Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, әлем халқының жартысына жуығы жастар. Сол себепті әлемдік қоғамдастық, даму траекториясына аяқ басқан кез келген мемлекет адам капиталының маңызды бөлігі ретінде жастарға, олардың әлеуетін дамытуға ерекше мән береді.
Осы орайда Мемлекет басшысының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны еліміз үшін айрықша маңызды. Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатындағы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты сөзінде жастардың өзекті мәселелеріне кешенді түрде назар аударғаны ерекше қуантады. Қазіргі таңда мемлекет жасап отырған мүмкіндіктер IMD Халықаралық басқаруды дамыту институтының рейтингінде Қазақстанды сапалы орта біліммен қамту бойынша әлемдік ондықтың қатарына қосып отыр. Қазақстан жастары әлемнің дамыған елдерінің жастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын дәрежеге жетті.
Жастардың әлеуметтік дамуына, ғылыммен айналысуына, қоғамға пайдалы болуына мемлекет тарапынан әзірленетін ендігі шаралар олардың ұлттық, мәдени мұраға, ел бірлігіне құрметін арттырып, ізгілік, отбасы құндылықтарын ілгерілетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ендігі міндет – жастардың мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді бағалай біліп, өз ісінің кәсіби маманы, қоғамның азаматтық жауапкершілігі мол мүшесі бола білуінде.
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры