• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2010

АКТРИСА

1286 рет
көрсетілді

Бүгінде жасы тоқсанға келіп отырған Қазақстанның халық әртісі, сахна саңлағы Күләш Сә­кие­ва туралы сөз қозғамас бұрын, оның өзі алпыс жылға жуық қыз­мет етіп келе жатқан Абай атын­дағы сазды-драма театры ту­ра­лы қысқаша болса да  айта кет­кеніміз жөн болар. Қазақ театр өнерінің шымылдығы 1917 жылы жас Мұхтардың тұңғыш драма­лық шығармасы – “Еңлік-Ке­бекпен” ашылғаны,  арада үш жыл­дан соң Семейде тағы да сол Мұ­хаңның бастамасымен халқы­мыз­дың сана-сезімін оята оты­рып, мәдениетін көтеру, қалың бұқараға эстетикалық тәрбие беру мақсатымен “Ес-Аймақ” деп ата­латын ағарту қоғамы құрылғаны да көзі қарақты оқырманға белгілі жәйт. Оның бастауында Әуезов­пен бірге “қазақтың Стани­слав­скийі” атанған Жұмат Шанин де болды. Ал бастау көзі осы аталған қоғам болып табылатын Семей театрында әр жылдары халқы­мыз­дың ұлттық өнерінің көрнекті қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Латиф Хамиди, Жүсіпбек Еле­бе­ков, Шәкен Айманов еңбек етті. Міне, Күләш апамыз осындай байыр­ғы театр табалдырығын бұдан 58 жыл бұрын, нақтылап айтсақ 1952 жылы аттаған еді. Ал оның бұған дейінгі өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, со­нау атышулы 1937 жылы зайсандық 17 жа­сар өнерпаз қыз Алматыға оқу іздеп келеді. Сонда біліммен сусындатып, өнер әлеміне қанат қақтырған атақты режиссер Асқар Тоқ­панов болатын. Сол Асекең кейінде мұны “өнердегі тұңғы­шым – Күләшім” деу­ден танған емес. Профессор-режис­сер­дің өнердегі сол тұңғышы басқа шә­кірт­те­рі­нің ішінен бірінші болып алдымен еңбек сіңірген, соңынан халық әртісі атағын ал­ға­ны да шындық десек, Жамбыл театрына барған жас талант иесіне өнер са­ласында аянбай еңбек етуге тура келген. Соғыс жыл­дарында оның театр сахнасында ойна­ған рөлдері өз алдына, ол мұның сыртында осы бес жыл ішінде бес жүзден аса концерт беріпті. Сондай қа­жы­рлы еңбегі ескерусіз қалмай, небәрі 25 жасында республика­мыз­дың еңбек сіңірген әртісі ата­нып, “Құрмет белгісі” ор­де­німен, республика Жоғары Кеңесінің гра­мо­тасымен мара­пат­талды. Сөйтіп, ол Семей театрына осындай деңгейге жетіп барып кел­ген еді. Өнерде өзіндік жолы бар адамға бір кісілік орын мұнан да та­была кеткен. Бірақ соған қа­ра­мастан өзі айтқандай, жаңа ор­тада Қалекет Ешмұратов, Нұрид­дин Атаханов, Сіләмбек Қыдыр­әлин, Гүлсім Әбдрахманова, Жұ­маш Сәкенова сынды өнер тар­лан­дары қам­қор­лық танытпаса, сол шақта атағы жер жарып тұр­ған өнер ұжымының құрамына кірігіп кетуі оңай шаруа емес-ті. Оған енді әртістік қабілетімен бір­ге, әншілік өнері де үлкен сеп болғаны шындық. Тегінде Күләш Сәкиева есімін респуб­ли­ка­мыздың өнерсүйер қау­ымы әнші ретінде де жақсы бі­леді. Қазірде жалпақ елге кеңінен таны­мал “Ауылың сенің іргелі” әнін алғаш ра­диоға жаздырған да осы кісі. Радио де­мек­ші, апайдың бір­не­ше ән пластинкасы және бар. Сон­дағы әндерді бүгінгі күн тала­бына орай қайта жаздыру – ол өз алдына бір әңгіме. Жалпы әр­тіс-әншінің репер­туарын­да алпыс­тан астам халық әндері мен бүгінгі сазгерлердің шығармалары бар. Ал актриса Күләш Сәкиеваға келетін болсақ, ол жетпіс жылдық шығармашылық өмірінде 150-ден астам рөлдерді ойнаған екен. Француздың ұлы жазушысы Оноре де Бальзак “Менің өмірбая­ным – менің шы­ғармаларым” де­ген ғой. Осы сөзді Күләш апа­­мыз­ға қаратып айтуға да болады. Өйт­ке­ні, бұл кісі сомдаған кейіп­керлер оның өмір­баяны секілді. Айта­лық, Жамбыл театрында жүр­ген­де “Қобыландыдағы” Күнікей бей­несін сомдаса, осы спектакль­ді арнайы кө­ру­ге барған пьеса ав­торы Мұхаң, Мұхтар Әуезов Кү­ләшқа, оның өнеріне дән риза­лы­ғын білдіріпті. Ал бұл маз­мұн­ды өмірдің бір ғана дерегі емес пе! Күләш апамыз Семей сахна­сында сом­да­ған Қыз Жібек, Баян сұлу, Құртқа, Ақ­жү­ніс, Ақтоқты, Мехнемебану, Жүзтайлақ және басқа кейіпкерлер бейнесі кө­рер­мен көңілінде қалғаны анық. Әсіресе Ә.Тә­жі­баевтің “Майра” пье­сасындағы әнші Майра бей­несінің шоқтығы биік. Өйткені, мұнда Күләш апамыздың бойын­дағы екі бірдей әртістік қабілеті мен әншілік таланты қосыла ке­ліп, кейіпкер бейнесі жарқырап ашылған. Оның сыртындағы ты­ным­сыз  еңбекті айтсаңызшы! “Ән­ші Майраның бейнесіне бой­лап ену үшін бір-екі ай бойы Ер­тіс үстінде пароходтан түспедім. Табиғат сырын, ерке Ертіс сыл­дырын,  әнші жанын сонда ғана тү­сінгендей болдым” дейді бүгінде Күләш апай. Бір абзалы, төгілген тер, ал­тын уақыт текке кеткен жоқ. Сол Майраны ойнаған 1958 жылы Қа­зақстанның халық әртісі ата­ғына ие болса, дәл сол жылы респуб­ли­ка Жоғары Кеңесіне депутат болып сай­ланды. Өзіне халық әр­тісі атағы берілгенін Қы­рымдағы “Орлиное гнездо” санаторийінде демалып жатқанда естіді. Сол шақта қатар демалып жатқан Аме­риканың атақты әншісі Пол Робсонның мұны үлкен атағымен құттықтағанын қайтіп ұмытар. Әртіс-әнші өміріне қатысты оқи­ға­ларды өз көздерімен көрген өнер жан­ашыр­лары да ештеңені де ұмытқан емес. Айталық, апай­дың сексен жылдығында Семей театры өзбек драматургі Саид Ахмат­тың “Келіндер көтерілісі” деген пье­сасын сахнаға шығарған еді. Сонда осын­дағы басты рөлді  апамыз билеп жүріп ой­нады. Сол шақта бұл кісіге Семей қаласы­ның құрметті азаматы атағы берілген болатын. Күләш апамыз бүгінде де сах­надан түскен жоқ. Кезінде Мәс­кеудегі Кіші театр актері Аннен­ков жүз жасында сахнада жүрді емес пе! Бұл кісіге де сондай ба­қыт бұйырып жатса, несі бар. Бізбен әңгіме соңында театр үшін, сахна үшін жаралған жан көңіліндегі бір алаңды жасырып қала алмаған. Міне, соңғы бірер жылдан бері Семей театры бас режиссерге жарымай-ақ келеді. Тиіс­ті жандардың соны ойлас­тыр­май отырғаны жанына бат­пай­ды емес, батады. Солай бола тұрса да, әртіс-әнші өз үйіндей болып кеткен Семей театрының болашағынан еш үмітін үзген емес. Үзбейді де! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ БАЯҒЫДАН-АҚ КӘСІПКЕР БОЛҒАН Адамзаттың әрдайым биік ұстайтын қасиеті – тәрбие. Өмірдің мәні де осы. Төрге өрлеген адамдардың бәрі осыған қарыздар. Тәрбие көрдің бе, тәрбие бере біл. Бұл асыл ұғым. Халық оны біледі. Осындайда Зәмзәгүл Мырзахметова еске түсетіні бар десем, мереке қарсаңында Зәмзәгүл ЕСТАЙҚЫЗЫМЕН жолыққанбыз. *** – Зәмза, сізге мынадай сұрақ қояйын, әкеңіз бен ана­ңыздың аты­нан бәдел қажылық жасапсыздар. Бұл не үшін керек? – Тәр­бие­­ге бай­ла­нысты. Парыз – құл­шындырушы күш. Әкем де (жазушы Естай Мырзахметов), анам да осы сапарды асыл парыз санады. Бұралаң белдегі өмір оған жеткізбеді. Біреулер ай­та­ды – ол міндетті емес деп. Осы орайда, парызға сағынышты адам боп жүргенімізді қоссақ болмай ма? – Түсінікті. Тәрбие тіні дейсіз ғой. Осы­нау мәңгілік мәселеге байланысты өз көз­қарасыңызды білдіре кетсеңіз, артық болмас. – Мәңгілік дедіңіз ғой. Әйтсе де тәр­бие – ортақ. Қыздың тәрбиесі – тау­сыл­май­тын ілім. Қайталауға ұрынбау үшін әке-ше­шенің жауапкершілігіне тоқталсақ. Әкем төрде отыратын. Көп балалы отбасы болғанымызбен, жалғыз қыз мен үнемі оң жағындамын. Алайда қатты еркелетпейтін. Не айтса да, өсіріп сөйлейтін. Ал анам мені ана болуға үйретті. – Қатты қуанған күніңіз есте ме? – Әрине. Күніміздің ұзарғаны – қуа­ныш­тан. Сонда да, екеуін бөлектеп айтқым келеді. “Егеменге” жазушы Ес­аға деп жа­зып едіңіз ғой, сол кісі 80 жасқа тол­ған­да (он бір рет оташының пышағына ілінген адам) қатты қуандым. Одан кейін ұлым Әшір-Тұрар­дың Америкада өткен мектеп оқушыларының “Тұрақты әлем ғылыми жобасы” олим­пиада­сын­да екінші орын алғанын естігенде мәз-мейрам бо­лу­дың не екенін түсіндім. Тағы біреуін айтқым ке­ле­ді. Әзіз деген ұлымды Түр­кияға ала барғанбыз. Ал­матыдағы әуежайға қонар тұста өз-өзінен “Назарбаев атама рахмет” дегені... Менің­ше, осының бәрі отбасындағы тәрбиенің әсері. – Зәмзәгүл, сіздің кезінде Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы От­ба­сы және гендерлік саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның мүшесі болғаныңызды бі­ле­міз. Ендеше, ендігі әңгімені осы гендер жөнінде тарқатсақ. – “Гендер” дегеніміз теңдікке ұмтылу. Айталық, қазір көптеген әйелдер үйде оты­рып қалуда. Бұл дұрыс емес. Қол қусырып отыра бермей, өзіңнің неге мүмкіндігің бар, соған қол жеткізуге ұмтылу керек. Әйел мен еркек тең құқылы болуы үшін бір-бі­ріне мүмкіндігінше көмектесуі қажет. Тәр­бие мәселесі осы ара­да тағы алдымыздан шы­ға­ды. Менің өскен ошағым ер кі­сіні сыйлауды үйретті. Ха­лық­тың көрегендігі, данышпан­дығы осында. Гендерлік сая­сат та осыны күйттейді. Мен мұсылман елдерінің біразында болдым. Арабтарда, Египет, Түркия, Пәкстанда. Әйел­дер бастарына жаулық салып, оның екі ұшын қол­да­ры­мен ұстап жүреді екен. Ал, ерлері жанындағы екі-үш ба­ласына қарап, жыласа жұбатып, мұрнын сүртіп, әбігерге түсіп жатқаны. Мынадай мысал ай­тай­ын. Түркияда дүкенге кір­дік. Жанымыздағы ер кісі әйе­ліне аяқ киім алып бергісі ке­ліп, ана туфлиді, мына туфлиді кигізіп, бәйек болуда. Әйелі орамалы­ның екі ұшын ұстаған күйі тұр. Әрине, бұл көрініс, бір қарағанда ерсілеу. Біздің еркек­тер қолын бір-ақ сілтейтін шы­ғар. Десек те, олардың әйелді сыйлауы, ана, ару қыз, асыл жар деп қа­рауы бөлек дүние. Бізде де осы үрдіс дұрыс қалыптасса, мәдениетіміз, тең құқы­лы­ғымыз дами түсер еді. – Қалай ойлайсыз, қарапайым отбасын­дағы әйелдердің міндеті мен билік тұт­қа­сын ұстап жүрген әйелдердің ұрпақ өрбіту­дегі міндетінде айырмашылық бар ма? – Жоқ. Қазір әйелдер билік тұтқасын еркектермен бірдей ұстауда. Десек те, олар балаларын өсіріп, қатарға қосуды ойдан шығарған емес. Осы арада айта кетейін, кейбір бақуатты отбасылар баланы дүниеге әкеліп, үйлендіру деген соншама шашылу, одан да бірден үй әперіп, мәшине мінгізіп, шетелге саяхатқа жіберу қажет деп ойлайды. Ал, оның соңы неге соғады? Ол туралы ойламайтындар да бар. Сәбилі бол­са да “ажырасыңдар” дейтіндерге не айтуға болады? Қызметі бар болсын, жоқ болсын, бала табуды кейінге шегере тұратындар шықты. Ата-ана да оған аса ықылас білдірмейді. Міне, қарапайым отбасында қаншама қайшылықтар, қиындықтар бар десеңізші. Елбасы жанындағы ұлттық комиссия жұмысының бір тармағы осы. – Тәрбие – кең ұғым. Қоғам тәрбиесі жайлы ой өрбітсек қайтеді. – Қоғам алдындағы жауапкершілік дегенді әдетте жиі айтамыз. Мен ұлттық ко­миссияның құрамында Жамбыл, Павло­дар облыстарында болғаным бар. Павло­дар­да өзге ұлт өкілдері өте көп. Соған қа­рамастан, ондағы қазақ әйелдері бар мүм­кіндіктерін салып еңбек етуде. Ал, Таразда басқаша көрінді. Сондағы құрбыларыма “Сіз неге жұмыс істемейсіз?” десем, күйеуім асырайдыға саяды. Дағдыланып қалған сияқты. Қоғамға, уақыт тынысына қарау керек қой. Иә, бәріміз де қоғамдағы өз орнымызды сезінуіміз керек. Жақсы күйеу “бәрін өзім табам, үйде отыра бер” демейтін шығар. Дағдыланып алғанбыз. Қалай десек те, бала-шағаның қамымен салпы етек, сауыр қамшылы болып жүру бүгінгі таңда ойланатындай-ақ жағдай. Қазақ әйелдері баяғыдан кәсіпкер болған. Тіркелу, тіркелмеу бүгінгі күннің мә­селесі. Аналар сиырын сауып, сүт-май­ын, жұмыртқасын сатып, өз отбасына де­меу болды. Оларды неге кәсіпкер демеске? Оң көзқарас жасап, мүмкіндік берейік. Үй-ішінің берекесі осыған да байланысты. Қоғам бізді ұйыстырып жатса, оған деген жауапкершілік те болуға тиісті. Сәбилеріміздің жүрегіне имандылықты ұялатайық. Қадағалау керек. Күйеуіміз сағатқа қарамай жұмыс істейді. Бұл дұрыс емес. Қоғам мұны да ескеруі керек. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.