• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2019

Дүниежүзілік сауда ұйымы уақыт сынағына төтеп бере ала ма?

1745 рет
көрсетілді

2020 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу үдерісі елдің банк жүйесіне әсері мол соңғы кезеңіне аяқ басуы тиіс. Өйткені дәл сол жылы еліміз шетелдік банктердің аумағына кіріп, өз бөлімшелерін ашуларына рұқсат беретін болады. Сарапшылардың болжамынша, бұл жағдай қымбат несиелерден зардап шегіп келе жатқан қарапайым халық үшін пайдалы. Шетелдік банктер елімізге кіріп, өз қызметтерін бастаған жағдайда пайыздық үстемесі төмен арзан несиелер бере бастайды деп күтілуде. 

Екінші жағынан бұл жағдай сол қымбат кредиттер арқылы өз қызметін алаңсыз жалғастырып келе жатқан қазақстандық банк­тер үшін үлкен сын. Олар бұдан кейінгі уақытта өздеріне клиент­тер тартуда ел ішінде пайда болған шетелдік банктермен бәсекелестікке төтеп бере ала ма? Әрине бұл уақыт сынында тұрған мәселе.

Жалпы алғанда, өткен жылдың жекелеген оқи­ғала­ры қызметін тоқса­нын­шы жыл­дар­дан бері, яғни Кеңес Одағы ыдыраған тұстан бері тек жаһандану бағы­тын­да жал­ғастырып келе жат­қан Дүние­жүзілік сауда ұйы­мы­ның алдын­да да әлемдік ау­қымда аса өт­кір мәселелер тұр­ған­дығын көрсетіп берді. Ірі мем­ле­кет­тер­дің арасындағы сауда шиеле­ністерін реттеуге, жекелеген елдердің протекционистік саясатын ауыздықтап, ұйым шарттарында көрсетілген әлемге ортақ тәртіпті ұстап тұ­руға Дү­ние­жүзілік сауда ұйы­мы­ның дәр­мені жетпей қалды. Бұл, әсіре­се АҚШ пен Қытай ара­сын­да басталған жанжалдан кө­рінді. 

2017 жылы АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда айналымы 710,4 млрд долларды құрады, мұның 187,5 млрд доллары – АҚШ-тың Қытайға жөнелтетін тауарлары да, 522,9 млрд доллары – Қытайдан қабылдайтын импорттық тауарлары. Бұдан Қытай экспортының АҚШ экспортына қарағанда, әлдеқайда басым екендігін байқауға болады. Екінші жағынан алғанда, егер олар бір-біріне кедендік баж салығын өсіре берсе, екі ел ара­сындағы сауда соғысы АҚШ-қа қарағанда, Қытай үшін тиімсіз болып шығатындығын аңдатады.

Былтыр қыркүйек айында АҚШ-тың Қытайдан келетін көп­теген тауар тізбесіне жаңа 10 пайыз­дық баж салығын қолдану жөніндегі шешімі күшіне енді. Бұл шешім жиыны 200 млрд долларлық тауарлар көлемін қамтыды. Өз кезегінде Қытай АҚШ-тан келетін мыңдаған түрлі тауарға 10 пайыздық кедендік баж салығын қолданды. Бұл шешім көлемі 60 млрд доллар тұра­тын тауарлар жиынтығын қамтыды. 

2019 жылдың 1 қаңтарында АҚШ-тың Қытайға қарсы қолда­натын кедендік баж салығы енді 25 пайызға дейін өсуге тиісті еді, егер Бейжің тарапы бе­тінен қайтпайтын болса. Бі­рақ бір жақсысы, Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің өткен жылдың желтоқсан айын­да Буэйнос-Айресте өткен Үл­кен жиырмалықтың отырысынан кейінгі оңаша кездесуі ушыққан жағдайды уақытша болсын ауыздықтауға мүмкіндік берді. Олар 2019 жылдың 1 қаңтарынан кейін жаңа баж салы­ғын қолданбауға өзара ке­лісті. «Қазір жаңа кедендік баж салығын қолдану жөніндегі шешім уақытша тоқтатылды. Бірақ 90 күннің ішінде Қытай мен АҚШ арасында  келісімге қол жеткізілмесе, ол шешім күшіне енеді» делінген бұл жайында Ақ үй хабарламасында.

Астана клубында бас қосқан халықаралық сарапшылардың пікірінше, толық мәніндегі сауда соғысының етек алып кету қаупі 2019 жылы Еуразия кеңістігінде орын алуы мүмкін басты 10 қатер­дің ішінде екінші орында тұр. «Отыз жылға созылған жаһандану үдерісі аяқталуға таяу тұр. Оның басты ойыншысы АҚШ протекционизмге және оқшаулануға қарай бет бұрды. АҚШ пен ҚХР арасындағы сау­да соғысының ушығуы, екінші жақтан Вашингтон мен Брюссель (Еуропалық одақтың бейресми орталығы) қарым-қатынасының күрделене түсуі 2019 жылы әлем­дік сауданың 50 пайызына дейін қамтитын жаһандық эконо­микалық жанжалға ұласуы мүмкін» делінген бұл жайында сарапшылар тұжырымында. 

Осыған орай жекелеген са­рап­шылар пікірі бойынша 2019 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы қызметі тиімділігінің күрт құлдырауына куә болуымыз да әбден мүмкін. Егер аталған ұйым оның басты қатысушылары АҚШ, Қытай және Еуроодақ елдерінің талаптарына жауап бере алмаса, тіпті оны тарату тура­лы мәселенің шығуы да ғажап емес. «Егер ДСҰ тиімсіз ұйым деп танылатын болса, мұндай жағдайда оның орнына БҰҰ-ның өзінен бастап, G20 (Үлкен жиырмалық елдері), G7 (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше Үлкен жетілік елдері) келуі немесе АҚШ, ҚХР мен Еуроаймақ елдерінің басын қосатын жаңа G3 пайда болуы да жоққа шығарылмайды» дейді бұл жайында Түркия банкі төрағасының орынбасары Туралай Кенч. Ал Бреттон Вудсты жаңарту жөніндегі коми­теттің негізін қалаушы және бас директоры Марк Узан қа­зір әлемдік экономиканың бұрын­ғыдай үйлесімді емес екен­дігін айтады. «Етек ала бас­таған сауда соғыстары, негізгі резервтік валюталардың кү­шеюі, монетарлық саясаттың қал­пына келуі – бұлардың бар­лығы алдымыздағы әлеуетті дағдарыстың дайын белгілері. Олар  2019 жылдың өзінде дамушы нарықтар мен Еуразияға өз әсерін сездіре бастайды» дейді ол. 

«2019 жылға Еуразия үшін жаһандық тәуекелдер» туралы сауалнамаға қатысқан 1 мың­­ға тарта респонденттің 70 па­йызға жуығы АҚШ пен Қытай арасындағы толық көлемдегі сау­­да соғысы 2019 жылы күшейе түседі деп есептейді. Ал мұның алғашқы салдары әлемдік сауда мен инвестициялар ағымының және жаһандық экономикалық өсімнің баяулауынан көрінетін болады. Bloomberg-тің бағалауы бойынша Қытай экономикасы АҚШ тарапының кедендік баж салығын көтеруі есебінен 2019 жылы ІЖӨ-нің 0,7 пайызын жоғалтады. Осыған орай жасалған Қытайдың қарсы шарасы АҚШ ІЖӨ-сінің 0,66 пайызға төмендеуіне әкеледі. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша осы оқиғаға байланысты әлемдік экономика 2020 жылы ІЖӨ-нің кемінде 0,5 пайызынан айырылатын болады.

Ал ДСҰ бағалауы бойынша жаһандық сауда соғысы (барлық елдер кедендік баж салы­ғын кө­теретін болса) әлемдік сауданың 17 пайызға төмен­деуіне, ІЖӨ-нің 7,5 пайызға азаюына әкеледі.

Сауалнамаға қатысқан рес­пон­дент­тердің 80 пайызға жуы­ғы сау­­­да соғыстары дамушы ел­дердің қаржы жағдайына тө­тен­ше соққы болып тиеді деп қо­рытынды түй­­ген. Сарапшы­лардың баға­лауынша, сауда соғысы –  сауданы дамыту жөніндегі басты халықаралық институт саналатын ДСҰ дағ­да­рысының тереңдей түс­кен­дігінің белгісі. Бұл ұйым өзі­­нің қазіргі қалыбында күш алып кеткен протекционистік тренд­­­ке тиімді қарсы тұра алмай­ды. 

АҚШ белсенді түрде қолда­нуға көшкен қазіргі санкциялар мен сауда шектеулері алдағы уақытта жазалауға ұшыраған елдерді біріктіруі де мүмкін. Мұн­дай бірінші блок Еуразияның орталық бөлігінде Ресей, Иран және Түркия бейнесінде бой көрсете де бастады. Ал осының ақырында неопротекционизм ықпалы басқа нарықтарға да кеңінен тарап кетуі ғажап емес.

Мамандандырылған сарапшылар елдердің үкіметтерін осындай жағдайлардан сақтандырады. Олардың пікірінше, ірі ойыншылар арасында сауда соғысы жалғаса түскен жағдайда дамушы нарықтар сауда кикілжіңдеріне кірігіп кетуден барынша бой тартып, өз елдеріне сауда соғысы тигізетін әсерді азайта түсу бағы­тында неғұрлым бейтарап саясат түзу жолдарын қарастыруы керек.

Сарапшылар оқиғаның өрбу нұсқасының үш түрлі жолын көрсетіп отыр. Соның негізгісі бо­йынша Қытай мен АҚШ шие­ленісі 2019 жылы оған басқа ел­дердің қатысуынсыз өз бетінше өрбиді. Қысқа мерзімдік уақытта бұл сценарийдің жүзеге асуының салдары әлемдік экономика мен сауда үшін неғұрлым же­ңілірек болғанымен, АҚШ пен Қытай арасындағы жанжалдың жалғасу қаупі Қытай технологиялары және капиталының қаты­суымен қосымша құнның жаңа тізбектерін қалыптастыруға келе­тін инвестицияларға кедергі болады. Осының негізінде ДСҰ-ны қайта трансформациялау бас­талады. Оның апелляциялық органы таратылады.

Екінші сценарий бойынша, Бейжің мен Вашингтон ара­сын­дағы жанжал ұлғаяды. Бұл АҚШ пен Еуропалық одақ қарым-қатынасына ықпал етеді. Ресей, Иран және басқа да елдерге жаңа санк­циялар қолданылады. Америкалық инвестициялардың қысқаруы, АҚШ-пен сауда шартының қиындауы салдарынан Қытай экономикасы елеулі кері әсерге тап болады.

Америкалық тарап Еуропа одағына қысымын күшейтеді, тіпті еу­ропалық импорттың үл­кен тіз­бесіне баж салығын көте­ре түсуі де ғажап емес. Бұған қар­сы ЕО-ның берген жауабы жа­һандық сауда соғысында екінші майданның ашылуына әкелуі мүмкін. Осының ықпа­лымен жаһандық сауданың халық­аралық төрешісі ретін­дегі Дүниежүзілік сау­да ұйымының рөлі күрт құлды­райды. Көптеген ұйым мүше­лері екіжақты формат негі­зінде жұмыс істеуге кірі­сіп, халықаралық даулардың ұйым ішіндегі шешілуі барынша қиындайды. Сарапшылар мұны неғұрлым ауыр да күрделі сценарий ретінде бағалайды.

Ал үшінші – неғұрлым жа­ғымды сценарий бойынша АҚШ пен Қытай өзара келісімге келіп, мұнан кейін қалыптасқан тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жүйелі түрде азайту міндеттерін мойындарына алады. Бұл екі ел саудасының нығаюына және осы елдермен бірге қосымша құн жасау ісіне тартылған басқа елдер эко­номикасының дамуына жаңа сер­пін береді. ДСҰ-ға қаты­сушы елдер ұйым қызметінің ұйым­дастыру-құқықтық тетікте­рін реформалау бағытында жаңа мүмкіндіктерге ие бола отырып, сауда дауларын шешу тиімділігін заман талабына сай арттыра түсетін болады.

Сонымен, сарапшылардың Дүниежүзілік сауда ұйымының қызметі туралы пікірлерінен түйгеніміз, оның болашағына ұйым­ға қатысушы басты алып елдер АҚШ пен Қытай және Еуро­палық одақ қарым-қатынас­тарының тигізетін ықпалы зор. Бұл елдер өзара тіл табысып, жұмыс істей алса, онда ДСҰ-ға да бәлендей қауіп жоқ. АҚШ пен Қытай арасындағы теке-тірестің уақытша болсын баяу­лауы осындай үміт күттіреді. Бүкіл дүние алыптардың бұдан кейінгі қимыл-қозғалысын бағып тұрғандай.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»