Елбасы қолдауы ерекше күш-жігер береді
Жастар жылы ашылды. Қазақстанның жастары – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылып отыр. Тәуелсіздік жылдарында көп жетістікке қол жеткіздік. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін жастар енді бұрынғыдан да белсенді болуы керек.
Биыл ауылдағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына өмірі мен жұмысына қолайлы жағдай жасалмақ. Ауыл – мемлекеттің тірегі, ұлтжандылық пен рухани күштің қайнар көзі.
25 жыл бұрын қаладан ауылға жұмыс істеуге келдім. Барлығын жоқтан бастадым. Бірақ әрдайым Президенттің қолдауын көрдім, ол ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалары арқылы жастарға жігер берді. Қазір менде қарқынды дамып келе жатқан шағын шаруа қожалығы бар. Өзім агро және ауыл туризмімен де айналысамын, «Қазақстанның болашақ аграршысы» атты жобаны жүргіземін, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашамын, жас фермерлерді дайындаймын, қысқасы, ауыл жастарымен жұмыс істеймін. «Open World» бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып келдім. «Жастарға жасалған» тауарлар мен қызметтерді сату орталығын құрдым.
2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасымен кездестім. Сонда сөйлеген сөзім, айтқандарым Мемлекет басшысының ықыласына ие болды. Бұл маған жігер берді. Міне, енді Президент қызметтің түрлі саласында барлық Қазақстан жастарына қолдау көрсетілетінін айтып отыр. Елбасы аграрлық секторға айрықша көңіл бөліп келеді. Біздің де айтар алғысымыз мол!
Жастар жылы – жастардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік. Еліміздің барлық жастарына тек сәттілік тілеймін!
Дмитрий КОРЕПАНОВ,
фермер, аудандық мәслихаттың депутаты
Павлодар облысы, Павлодар ауданы
Жаңаша ойлайтын жас буын өсіп келеді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын ресми түрде ашты. Қарағанды медицина университетінің қызметкері және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар республикалық қозғалысы Қарағанды өңірлік штабының басшысы ретінде маған енді жастармен жұмыс істеуге кең мүмкіндік туады ғой деп ойлаймын.
Президенттің форум барысында айтқан бастамалары мен тапсырмалары Қазақстанның жас буынын жан-жақты қолдауға бағытталған. Мәселен, Астана, Алматы және Шымкент (жақын арада Қарағанды қосылады) қалаларының еңбек жастары үшін жалға берілетін пәтерлер салу, ғылым мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін қосымша гранттар бөлу, отбасы институтын дамыту және нығайту, «Astana Open University» ашық университетін құру және т.б. осы сөзімнің айғағы.
Мемлекет басшысының әрбір өңірде Назарбаев Университет үлгісі бойынша 1 жоғары оқу орнын құру жөніндегі бастамасы өте маңызды деп білемін. Бұл – облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда ғылыми және білім беру хабы ашылады деген сөз.
Нұрсұлтан Әбішұлы барша жасты отаншылдықты көрсететін, елге әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуға көмектесетін, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын нақты іс-әрекеттерге шақырды. Біздің «Жаңғыру жолы» республикалық штабымыз Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан алған әсерден соң, жастарға осы жыл аясында Астана қаласында алма бағын өсіруді ұсынды. Бұл ұсыныс, өздеріңіз куә болғандай, штабымыздың мүшесі Тамила Розметова арқылы жеткізілді. Бастамамызды Елбасы қолдады. Өз тарапымыздан нақты шаралар жоспарлап отырмыз. Біріншісі – Қарағандыда 28 қаңтарда «Сарыарқа жастары» студент жастардың форумы өтеді.
Бұл жылды елдегі жас буын өздерінің идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға, білім мен ғылымды дамытуға, бәсекеге қабілетті жаңа қоғам құруға атсалысуға арнайтын болады. Елімізде жастардың креативті, жаңаша ойлай білетін жаңа толқыны өсіп келе жатқанына сенімдімін!
Александр УРМАШОВ,
«Жаңғыру жолы» жастар республикалық қозғалысы өңірлік штабының басшысы
ҚАРАҒАНДЫ
Кәсіпкерлікке кең жол ашады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде еліміздегі жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер мен көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесінде ірі бастамалардың сәтті жүзеге асқандығын айтты. Президент «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаны шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде құру қажеттігін де баса айтты. Тіпті, жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізу межесін белгілеп берді. Бұл бастаманы толықтай іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Елбасы мысалға алған соңғы жылдағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы аясында ауылдар мен шағын қалаларда 43 мың тұрғын кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп шықты. «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы мемлекеттік бағдарламаға енбес бұрын, 2016 жылы екі облыстың (Маңғыстау, Ақтөбе) 3 ауданында сынақтан өткізіліп, оқыту форматы «Атамекен» ҰКП-да пысықталып, жетілдірілді. Алғашқы жылы жоба 80 ауданды қамтыса, 2018 жылы оған 160 аудан мен 40 қаланың жұмыссыз және өзің өзі жұмыспен қамтыған адамдары қатысты.
Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің нәтижесінде 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 2017 жылмен салыстырғанда шағын несиелеуге бөлінген қаржы көлемі екі есе артты. Былтыр шағын несиелеуге 62 млрд теңге бөлініп, 14 мың кәсіпкер қамтылды. Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға тиесілі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Бастау» жобасы аясында 7 692 қатысушы бизнестерін ашса, енді біразы кәсібін кеңейтті.
«Бастау» оқыту жобасына қатысқандардың 25 пайызы 18-29 жас аралығындағы жастар. Елбасы Жастар жылына қатысты салтанатты жиында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер үшін гранттар санын арттыруды тапсырды. Президент атап өткендей, бұл мүмкіндік барысында үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жас бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Олардың төрттен бірі, кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастайды. Бұл кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобаларына жастардың неғұрлым көбірек келуіне септігін тигізбек.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы университеттің жоғарғы курстарында оқитын студенттерді де бизнеске баулуды ұсынды. Осы бағытта бағдарлама дайындалып, оны жүзеге асыруға ел қазынасынан 32 млрд теңге бөлу тапсырылды. Бүгінде еліміздегі бітіруші курстарда, университеттің жоғарғы курсында оқитын 60 мыңға жуық студенттің кәсіпкерлікке қадам басып, өз ісін бастауына бұл орасан зор мүмкіндік деп есептеймін.
Бауыржан ОРАЗҒАЛИЕВ,
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаппай кәсіпкерлік және шағын қаржыландыру департаментінің басқарушы директоры
Үздік жобаларға сәттілік
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы – біз үшін қуантарлық жағдай. Мемлекет тарапынан жастарға ерекше назар аударылып, жағдай жасалғалы отырғандықтан, осы күнге дейін шетелде және Қазақстанда алған біліміміз бен тәжірибемізді елімізге арнауға дайынбыз.
Мен Ұлыбританиядағы Уорик университетінің және Назарбаев Университеттің түлегімін. Қазіргі уақытта Жоғары білім беру мектебінде постдокторант-зерттеушімін. Біздің мектепте білім беру және зерттеу саласына үлес қосып жүрген бірнеше жас ғалым жұмыс істейді, көптеген талантты магистрант және докторант жас білім алады. Біз, жас зерттеушілер үш тілде білім беру, жоғары білім беру саласын басқару, инклюзивті білім беру сияқты аса маңызды тақырыптарды зерттеумен айналысамыз. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, еліміздегі білім жүйесін жақсартуға бағытталған ұсыныстар дайындаймыз және стейкхолдерлер арасында таратуға тырысамыз.
Жастар жылының салтанатты ашылуына қатысқан Инженерия мектебінің докторанты, әріптесіміз Дамира Пернебаеваның айтқан ұсынысына Елбасы қолдау білдірді. Қазақстан жастары арасында ең үздік 100 ғылыми зерттеу жұмысын анықтау, шын мәнінде, көптеген саладағы жас зерттеушілерді ынталандырып, еліміздегі ғылым сапасын жетілдіріп, жаңа серпін береді. Ұзақ мерзімді тұрғыдан алсақ, мұндай зерттеу жұмыстарының еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын жақсартуда әлеуеті зор. Осы үздік 100 жобаның арасында білім беру саласында жүргізілген зерттеу жұмыстарына біз де атсалысатын боламыз.
Лаура ҚАРАБАСОВА,
Назарбаев Университет Жоғары білім беру мектебінің постдокторанты, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі