Өмір жолының қай кезеңінде де, қандай тағдырлы жылдарында да табиғи қалпын бұзбай, шыр етіп дүниеге келгенде құдай маңдайына жазған адамдық асыл қасиеттерінен айнымай, уақыт желімен құбылып соқпай, құрыққа сырық жалғамай, жүзі жарқырап жүріп жатқан жүрегі таза, жайсаң жандар көптеп саналады. Сондай ел санаты дерлік санаулылардың қатарына атырапқа аты мәлім тағылымды тұлға, іскер ұйымдастырушы, беделді басшы Әлихан Әбдіханұлы Тойбаевты жатқызуға болады.
Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған биік адамшылық иесі, аса білікті маман, мені кем, алды кең абзал азаматтың бүкіл саналы ғұмыры елдің бетінде, желдің өтінде өтіп келеді. Адамның, әр азаматтың өмір жолында кездесетін бір ерекше тұлға болады. Мен сондай азамат деп Әлихан досымды сеніммен айта аламын. 1974 жылы жұмыс бабында танысып, кейіннен туыстан артық, қияметтік дос болып кеттік. Сол сыйластық бүгінге дейін жарқын жалғастығын тауып келеді. Сыйласып та, сырласып та жүрген осы жылдар ішінде оның адами болмысын, азаматтық әлемін біркісідей білемін десем, артық айтқандық емес шығар. Оның ішкі жан дүниесі мен көңіл түкпіріне үңілген сайын жүрек аясын айнадай таза ұстайтындығына көзім анық жетті.
Әлбетте атақ-абыройдың өздігінен келе салмайтыны белгілі. Ол адамгершілік пен азаматтық парызды тең тұтынған тектінің еңбегі арқылы ғана келмек. Сол ретте Әлихан достың болмысына бойлауды оның өмірбаян дерегіне аз-кем тоқталудан бастаған жөн. Әлихан Әбдіханұлы Алматы облысы Талғар ауданының Фрунзе (қазіргі Туғанбай) ауылында туған. Әкесі Әбдіхан заманында аймақ-атырапқа белгілі, аузы дуалы, сөзі уәлі, елге сыйлы адам болған. Колхоз басқарған. Оның бойындағы ерінбей еңбектену, істі тындырымды атқару, түрлі санаттағы адамдармен тіл табысып, ортақ іске жұмылдыра білу, сөзге, сертке берік болу сынды, кейін бүкіл саналы ғұмырына таразы тартқан кісілік қасиеттер, адамшылық сипаттар сол абыз әкенің өнегесінен, тәрбиесінен дарыған болуы керек. Әлихан Қазақ ауылшаруашылық институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын туған ауылында қатардағы жұмысшылықтан бастаған. Жүргізуші, слесарь, агроном, бригадир болған. Инабатты ізгілік, істің көзін тапқан ілкімділік бірден басшылықтың көзіне түсіп, тұрғындардың назарын аударған. Соның арқасында қызметке кіріскеніне көп уақыт өтпегеніне қарамастан жауапты жұмыстарға еркін тартыла бастайды.
Мансап жолын Талғар ауданы «Горный садовод» кеңшарының партия комитетінің хатшысы болып бастап, атқарған адал еңбегіне қарай қызметі сатылап өсіп, Талғар аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Талғар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Талғар аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Халық депутаттары Талғар аудандық кеңесінің төрағасы қызметтерінде де ел ықыласына бөленді. Еліміздегі әкімдік институттың бастау көзінде тұрды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты қағиданы берік ұстанып, халықпен етене жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Талғар ауданының, Талғар қаласының, Қарасай ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің бipiншi орынбасары, Алматы облысы әкімінің орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметтерін де абыроймен атқарды. Қай қызметтің тұтқасын ұстаса да білек сыбанып кірісіп, қайраткерлік танытып, жемісті еңбек етті. Қандай да бір күрделі мәселелердің шиеленіскен күрмеуін іскерлікпен шеше білді.
Бір ғана саламен шұғылданатын бірегей мекеме емес, аумағы бірнеше белдікті басып жатқан, шаруашылық құрылымдары да сан-салалы, оның үстіне тұрғын халқы тілі басқа, діні бөтен, ділі бөлек бірнеше ұлт өкілдерінен құралған аймақ, ауданды біліктілікпен басқарудың қиындығы өз-өзінен түсінікті болса керек. Міне, осы мәртебелі міндетті қал-қадерінше абыроймен атқара білді. Әуел бастан-ақ алыс ауылдардың жай-күйіне, әлеуметтік салаға баса назар аударды. Халқымыздың атақоныс – арда мекені ауылдардың жағдайы жылдам жақсарып, еңсе тіктеп кетуін басты талап етіп қойды. Елдің рухын көтеріп, басынан бағы тайған ауылдардың барын қайтадан базарлаудың ұлы міндетін қажырлылықпен орындап шықты. Ел үшін аянбай еңбек етіп, халық құрметіне бөленді. Облыс көлемінде орын алған барлық баталы бастамалар мен іргелі істерге белсене атсалысып, алдыңғы қатарда жүрді. Соның нәтижесінде 2012 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланды.
Депутат болған жылдарында Парламентте қабылданған әрбір заң жобасын талқылауға белсене қатысып, өзінің өмірлік бай тәжірибесін, білім-білігін танытты. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болды. Соған сай ауылға қатысты маңызы зор мәселелерді батыл көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, шаруашылыққа, ауыл адамына тиімді жаңа заңдардың қабылдануына лепті үлес қосты. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсіп, Елбасының сындарлы саясатын жан-жақты насихаттауда алымдылық танытты. Көпшіліктің көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғынып, шынайы шешім табуына себепкер болды. Халық қалаулысы ретінде толғағы жеткен мәселелер жөнінде пайымды пікірлер айтып, салиқалы сұхбаттар құрды. Солардың бірінде былайша толғанады: «... Әр азамат адам деген атқа лайықты болуы керек. Адами асыл қасиеттерді бойына жинаған жандар өз ортасына нұрын шашып жүреді. Адамның білімі мен мамандығы өнегелі тәрбиемен ұштасып жатса, сөзі мен ісінен кісілік келбеті көрініп тұрса, міне, нағыз азамат сол! Сонымен қатар адам өзіне жүктелген міндетті адал атқаруға ұқыпты болуы керек. Абырой – ұзақ жылғы еселі еңбектің жемісімен келетін нәтиже. Жанындағы әріптестеріне, достарына көңілі ашық, жаны таза азаматтарды жоғары бағалаймын. Осы қасиеттердің барлығы адамның Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Тәуелсіз елімізді алға бастыратын азаматтардың білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, парасатты, имандылығы мол болуын тілеймін. Сондай-ақ рухани-мәдени қазынамыздан сусындаған, ұлттық салт-дәстүрімізді бойына жинаған адам өмірде өз орнын табады деп ойлаймын».
Ішкі ерік-жігері мен табиғи күш-қуаты мол тұлға соңғы жылдары Алматы облысының Қоғамдық кеңесі қызметін абыроймен атқарып жүр. Ұзақ жылдарғы бай тәжірибесімен, атырапқа сыйлы абыз ақсақал ретінде мемлекет құрылымының бұл жаңа буынының жұмысын жолға қоюға атсалысуда.
Әлихан Тойбаевтың ел білетін тағы бір тамаша қасиеті – ол кім-кімге де көмек қолын созуға даяр тұрады. Өтініш жасаған жанның меселін қайтару дегенді білмейді, жақсылықты жан қалауымен құлшына жасайды. Және оны азаматтық борышым деп қана біледі. Әлихан Әбдіханұлының қайтарымсыз қамқорлығы, аялы алақанының арқасында шаруасын ширатып, қызмет бабында өсіп, жетіліп кеткендер көп болды. «Жақсының шарапаты тиер тар жерде» деген осы. Сол ыңғайда «Тірлігіңде тек жақсылық қана жаса, адамнан болмаса да Алладан қайтады» деген, орта ғасырлық сопы Сұлтан Санжарға қатысты қанатты қағида Әлиханның өмірлік бағыт етіп ұстаған бағдаршамы екеніне риясыз сенесің.
«Туған жерге туың тік!» деген. Ә.Тойбаевтың туған жері, өскен еліне деген ықыласы тіпті ерекше. Қазақ байтағының қай қиырында жүрсе де, қандай белес асып, қай биікке көтерілсе де, өмірінің сонау ең бір таза, шынайы кезеңіне куә болған қараша ауылды жадынан ешқашан шығарған емес. Туып-өскен өлкесінің тыныс-тіршілігінен өзін бір сәт те бөлек ұстамайды. Туғанбай ауылымен мақтанып, марқайып қана қоймай, перзенттік парызын да үзбей атқарып жүреді. Ауылда соңғы жылдары бой көтерген мешіт үйі, оның жанындағы дәмхана, амбулатория, кең самала рәсімханалардың салынуына бірден-бір ұйытқы болған, ықпал еткен де Әлиханның өзі. Туғанбай ауылы бүгінде сән-салтанаты келіскен жарастықты мекен, жоралы жұрт. Ауылдың тіршілігі – оның жан тынысы, ауыл адамының жай-күйі, мұң-мұқтажы – оның мәңгі алаң мәселесі. Хал-қадерынша, ақыл-кеңесін берсе де, көмек қолын созуға асығып тұрады.
Еселі еңбек бағалануымен баянды. Әлихан қалаулы қызметкер, байыпты басшы ретінде көптеген партия съездеріне, конференцияларына делегат болып қатысты. «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Басқа да салалық, мемлекеттік наградалары жетіп артылады. Ең бастысы – халқының қапысыз сый-құрметіне бөленіп отыр.
Әлихан Әбдіханұлы сонша жұмыстың сыртында өнегелі отбасы иесі, асыл жар, ардақты әке, ұлағатты ата. Әйел парасаты, әйел көрегендігі – бір отбасының ғана емес, бүкіл Отанның ортақ игілігі. Бұл ретте Әлиханның өмірлік жары Нұржамал замандасымыз да құдай деген жан, данагөй әйел. Әлиханмен дәмдес-тұздас болған сыралғы дос-жаран оның осындай қадір-құрметке бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Нұржамалдың да өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлылығы мен көңілінің дарқандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризалықпен айтып жүреді. Нұржамал бел шешпей, ат үстінде көп жүретін азаматқа берік тыл бола білді. Өзі де ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Бірнеше буын ұрпақ өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Ортаның, ойын-сауықтың гүлі. Келістіріп, кестелеп сөйлеп бергенде, М.Шаханов, т.б. ақын-жыршылардың түрлі тақырыптағы өлең-толғауларын жатқа соққанда жалықпай тыңдай бергің келеді.
Бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында төрт бала өсіп тәрбиеленді. Балалардың барлығы өнегелі ата-ананың талап-тілегіне сай, қалыпты білім алып, байыпты маман, азамат болып қалыптасты. Бүгіндері барлығы дерлік жауапты, лауазымды қызметтер атқаруда.
Тіршілігіме бір тәубе етерім – халқымыздың небір майталман маман, марғасқа қайраткерлерінің алдын көруге, сеніміне ие болуға, шапағат, шуағына бөленуге тәңір нәсіп етті. Оның ішінде бірге қызмет еткен, сыйлас, қадірлес, аралас-құралас болған азаматтар санатында адамдық болмысымен де, кәсіптік қабілетімен де көпке үлгі тұтатындай, алтын айдарлы азаматтар көп болғанын ерекше ілтипатпен, ризашылықпен айтып отырамын.
Олардың бірінің басынан батырға тән байсалды, тұжырымдылық пен шешімділікті байқасам, енді бірінің салиқалы сөзінен халық даналығын бойына дарытқан естілікті аңғара білдім. Қайсысы болсын батыл, өжет мінезді, тар жерде ақыл табар алғырлығымен тәнті ететін. Солардың бірі де бірегейі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әлихан Әбдіханұлы Тойбаев. Ырыс-несібең ортаймай, ғұмырың қанша ұзақ болса, соншалықты көзіңнен нұр, көңіліңнен от таймасын, жасампаз жаратылыс, жайсаң дос, дегім келеді.
Әбілхакім АҚМЫРЗИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,
Алматы облысы Талғар ауданының және Ақмола облысы Бурабай ауданының Құрметті азаматы