• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Петропавлда оқушылар өздерін жайсыз сезініп, дәрігерге жүгінген

649 рет
көрсетілді

13 мектепте оқитын оқушылардың  ата-аналары дабыл қағып, балаларының тамақтан уланғанын алға тартып отыр.

Бұл білім ошағында 180-ге жуық бала білім алады.Олардың үштен бірі осындағы асханадан тамақтанса, оқыс оқиға орын алған күні  бірқатары  өздерін жайсыз сезініп, оның ақыры жедел жәрдем шақыртуға тура келген.

Ата-аналар  асханадағы тамақ сапасыз әзірленген  болмаса өзге бір жұқпалы инфекция арқылы таралуы мүмкін деген күдіктерін жасырмайды.

«Кешке таман  6 жасар Алисамның дене қызуы көтеріліп, іші ауырып, жүрегі айныды. Түннің бір уағында жағдайы ауырлағаннан кейін шұғыл түрде  ауруханаға жеткізілді», дейді Анжелика Цикун. Оның  айтуынша қызы асханадағы тамақтан уланған тәрізді. Өйткені, ас қорыту жүйесінің қабынуы, бауырының үлкеюі секілді белгілер пайда болған. 28 ата-анадан шағым түсіпті.

Алайда асқа жауапты «Лысенко» жеке кәсіпкерлігінің директоры ата-аналардың жорамалын  жоққа шығарып отыр. Осы салада 12 жыл бойы жұмыс істейтін бизнесмен  тағамның санитарлық норма мен талапқа сай келетінін айтады. Тағамдар оқушыларға берілмес бұрын мейірбикемен бірге тексерілетін көрінеді. Балалар төсек тартып қалған күні ас мәзірінде салат, балық пен картоп езбесі болыпты.

Валентина Фридрихтың баласы да қатты сырқаттанып қалыпты.  Дәрігерлер ішек улануы деген диагноз қойған.  Бірақ ұлы асханадан тамақ ішпепті. Сондықтан аспаздарға кінә тақпайды.

Тіпті мектеп директоры Раушан Рамазанова  да өзін  жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыртыпты. Дәрігерлер ротавирустық жұқпа деген диагноз қойыпты. Ол да балардың тамақтан улануын жоққа шығарады. Мектеп ішінде инфекция болуы мүмкін дейді.

Уайымдауға еш негіз жоқ деген ұйғарыммен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы да келісіп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы