20 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (7-0, 7 КО) WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы белбеуді жеңіп алғаннан соң әлемдік рейтингте біршама жоғарылады.
Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға шыққан ол мексикалық боксшы Абрахам Хуареспен (12-1, 4 KO) жұдырықтасып, кездесудің төртінші раундында техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ахмедов бұл жеңісінен соң жастар арасындағы WBC белдігін иеленіп қана қоймай, әлемдік BoxRec сайтының рейтингінде 116 саты жоғарылап, өз салмақ дәрежесінде 85-орынға жайғасты. Қарсыласы 103 саты төмен сырғып, 206-орынға табан тіреді.
BoxRec сайтының мәліметі бойынша, бірінші орта салмақта әлем бойынша 1850 боксшы бар. Рейтингтің көшін WBO тұжырымының чемпионы мексикалық Хайме Мунгуйя (32-0, 26 КО) бастап тұр. Ал Қазақстан бойынша бұл салмақта 26 жастағы Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4 КО) бірінші орында. Ол рейтингте 80-сатыға жайғасқан. Жаңабаев қазіргі таңда WBC Asia аймақтық белбеуінің иегері.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»