Алаштың рухани астанасы саналатын Семей шаһарында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтті.
Бабаларымыздан қалған бағлан өнерді ұлықтауды мұрат еткен шараға Арқа, Алтай, Жетісу, Қаратау, Сыр және Батыс мектептерінің көрнекті өкілдері – есімі елге кеңінен танымал Алмас Алматов, Ерлан Рысқали, Жәкен Омаров, Шолпан Дәржанова, Батыржан Мықтыбаев, Гүлмира Сарина секілді өнерпаздармен қатар жергілікті әншілер Әділ Тұрғанбаев, Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева қатысып, көрерменнің көңілін бір серпілтті. Музыка фестивалінің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Астанадан арнайы келіп, жылы лебізін жеткізіп, «Ұлы даланың көне сарындары» жобасы еліміздің 15 қаласында өтіп, қорытындысы киелі Жетісу жерінде - Талдықорған қаласында шығарылатынын айтты. Жыршы, термеші, күйшілер мен дәстүрлі әннің дүлдүлдерінің басын қосқан өнер думанының мақсат-мұраты қандай, неге Семейден басталды? Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында: «Партиямыздың 20 жылдығына орай өткізіліп отырған бұл ауқымды шараның Семей жерінен бастау алуы да тегін емес. Өйткені Хакім Абай туып-өскен топырақтың қазақ өнеріндегі алар орны ерекше. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың тиімді тетіктерін атай келіп, бұл істе дала фольклоры мен музыкасының да алар орны ерекше екеніне назар аударған болатын. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ән, күй, жыр, терме сияқты асыл құндылықтарын кеңінен дәріптейтін фестивальдің берері мол деп есептейміз. Сонымен қатар осы фестиваль арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәлім беріп, жастарымыздың бойында патриоттық рух қалыптастыруды да көздеп отырмыз. Өйткені, ұлттық құндылықтардан нәр алып өскен ұрпақтың осалы болмайды. Кешегі «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты форумда Елбасы айтқан патриоттық тәрбиенің бір ұстыны осындай ұлы мұраларымызға да табан тірейтіні сөзсіз. Сондықтан жарты жылға жалғасатын жаңа жоба арқылы еліміздің барлық өңірін қамтуды жоспарлап отырмыз. Соған байланысты аталған фестиваль алдағы ақпан айында Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында ұйымдастырылмақ» деп жазған болатын.
Жоба продюссері Базарбек Атығаймен пікірлескенімізде Семейдегі концерт жоғары деңгейде өткенін жеткізді. «Кешті халық өте керемет қабылдады. Жәкен Омаров Қаратаудың, Сыр бойының Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа секілді жыршы-термешілерінің рухани-адамгершілікті насихаттайтын термелерін орындады. Көмеймен жыр айту мектебінің үздік өкілі Алмас Алматов шараны лекция-концерт форматында жүргізіп отырды. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек бастаған Батыс күйшілік мектебінің өкілі Батыржан Мықтыбаев, Жамбыл, Сүйінбайдан бастау алып, Кененге жалғасқан Жетісу әншілік-жыршылық мектебінің өкілі Шолпан Дәржанова мен Алтай-Арқа мектебінің өкілі Ерлан Рысқали бір жарым сағат бойы көрермендерге естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Барлық мектептерді қамтуға тырыстық. Жергілікті әншілерді де қостық. Жалпы, мұндай жоба кейбір облыстарда көптен бері қолға алынбаған екен. Мәселен, солтүстікте соңғы 10 жыл мұғдарында өтпепті. Семей халқы қатты риза болды. Жәкен Омаров пен Шолпан Дәржанова, басқа да өнерпаздар Семейдің халқына риза болды. «Зиялы, талғамы биік аудитория екен» деп бағаларын беріп жатыр», - дейді ол.
Ал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали дәстүрлі музыка фестивалі көрерменнің ғана емес, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздардың еңсесін көтеріп тастағанын тілге тиек етті. «Еліміздің бас партиясы - "Нұр Отанның" ұлттық өнерді ұлықтап жатқаны қуантады. Семейде концерт көруге келген елде есеп жоқ. Зал лық толы болды. Халық сусап қалыпты. Өз өнерін әбден сағынған екен. Әрбір өнерпазға деген ықылас-құрметі тіпті ерекше болды. Текті атаның ұрпағы текті өнерімен қауышты. Текті өнер тұғырынан түспесін», - дейді әнші.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
СЕМЕЙ