Сулыкөл ауылдық жастармен жұмыс жөніндегі ресурс орталығы және «Мұхит жастары» ЖҚБ ұйымдастыруымен «Жылқыға құрық салу» әдісі өткізілді.
«Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйрету арқылы ата-бабамыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі. «Ер қанаты – ат» деп білген алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын жылқымен байланыстыра бейнелейді.
Құрық тимеген асауды құлақтан басу – жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін дүние. Жылқы малына құрық салған жігіттерге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурс орталығының басшысы Эльдар Амантаев сыйлықтар табыс етті.
– Бүгінгі сайыс жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткен бір көрінісі. Енді қазақ халқы үшін арғымаққа алтынды ер салып, шап айылды берік тартып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, атқа қонар сәт келді, – дейді сайыс соңында Сулыкөл округінің әкімі Б.Мұса.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы
Батыс Қазақстан облысы