Қазақстан мұсылмандарының бас ордасында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Б.Есмаханның төрағалығымен Ұлттық сараптау орталығы мамандарының қатысуымен халал индустриясын дамытуға, лабораториялық жұмыстарды жандандыруға арналған алқалы мәжіліс өтті. Бұл туралы muftyat.kz хабарлады.
Ресми кездесуге ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Б.Мырзагелдиев, «Халал Даму» ЖШС-ның директоры А.Елжанов және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры К.О.Балыкбаев, ҰСО экспертиза бойынша мамандары: У.Б.Аширбаев, Н.Р.Саламатов, ҰСО баспасөз хатшысы А.Сураганова қатысты.
Басқосуда мүфтият пен Ұлттық сараптама орталығының бірлескен жобаларын жүзеге асыру, өзара тәжірибе алмасу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халал өнімдерге лабораториялық сараптама жүргізуді арттыру, осы салада Діни басқарма мен Орталықтың ортақ қызметін жандандыру, т.б. мәселелер жан-жақты сөз болды.
Талай жылдар бойы Алматы қаласында орналасқан «Treegene» молекулалық-генетикалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханасымен тығыз байланыста жұмыстар атқарып келген «Халал Даму» ЖШС бүгін Астана қаласындағы негізгі орталық аппаратынан және 20 филиалдан құралатын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығымен» өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұдан былай «Халал Даму» ЖШС-ның лабораториялық жұмыстары 14 облыстық және Алматы және Астана қалалары бойынша жүргізілетін болады.