдделі мекемелер, ойлы да іскер адамдар болуы тиіс. Тарихтан белгілі жәйт: білім мен ғылым қашанда консерваторлы сала болып келген. Бұл, әрине, оның ішкі ерекшелігіне байланысты. Бірақ қоғам шындығы барлық кезде консерваторлықты қолдамайды – қайта терістейді. Мәселен, қоғамның жедел жаңаруы үшін білім саласының өзі жедел жаңаруы керек. Бұл мәселеге келгенде, Қа­зақ­станның білім жүйесі тәуелсіздік жыл­дарында Елбасының тікелей тапсырмасымен сәтті реформаны жүзеге асырғанын мақ­танышпен айта аламыз. Бүгінгі бакалавр-магистр-доктор үштік жүйесі, несиелік жүйе, білім саласына мемлекет қана емес, жалпы қоғамның араласуы, оған инвестицияның келуі, жекеменшік оқу орындарының лайық­ты мәртебе алуы – осы реформаның бастапқы жемісі. Сонымен, жоғары білім беру жүйесін алда да күрделі өзгерістер күтіп тұр. Ең алды­мен оның деңгейі мен сапасы биік ха­лықаралық талапқа сай келуі керек. Қазақ­стандық жоғары оқу орындарының дипломы дүние жүзінде мойындалып, шетелдік оқу орындарымен бірлескен біліми-ғылыми жобаларды еркін жүзеге асыруға қатыса алатындай қалыптасқаны жөн. ХІХ ғасырда АҚШ-тың Президенті болған Авраам Лин­кольнның мынандай сөзі бар: “Адамның болмыс-сипаты – ағаш, беделі – сол дарақ­тың көлеңкесі. Біз көлеңке үшін шыр-пыр боламыз. Шындығында ағаш туралы ойлау керек қой”. Біз осы сөзді оқу орындары­мызға қатыстырып айтқымыз келеді. Жасы­рып не керек, соңғы жылдары кейбір уни­верситеттер “беделімді көтеремін” деп шетел­дік аты мен заты белгісіз ұйымдардың түрлі сыйлығын алуға әуестеніп кетті. Бұдан ол оқу орнының абыройы артып кеткен жоқ. Абай айтқандай, “сыпыра мақтан” болды да қалды. Ендігі жерде мұны қайталау ұят емес, масқара болмақ. Жолдауда осы бағ­дар­дағы пайым да айқын көрінеді. Мұның бәрі қателіктен сабақ алу үшін және білім-біліктің абыройын қорғау үшін айтылғаны шындық. Тұтастай алғанда, Мемлекет басшы­мыздың халыққа Жолдауында білімнің мемлекетшіл қуаты айқындалып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа міндеттері межеленген. Елдік істе отан­дастарымыз аянып қалмайды деп сенеміз. Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы  Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі. ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ — ОТАНЫМЫЗ! Лесбек ТӘШІМОВ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті, ҚР ҰҒА құрметті академигі. “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталған Жолдауында Президент елдегі осы жылғы және де келесі жылдардағы атқарылатын істердің барлығын дер­лік ашық, әрі нақты түрде түсін­діріп берді. Бүкіл әлемдік нарық­тағы қиындықтарға қарамастан, елі­міз дамудың жоғарғы көрсеткіш­терінен ажы­рап отырған жоқ. Бұған дәлел ре­тінде өткен жылы қолға алынған “Жол картасы”, “Жастар прак­тика­сы” және де қаржы тап­шы­лығына қа­рамастан, ұлғайтыл­ған зейнетақы­ны, т.б. игі істерді қо­суға болады. Мем­лекет басшысы болашаққа белгілен­ген орасан зор міндеттерді ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес екенін атап өтті. Егер қазақстан­дықтар табысқа қол жеткізгілері кел­се, онда әрбір адам мына төрт қа­ғидатты басшылыққа алуға міндетті. Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз — ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақ­ты­лығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін кез келген қадамға бармауы тиіс.Үшіншіден, экономикалық өрлеу —әрқай­сы­мызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл — қоғамның әлеуметтік мә­се­лелерін ше­шу­дің және баршамызды табысқа бас­таудың кілті. Төртін­шіден, өңірлік және әлемдік на­рық­пен инте­гра­циялану — дамудың аса ма­ңызды шар­ты. 2020 жылға дейінгі даму бағдар­ла­масын жү­зеге асыра отырып, қазақстандықтар сапалы ме­ди­циналық қыз­метке, білім алуға қол жет­кізеді. Елі­мізде тұрғын үй-комму­нал­дық қызметі едәуір артты. Зейнеткерлер, мүгедектер және тұрмысы төмен отбасылар сенімді түрде қорғалатын болады. – Біз 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған мақ­саттарды жүзеге асыра отырып, тәуел­сіздігі бекем, экономикасы өркендеген, саяси тұрақтылығы орныққан Қазақстанды құру туралы миссиямызды табысты орындап шығамыз, – деп атап өтті Қазақстан Президенті. “Білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болуы керек, ЖОО үздік рейтингтерді иеленуге ұмтылулары керек“, – деп Елбасы білім беру саласында еңбек етушілердің алдына нақты тапсырма, тың талап қойды. Осылайша Елбасы Қазақстан­ның алдағы – 2020 жылға дейін арналған стратегиясы мен нақты атқарылуға тиіс басым әрекеттерін көрсетіп берді. Алдағы уақыттарда Жолдауда көрсетілген тапсырма­лардың бізге, яғни білім беру ісіне қатысты бөлімдерін басты назарға ала отырып, ондағы атқарылуы тиіс, білім беру нарығын жақсар­туға бағытталған іс-шараларды тия­нақты түрде орындап, халықаралық мәртебеге ие болып отырған уни­вер­ситетіміздің беделін арттыруға және де Елбасы атап өткендей, ЖОО арасындағы рейтингімізді жоғары деңгейге көтеруге бар күш-жігері­мізді саламыз деп ойлаймын. ӨРЛЕУ МҮМКІНДІКТЕРІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Мемлекет басшы­сы­ның келе­ше­гімізге нақтылы бол­жам жа­саған тарихи құжатын ха­лық талғам та­разысына салып, тың­ғы­лықты да тиянақты тал­қылау үстінде. Сондай талқылау Қазақ ұлттық аграрлық универси­те­ті­нің ұжымында өтіп, оған Сенат де­пу­таттары, аграрлық ғылым сала­сы­ның ақсақалдары мен ғалым­да­ры, уни­­верситет оқытушы­лары мен сту­­денттер қатынасып, қызу үн қосты. Жиында баяндама жасаған аталмыш оқу орнының басшысы Тілектес Есполов алдағы міндеттер мен тапсырмаларды айқындап берген Жолдаудың мәні мен ма­ңыз­дылығына тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз алған Парла­мент Сенатының депутаттары Камал Бұрханов, Ғарифолла Есім, ғалым Рахымжан Елешев және т.б. Жолдау тармақтарындағы маңызы зор әрбір мәселені зерделеп, дәйекті де деректі мысалдармен жеткізді. Сөйлеген шешен­дер Жолдауда көрсетілген онжыл­дық­тағы алар асулардың орын­да­латынын, яғни өрлеу мүмкіндіктері өз қолымызда екендігін баса айтты. ТИІМДІЛІКТІҢ ҮЛКЕН КӨЗІ Айханбай ҚҰДАБАЕВ, “Айхан” шаруа қожалығының жетекшісі. Еңбегіміз ауыл шаруашылығы­мен байланысты болғандықтан бізді Жолдауда ұсынылған агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту мә­селесі ерекше назар аудартты. Мен өзім біраз жылдан бері “Айхан” шаруа қо­жалығына жетекшілік етіп келе­мін. Қазір өңірдегі өзіміз тектес құ­ры­лымдардың алдыңғы сапын­дамыз. Елбасы аталған сала бойынша дамудың негізгі үш бағытын көр­се­тіп берді. Соның ішінде біріншіден, негізгі салмақ еңбек өнімділігін арт­тыруға түсірілу керектігі аталды. Мұның пайдасы зор екенін жұмыс тәжірибемізден білеміз. Ол ішкі мүм­кіндіктердің тиімділігін жақ­сар­туға, еңбек қайтарымының мол бо­луы­на ықпал етеді. Мәселен, бұдан он екі жыл бұрын жаңа жүйемен алғаш іске кіріскенімізде құрамда 400 адам болды. Ал бұл күнде 100 ең­беккер сол кезде сонша күш жұ­мылған істі еш қиналыссыз атқа­рып жүр. Осы уақытта өндіріс кө­ле­мі еселеп ұлғайғанын айтып кет­сек еңбек өнімділігінің қандайлық деңгейге көтерілгендігін аңдауға болады. Аз күшпен бұлайша өсімге қа­лай жеттік десек, ең алдымен тех­ни­калық жарақтанудың үлкен кө­ме­гі тигенін атар едік. Айталық, шет­елдік тұқым себу, егін ору агре­гаттары арқылы 10-15 механизатор бұл маңызды науқандарды аптадан асырмай аяқтап тастайды. Картоп жинаушылар саны да бұрынғыға қарағанда 10 есеге азайды. Кезінде үй шаруасындағы әйелдерге, мек­теп оқушыларына дейін жиын-те­рі­мге мәжбүрлеп тартсақ, енді он­дай дүр­лігіс ұмытылған. Бұл іс әб­ден ма­шық­танған арнаулы топтан аспайды. Біз сонымен бірге мал шаруа­шылығын қайта құруда да өзге­ріс­тер жасадық. Егер бұрын сүт сауумен 20 сауыншы айналысып келсе, қазір бес адамнан тұратын бір бригада үлгереді. Жоғарыда атал­ғандай, жоғары еңбек өнім­ді­лігіне қол жеткізуге технологиялық қондырғылардың кеңінен қолданы­луы мүмкіндік берумен қоса адам­дардың ынталылығы артуы басты фактор. Еңбекке қарай жалақының жақсы төленуі тәртіптілік пен жауапкершілікті күшейтіп отыр. Жолдауда ауыл шаруашылығы үшін өте орынды міндет қойылды. Оны іске асыруға мүмкіндік ұшан-те­ңіз. Қолымыздан келері де сөзсіз. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы. ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТІРЕГІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ Асылқан ДЕМЕУОВА, А.Розыбакиев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Еліміздің Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақ­стан­ның 2020 жылға дейінгі дамуының стра­тегиялық бағдарламасы жан-жақты ашып көрсетілді. Бағдар­ла­ма елі­міздің дамуының барлық са­ла­сын – білім беру, экономика, ден­сау­лық сақтау, ішкі және сырт­қы сая­сат, тағы басқа салаларды қамтыды. Елбасының әр жылдардағы Жол­дауын ерекше асыға күтеміз. Өйткені, соңғы жылдары білім сала­сына, ұстаздар еңбегіне баса көңіл бөлініп, қамқорлық жасалып келеді. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енудің бірден-бір жолы – білімде екенін жетік аңғарып көре білген Елбасымыз білім саласына айрықша назар аударды. Нұрсұлтан Әбішұлының ұстаздар қауымына зор қолдау көрсетіп келе жатқа­нына да куәміз. Бұл жолғы Жол­дау­да ұстаз жалақысының тағы да 25 пайызға көтерілетінін, ол жыл­дың екінші жартысында емес, сәуір айында-ақ жүзеге асатыны қуа­нышты жайт. А.Розыбакиев атындағы орта мектептің ұстаздары мен қыз­мет­кер­лері осы Жолдауды оқып, тал­дап, қуаттап отыр. Алдағы уақытта да заман талабына сай білімді әлем­дік деңгейге жеткізудің бірден-бір жолы,  бұл – инновациялық қызмет. Сол үшін әр ұстаздың ал­дында оқу мазмұнын жаңарту, өзі­нің шығармашылығын дамыту мен шеберлігін шыңдап, озық техно­ло­гияны жетік меңгеріп, әр күнгі саба­ғына тиімді пайдалану, тәуелсіз еліміздің ертеңгі саналатын – бі­лім­ді ұрпақ тәрбиелеу міндеті бо­лып табылады. Біздің мектепте де оқытудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді. Жас ұр­паққа топтық, ойын, тірек сигнал­да­ры, модульдік тестік жүйе, интер­ак­тивті, оқытудың компьютерлік, дамыта оқыту технологиялары бойынша білім беруде. Бұл Елбасы алға қойған міндет, заман талабы. Алматы облысы,  Ұйғыр ауданы.