Жекеменшік үйлердің бірінде алабай тұқымдас итті жедел шақыртылған полицейлер бірнеше рет атса да, өлтіре алмаған.
Әдетте иттің иелері түнде қаумалдан шығарып, аулаға босатып жіберіп отырған. Оқыс оқиға болған күні 67 жастағы әйел арнайы орынға кіргізе алмай, әбден әуре-сарсаңға түседі. Жайшылықта айтқанға тез көне қоятын төбеттің ызасына тиіп кетсе керек, қарсы шауып, тарпа бас салады. У-шуды естіп, көмекке келген отағасына да тұра ұмтылып, талап тастайды. Әйтеуір әйелі көмек шақырып үлгереді.
Шұғыл жеткен жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері иесін тістелеп жатқан төрт аяқты тағыға табельдік қару қолданғанмен, тайыншадай төбеттің қалың терісіне оқ дарымаған. Одан сайын ызаланып, шабалана түскен. Ақыры ветеринарлық қызмет мамандары улы оқпен атып өлтірген.
Ауыр дене жарақатын алған үй иесі жедел ауруханаға жеткізіліп, жан сақтау бөлімшесіне жатқызылған.
Күшік кезінен асыраған алабай тұқымдас иттің алабөтен мінез көрсетіп, агрессиялық әрекетке түсуіне көршілері де аң-таң. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген осы болар, сірә! Ит иттігін істемей тұрмайтынын естен шығармаған жөн. Былтыр өңірде иттен 181 адам, биыл 12 адам зардап шеккен.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
ПЕТРОПАВЛ