Тарихи сананы жаңғыртады
Менің ойымша, мақаланың тарихи-философиялық мәні – «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» делінген терең тұжырымда жатыр. Бұл ретте Елбасы «уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихының басталатынын» дөп айтқан. Осы байлам негізінде елдің тарихы дегеніміз әр кезеңде өмір сүрген кез келген адамның санасында уақыт пен кеңістіктің бейнеленуі болып шығады. Егер «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға қол қойсақ, адами капиталдың маңыздылығы сүт бетіне шыққан қаймақтай айқын көрінеді.
Мақаланың бірінші бөлігінде Елбасы әлемдік өркениетке қомақты үлес қосқан ұлт өркениетінің жеті қырына тоқталады. Осы арқылы тарих пен мәдениетіміздің тамырының тым тереңде жатқанын қолмен қойғандай көз алдымызға әкеледі. Бұған қоса, әлемдегі түркі тектес халықтардың түп Отаны – Қазақстан екенін байыппен баяндайды. Әсілінде, мұрагерліктің бізге зор жауапкершілік жүктейтінін әрқайсысымыз ұдайы сезініп жүруге міндеттіміз.
Мақаланың екінші бөлімінде тарихи сананы жаңғыртуға қатысты тың жобалар ұсынған. Олар «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемнің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дана фольклоры мен музейінің мың жылы», «Тарихтың кино өмірі мен телевизиядағы көрінісі» деген атаулармен берілген.
Осы атауларға қарап-ақ, Елбасының ұлт руханиятына деген шексіз қамқорлығын сезінуге болады. Аталған жобалар үздіксіз рухани дамуымыз арқылы жаңа мәдени сатыға көтерілуімізге баға жетпес тарихи мүмкіндіктер тудырып отыр. Осы басым бағыттар мен дала өркениетінің қасиетті қырларын нақты жобалар арқылы іске асыру алдағы ортақ міндетіміз болмақ. Ұлт руханиятын кемелдендіретін, әркімнің өр рухын оятатын осындай міндеттердің негізінде хакім Абайдың «Толық адам», Шәкәрім қажының «Ар ілімі», Ж.Баласағұндай данамыздың «Жомарттық», Қ.А.Ясауи бабамыздың «Хал ілімдері» жатса құба-құп. Мақалада көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асырудағы басты мақсат – бірнеше том кітаптар шығару ғана емес, алдымен ізденіс жұмыстарын кешенді жоспарлау, нақты қаражат көзін анықтау, алынған тарихи-ғылыми және көркем туындыларды заманауи сандық форматта халықтың рухани қажетіне ұсыну болса керек. Киноның көрермені, кітаптың оқырманы көп болғаны абзал. Егер кез келген туынды әрқайсысымыздың рухани қажетімізге жарап жатса танымымыз өсіп, тұғырымыз нығая түсер еді. Бірлігіміз күшейіп, тірлігіміздің ажары кірер еді деген сенімдемін.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
«Рухани жаңғыру» орталығының директоры
Қызылорда облысы
Қазақ халқы – мәдени қуаты бар халық
Әдетте, өркениет көшіне ілесе алмай, даму жолының күресінінде қалған халықтар өздеріне қарағанда әлдеқайда озық елдерден үлгі алып, солардың соңынан ілесіп, тал қармағандай болады. Бірақ бұл модерндік үлгідегі даму жолының бүгінгі таңда ескіріп, іске жарамсыз жағдайға жеткені күн өткен сайын айқындалып келеді. Субмәдени нигилизмге белшесінен батқан Батыстың, діни фанатизм шеңберінен шыға алмаған Шығыстың өзге түгілі, өзіне үлгі бола алмайтынын уақыт дәлелдеп берді. Ендігі кезекте әр халық өзінің мәдени мұрасына, ұлттық танымына, рухани қазынасына көңіл аударып, соны малданып, тар жолда қолына ұстаған шамшырағына айналдыруы – уақыт талабы, сондықтан әлемдік озық тәжірибелерді өз елімізде іс жүзінде пайдалануда халықтың ұлттық сана ерекшелігімен санасуға тура келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тамыры тереңде жатқан қазақ халқының тарихын жаһандық тарихнамаға нақты ғылыми дәйектермен енгізуді мақсат тұтады. Өркениет көшінде өзіндік позициясын бекіте бастаған қазақ халқының есебі түгел болып, бәсі төмендемесі рас, себебі қазақ халқы – ғасырлар қойнауынан бастау алатын мыңжылдық тарихы, кемеліне жеткен бай тілі мен мәдени қуаты бар халық. Осының барлығы қазақ халқының жаһандану үрдісі өршіген заманда қорған болар ұлттық иммунитетіне айналатынына сенім тудырады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарық көрген күннен бастап, Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі де қызу жұмысқа кірісіп кетті, осы уақытқа дейін әдеби-мәдени мұраны жаңғырту, насихаттау мақсатында талай іс-шараға мұрындық болып келді: өңіріміздегі бірқатар жас ақындарға шығармашылық қолдау көсетіп, әдеби кештерін, қылқалам шеберлері өнер туындыларының көрмелерін өткізді, жыр мүшәйралары мен суретшілер бәйгелері сияқты бірқатар көлемді шараларды қолына алып, үлкен жауапкершілікпен ұйымдастырды. Музей қызметкерлері бұдан әрі де қазақ халқының рухани әлемін байыту жолында қарқынды қызмет ете бермек.
Нұрболат ӘЛМЕНОВ,
Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері
Ақмола облысы