• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2019

Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия табысталды

849 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Алматы қаласында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова 2018 жылғы Қазақстан Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыстады.

Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия жыл сайын құрметті атақтар мен мемлекеттік наградаларға ие болған шығармашылық майталмандарын, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстан руханиятын қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін айырықша дарынды жастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында беріліп келеді. Достық Үйінің дөңгелек үстелі басындағы салтанатты жиынды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, сөз кезегін Г.Әбдіқалықоваға ұсынды. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы иегерлерін құттықтап, 2018 жылғы стипендияға ие болғандардың көрсеткішімен таныстырды. Атап айтқанда, 20 мен 35 аралығындағы жастар – 0,4 пайыз, 35 пен 50 ішіндегі орта буын –  0,5 пайыз, 55-75 арасындағы кемеліне келген толқын – 18,6, ал 75-тен асқан аға буын өкілдері – 61 пайызды құрап отыр.

«Өткен жыл еліміз үшін ерекше кезең болды. Елімізде үшінші жаңғыру үдерістері жалғасын тапты. Экономикалық өзгерістер, саяси реформалар және рухани жаңғыру дамудың басты бағыттары ретінде ілгерілей түсті. Тәуелсіз Қазақстанның символы және жарқын жетістігі Астананың 20 жылдығы атап өтілді. Бас қаламыздың мерейтойы аясында барлық өңірде 5300-ден астам мәдени-көпшілік, спорттық, қайырымдылық және өзге де іс-шаралар өткізілді. Әр өңірдегі олардың орташа саны 400-ден асты. Бүгінде Елордамыз саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми орталық ретінде әлемге танымал» деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы былтырғы жылы өнер мен мәдениеттен көрініс тапқан елеулі жетістіктерді тиянақты атап өтті және бүгінгі таңда елде жасалып жатқан «Рухани жаңғыру» жобасының дамуға жол ашатын маңызды тетіктеріне жан-жақты тоқталды. Елбасы Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Үкімет жанындағы арнаулы оқу комиссиясының қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін қоғамдық өмірдің барлық саласына кезең-кезеңімен қолдану жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жоғарғы жетістікке жеткен Қазақстанның 100 жаңа тұлғасының таңдалып алынғанын, жүзеге асырылып жатқан әр түрлі мемлекеттік жобалар негізінде алдағы уақытта тағы да тұлғалардың дараланып шығатыны елдің рухани капиталы мен әлеуетін одан ары арттыра түспек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында да әр өңірде демеушілер есебінен 300-ден астам әлеуметтік нысандар салынған. 200-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны қайта жөндеуден өткізілген. Өлкетану жұмысын кең қамтитын бұл жоба әлі де жалғасын таба бермек.

Г.Әбдіқалықова «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде әдебиет, театр, кино, дәстүрлі, классикалық музыка, бейнелеу өнері сынды төрт бағыт бойынша бірқатар жұмыстардың толассыз атқарылып келе жатқанын жеткізді. Мысалы, әдебиет бағыты бойынша тәжірибесі бар, озық шетелдік стратегиялық серіктестерді тарта отырып, «Қазіргі заманғы қазақстандық проза», «Қазіргі заманғы қазақстандық поэзия» антологиялары БҰҰ-ның ресми алты тіліне сапалы аударылып, дүниежүзі оқырманына жол тартатыны – руханият саласындағы ірі жетістік. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы шеңберінде де 185 макро киелі нысанның, 456 микро киелі нысанның тізімге енуі мәдениет пен ғылымның маңызды істерін түгендеудегі игі қадам.

Стипендияға ие болғандар қатарында Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Баян Имашева, Есмұхан Обаев, Чапай Зұлқашев, Қабдеш Жұмаділов Иран-Ғайып Оразбаев, Мыңбай Рәш, Нұртас Исабаев, Ескендір Хасанғалиев, Сара Тыныштығұлова, Гүльвира Разиева, Асхат Маемиров, Арман Жүдебаев, Еркебұлан Дайыров, Аян Өтепберген және өзге де майталмандар мен жас дарындар бар.

Дәстүрлі өтетін басқосу барысында Мемлекеттік хатшы руханияттың көшін алға сүйреп келе жатқан  аға буын мен жастардың лебізін, ұсыныс-тілектерін тыңдап, олардың Қазақстан мәдениетін одан ары дамытуға үлес қоса беретініне сенім білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ