• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 24 Қаңтар, 2019

Тылсым пошта. Әңгіме

1139 рет
көрсетілді

Осы бiр қызық әңгімені айтқан кісі алдымыздан көрiнген ана-а-ау қызғылт шоқының ар жағындағы Шанақ деген ауылда тұрушы едi. Ол өзi бiр ақкөңiл, аузын ашса, жүрегi көрiнетiн жақсы адам-тұғын. Өткен жылы дүние салыпты деп естідім. 

…Iлгерiде, Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезінде мұндағы жұрт пошта таситын адам таба алмай қиналған көрiнедi. Себебі бұған дейін хат-хабар тасып жүретін жас әйел аяқ-астынан жаман ауруға шалдығып, бір айға жетпей қайтыс болыпты. Содан оны «қара қағаз алған үй­лердiң қарғысы атты» деген әңгі­ме желдей есiп, елдің үрейі ұшпай ма.

Е-е, ол кезде қайғыдан қан жұтып, көкiрегi қарс айырылып отырған жұрт кiмдi қарғамады дейсiз?!.

Анаған бiр, мынаған бiр жалынып, пошта тасуға ешкімді көндіре алмай ауылсәбеттiң басы қатады. Өйткені кiмге қолқа салса да, ат-тонын ала қашады екен. Мiне, осын­дай қиын күндерде кеңсеге бiр ұзын бойлы, үстiнде сары тоны бар бейтаныс кiсi келіп, қолымен ымдап, ауылсәбеттiң үстелiнiң үстiнде жатқан поштаның сөмкесін нұсқап, мұны мен тасиын дегендей ниет бiлдiреді.

Содан бастап ауылға пошта үзбей келiп тұрады. Алыстағы со­ғыс атты тажал жiберiп жатқан «қа­ра қағаздар» да тоқтамайды. Айы­на, аптасына кем дегенде бiр-екi үйдi аңыратып, көз жасын көл қы­лып кетедi. Сөйтсе де бұл ауылға қай­дан келгенi белгiсiз мылқау шал өз мiн­детiн үн-түнсiз атқарып жүре бередi.

Бiрде ауылсәбеттiң төрағасы орталыққа барайын деп атына мiнiп жатқанда әлгi пошташыны көрiп қалып: «Оу, ақсақал, маған мiнгесiңiз, ала кетейiн», дейді. Бірақ ол басын шайқап, қолын сермеп, атқа мiнбей қояды. Содан төраға еш жер­ге тоқтамай, сар желiп отырып орталыққа келмей ме. Сөйтсе... О-о, Құдайдың құдіретi, манағы  ауылда жүрген шал поштаның алдында тұр дейдi. «Әй, бұл қашан, қалай келiп қалды?» деп аң-таң.

Не де болса, енді сол шалмен бiр­ге қайтуды ойлайды. Әрі-берi күтiп, поштадан шыға қоймаған соң iшке кiрсе, ауылға апаратын хат-ха­бар­ларды алып, кетiп қалыпты. Ал ен­деше, жол-жөнекей қуып жетер­мiн деп төраға қайтадан атына мінеді.

Бiрақ жол-жө­некей пошташы шалдың қарасы көрiнбейдi. Әне-мі­не деп алаң­дап ке­ле жа­тып ұзақ жол­дың жартысын қалай өн­діріп тас­та­ға­нын бай­­қамай да қа­ла­ды. Ке­нет оның көзi сона-а-ау бiр қи­ырда бұл­­­дырап ұшып бара жатқан сары тонға тү­седi. О тоба, мұн­­дай да ғажап бо­­лады екен-ау! Әл­­гi пош­­ташы шал ауа­да қал­қып ұшып бара­­ды дейді... 

Елдiң айтуынша, соғыс аяқталған күнi ол бiр түнде ға­йып болыпты. «Апыр-ай, қиын жыл­да­ры келiп, қай­ғымызды бө­лісіп жүр­ген аруақ екен ғой!» деп үл­кен кі­сілер әлі күн­ге де­йін бас­тарын шайқайды.

Нұрғали ОРАЗ,

«Egemen Qazaqstan»