Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажеттігін баса айтты. Президент осы орайда Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Сапалы білімге басымдық беріледі
Халқымыз ежелден балаларды ат жалын тартып мінетін балғын шағынан мергендікке, қару ұстауға, соғыс өнеріне машықтандырып, елін, жерін қорғайтын нағыз ер азаматтарды тәрбиелеуге ерекше мән берген. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті шамалы. Ұлы даланың ұландары кез келген қысылтаяң шақта бес қаруын асынып, жұртының малы мен жанын қорғап, ең бастысы намысын таптатпауға дайын болған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әркез жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі деңгейін көтеруге ерекше мән беріп келеді. Елбасының бұл тұрғыдағы тапсырмалары 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Арыстан» мамандандырылған лицейінің мүдделерімен біте қайнасып жатыр. Аталған оқу орнының құрылтайшысы – Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша құрылған «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қоры. Тиісінше, аталған қордың директоры Динара Құлыбаева мен Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаевтар оқу-тәрбие үдерістерін назарға алып, Елбасының өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты тапсырмаларын бұлжытпай орындауды бақылауда ұстап отыр.
Жалпы, лицей әскери өмір салтын ұстанатын, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп үйрететін мемлекеттік емес орта білім беретін оқу орны. Сондай-ақ бұл жобаның әлеуметтік басымдығын да айта кеткен жөн. Лицейліктердің оқуы тегін (қайырымдылық) негізде жүзеге асырылады, оқуға қабылдау барысында көп балалы және жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға артықшылық беріледі.
– Оқу орнын құруға Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық қоры құрылтайшы болып, ізгі ниеттерді мақсат етті. Негізгі міндет – балаларға, әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасы баларына сапалы, тиянақты білім беру. Біздің оқушыларымызға қойылар талап қатал болса да, ұстаздардың басты міндеті – балаларға мейірімділік таныту, – дейді «Арыстан» лицейінің бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, генерал-майор Сәбит Тауланов.
Күштік құрылымдар қолдаған
Оқу орны басшылығының айтуынша, «арыстандықтар» еліміздегі басты күштік құрылымдардың қолдауына ие болған.
– Ең бастысы, бізге Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қолдау білдіріп отыр. Біз оларға қажетті кадр даярлауға мән берсек, олар полигондарын, танкодромдарын, оқытушыларын жіберіп тұруға келісті. Біз мұндай келісімге қол жеткізген жалғыз оқу орнымыз, – дейді С.Тауланов. Ал 1993-96 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған генерал-майор Айтқали Есенғұловтың айтуынша, «Арыстан» мамандандырылған лицейі – әскери білім беру жүйесіндегі ең табысты жобалардың бірі.
– Лицейдің орналасқан жері, оқу бағдарламасы ерекше. Мен мұндай оқу орны ТМД көлемінде жоқ деп ойлаймын, – дейді А.Есенғұлов. Әлбетте, кез келген мемлекеттің қорғаныс әлеуеті, қабілеттілігі сапалы мамандарына байланысты. Ал әлемдік тәжірибе әскери өнерге ерте жастан баулудың тиімділігін көрсетіп отыр. Өмірлік ұстанымы ерте жастан қалыптасып, дүниеге көзқарасының аясы кеңіп, патриоттық сезімдері тулаған жастар «Арыстанның» сапында жүр.
Оқу орнының басшылығы мен шәкірттер қауымы «Арыстанға» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келгендігін, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің ақ батасын бергендігін ерекше мақтан тұтады.
Ең бастысы, «Арыстанның» қатарына қабылдану талабы қатал болғанымен, жолы болған жігіттер білімін тереңдетуге мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасы мен әдістемесінің заманауи талаптарға сай келетіндігін көрген талай шетелдік қонақтар да таңданыспен бас шайқаған. Өйткені, оқу үдерісінде ғылым мен техниканың озық үлгілерін қолданатын жасөспірімдер жаңа заманның кез келген құралы мен қаруын бес саусағындай біледі десек, артық айтқандық болмас. Оның үстіне лицей түлектерінің шетелдерде білімін жетілдіруіне де мүмкіндік жасалған. Жалпы білім беретін мектептерге тән пәндермен қатар, жас өрендер саясаттану, бағдарламалау негіздерінен де тәлім алады. Оқытудың бұрынғы тәсілдеріне қазіргі ақпаратқа қолжетімділік серпін беруде. Сондықтан болар, «арыстандықтар» ҰБТмен қатар, өзге де пәндік сайыстарда қатарластарынан әркез озық тұрады.
Лицейге оқытушылар да қатал тәртіп бойынша қабылданған. Майталман мамандар арасынан ең үздік офицерлер іріктеліп алынған. Қазір олардың бірқатары авторлық оқыту бағдарламаларын әзірлеп, оқу процесіне енгізілген.
– Балалардың бойына алдымен адалдық, шыншылдық, отаншылдық қасиеттерін сіңіруге күш саламыз. Бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талабы. Біздің оқушыларымыз бір үйдің баласындай тату, ағайынды адамдардай мейірлі болып өседі. Тіпті еңбектерін олар ертеңгі күні білікті офицер атанған кездің өзінде бір-біріне қолдау білдіріп, сүйеу болатындығына сенімдіміз, – дейді лицей бастығы.
Генерал-майордың бұл пікірінің бекер еместігін жастармен тілдесу барысында да ұғына түстік. Лицей оқушыларының бірі Данил Кулешов офицерлердің алдымен ауызбіршілікке үндейтіндігін айтады.
– Қатарластарымызбен бірге жүріп, бірге тұрғаннан кейін ағайынды адамдардай бауыр басып қалдық. Біздің қатарымызда кең байтақ еліміздің әр облысының өкілдері бар. Өз басым оқу үдерісіне ризамын. Бізге әркезде Ауған соғысының ардагерлері, генералдар келіп өздерінің өмір жолы, әскери әдіс-тәсілдер туралы әңгімелеп отырады. Біз олардың даңқты жолдарын жалғастыруға дайынбыз, – дейді Данил.
Данил айтса айтқандай, оның ішінде, жасөспірімдердің тамақтануы, денсаулығы, тұрмыстық жағдайына ерекше көңіл бөлінгендіктен, «Арыстан» тәрбиеленушілердің екінші үйіне айналып кеткен.
Батырлар жыры оқытылады
Әдетте, тұлғаның толық адам болып қалыптасуы жасөспірім шағында ерекше мәнге ие болатындықтан, оқушыларға әдебиет, театр, музыканың түбіне терең бойлап, рухани шөлдерін басуына да жағдай жасалған. Ең бастысы, «арландар» қазақтың батырлар жырынан нәр алып, сусындауда. Оған қоса, еліміздің даңқты спортшылары мен өнер адамдары да «Арыстан» лицейіне жиі бас сұғатын қонақтардың қатарында. Елімізге танымал әншілердің көбі осы лицейге келіп шығармашылық кештерін өткізіп тұрады екен.
Ал оқушылардың дене тәрбиесіне тіпті ерекше көңіл бөлінуде. Оларды кәсіби спортшылар жаттықтырып, әскери спорттың қыр-сырын терең меңгеріп жатыр.
– Бүгінгі курсанттардың ертеңгі күні үлгілі офицерлерге айналып, Қазақстан армиясының элитасы боларына ешқандай күмәнім жоқ. Олар қазірдің өзінде офицерлік өмірдің ащы-тұщысын татуға әзір. Жалпы, әскери ғылым оңайлықпен бағынбайды. Оның үстіне заманауи шайқастар тек ұшқыр қиял мен терең білімге негізделеді. Сондықтан да, біздің міндетіміз ел әскерін сапалы офицерлермен толықтыру, – дейді С.Тауланов. Сайып келгенде, міндет, абырой мен ерлікті ту еткен жастарымызға артылар жүк жеңіл емес, ал мемлекет қазірдің өзінде білікті офицерлер іргетасының берік болуына мүдделілік танытып келеді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»