• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2019

Балуандық өнерде бай дәстүріміз бар

893 рет
көрсетілді

Қазақстанда грек-рим күресінің бай дәстүрі бар. Жеңіспен өрілген сол бір жылдар күні бүгінге дейін көз алдымызда. Жерлестеріміз өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап, Одақтың ең озық командаларының санатына еркін қосылды. Ал ол кездері КСРО чемпионатында оза шабу – жер жаһанның мықтылары бас қосқан дүбірлі додаларда дараланудан да қиын болғанын көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі.   

Қазақстанда қалыптасқан мықты бапкерлік мектептің арқасында біздің балуандар бірінен кейін бірі биік белестерді бағындыра бастады. Вадим Псарев, Петр Матущак, Анатолий Жарков, Ром Ильматов, Владимир Угренинов, Виктор Ермаков, Аянбек Алдабергенов, Болат Тұрлыханов және тағы басқа майталман мамандар тәрбиелеген спортшылар өз дәуірінің дарабоз спортшыларына айналды. Осы шоқ жұлдыздардың алдыңғы легінде мына балуандар тұр:

Анатолий Колесов – Токио Олимпиадасының жеңімпазы (1964), әлемнің үш дүркін чемпионы (1962, 1963, 1965); Валерий Анисимов – әлем чемпионы (1965), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1966); Владимир Бакулин – Мехико Олимпиадасының күміс жүлдегері (1968), әлем чемпионы (1967); Валерий Резанцев – Мюнхен (1972) мен  Монреаль (1976) Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің бес дүркін чемпионы (1970, 1971, 1973, 1974, 1975); Анатолий Назаренко – Мюнхен Олимпиа­да­сының күміс жүлдегері (1972), әлемнің үш дүркін чемпионы (1970, 1974, 1975), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1971); Анатолий Быков – Монреаль Олимпиадасының жеңімпазы (1976), Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері (1980), әлем чемпионы (1975); Шәміл Серіков – Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы (1980), әлемнің екі дүркін чемпионы (1978, 1979); Жақсылық Үшкемпіров –  Мәскеу Олим­пиа­дасының жеңімпазы (1980), әлем чемпионы (1981) (суретте); Игорь Ростороцкий – әлемнің екі дүркін чем­пионы (1975, 1977);   Дәулет Тұрлыханов – Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері (1988), Барселона Олимпиа­да­сы­ның қола жүлдегері (1992), әлем чемпионы (1987), әлем чемпионатының қола жүлдегері (1989).   

Осы орайда біз тек Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алған спортшылар жайында ғана баяндадық. Ал одан бөлек, Еуропа біріншілігі, әлем кубогы және басқа да толып жатқан дүбірлі додалар бар. Сол жарыстарда да жасындай жарқы­раған жерлестеріміздің қатары қалың. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін де жеңіспен өрілген тамаша дәстүр өз жалғасын тапты. 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында Юрий Мельниченко бас жүлдені олжалағанда, барша қазақстандық жанкүйер бөріктерін аспанға атып қуанды. 2004 жылы Афинада Мкхитар Манукян мен Георгий Цурцумия, 2008 жылы Бейжіңде Нұрбақыт Теңізбаев және 2012 жылы Лондонда Даниял Гаджиев жүлдегерлер қатарынан көрініп, барша жұртты қуантты. 

1993 жылғы Стокгольмде өткен әлем чемпионатында Дәулет Тұрлыханов күміс медальді еншілесе, 1994 жылы Тампереде Юрий Мельниченкоға тең келер ешкім табылмады. 1995 жылы Прагадан қос күміспен оралдық. Айтулы жүлделердің иегерлері – Юрий Мельниченко мен Бақтияр Байсейітов. 1997 жылы Вроцлавта Юрий Мельниченко қайта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 1998 жылы Швецияның Евле қаласында Мкхитар Манукян мен Бақтияр Байсейітов алдына жан салмады. 1999 жылы Афинада Мкхитар Манукян екінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. 

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тыналиев үш реттен жүлдегерлер санатына қосылды. Олардан бөлек, Георгий Цурцумия, Ермек Көкетов, Нұрбақыт Теңізбаев, Досжан Қартықов, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Айдос Сұлтанғали және Мейіржан Шермахамбет сынды саңлақтар дәл сондай құрметке бөленді. 

Кезінде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері әлем чемпионатының жалпы командалық есебінде үздік үштіктің қатарынан көрініп, КСРО және Азия деңгейіндегі додаларда дара шыққаны да жанкүйерлердің жадында. Олай болса, күрестің осы түрінде бізде жеңіспен өрілген бай дәстүрдің барына ешкімнің күмәні болмауға тиіс.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, 

«Egemen Qazaqstan»