Отандық медицинаның даму жолындағы айтуға тұрарлық жұмыстың бір парасы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында шешіліп жатыр. 2016 – 2019 жыл аралығына негізделген бағдарлама арналған өңірдегі денсаулық сақтау саласын сауықтыруға сеп болуда.
Алматы облысында да осы бағдарлама аясында атқарылатын негізгі жұмыс қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталуда. Қазір тұрғындар арасында медициналық көмектің сапасына көңілі толып, дәрігерлердің жұмысына қанағаттанатын науқастар қатары өсті. Бұл өңірдегі тиісті медициналық қызмет көрсету базасының жақсаруына байланысты. Мысалға, өткен жылдың соңында Талдықорған қаласындағы облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанына Неонаталды хирургия орталығы ашылды. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана екен. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұнда лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоздық аппараттар, ИВЛ, жаңа туған нәрестеге арналған «Жираф» реанимациялық үстелі, фототерапия аппараттары, кювездер, реанимациялық төсектер бар. Емдеу қызметі 60 төсекке шақталған, 20 палата бар. Реанимациялық бөлімге 9 төсек қойылған.
Мұнан бөлек, осы қалалық көп салалы аурухана жанынан қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға арналған жағдаяттық орталық іске қосылды. Бұл ерекше жоба да облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылды. Мамандар ТМД-да теңдесі жоқ деп таныған, Қазақстанда алғашқы болып ашылған орталық Алматы облысының 13 медициналық мекемесін бірыңғай медициналық жүйеге біріктіреді. Яғни, компьютерлік магниттік-резонанстық томография, рентгенография, мамография сияқты тексеруге қатысты барлық зерттеулерді бір ортаға жинақтауға мүмкіндік береді.
Өңір медицинасының өмір үшін күрестегі қабілет-қарымы тек материалдық-техникалық мүмкіндігіне ғана емес, дәрігерлердің білімі мен білігіне қарап бағаланатыны белгілі. Бұл тараптан да Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға көңіл бөлініп отыр екен. Осы мақсатқа өткен жылы жергілікті бюджеттен 201,5 млн теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алды. Мәселен, былтыр 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия елінің білікті кадрларынан дәріс алған. Сол сияқты дәрігерлердің бір тобы Израиль, Оңтүстік Корея, Түркия мемлекетінде қабылдау бөлімінің жұмысын жетілдіру, лапароскопиялық техникамен жұмыс істеу, тираж жүйесі бойынша медициналық сұрыптауға қатысты тағылымдамадан өткен екен.
- Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына орай денсаулық сақтау саласын цифрландыруды қолға алдық. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тиімді тетік болып отыр. Осы саладағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлік амбулаториялар, емханалар да бар. Медицина ғылымының жетістіктері, жаңа құрал-жабдықтарды кәсібилікпен тиімді қолдану адам өмірін сақтауға және денсаулығын нығайтуға септеседі деп ойлаймын, - дейді тақырыпқа орай ой бөліскен облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, Алматы облысының жағырапиялық жағдайына қарай өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін екі бағытта қарастырған жөн. Көп жағдайда облыс орталығында орналасқан емхана мен аурухана жұмысына баса маңыз беріліп жатады. Әрине, Талдықорғандағы емдеу мекемелерінің сапасы жоғары және мүмкіндігі де ерекше екені даусыз. Ал облыстың Алматы қаласы маңындағы аудандары үшін негізі тірек мегаполистегі көпсалалы клиникалық аурухана болып отыр.
- Біздің ауруханамыз облыстың оңтүстік аймағындағы аудан тұрғындарына ғана емес, Алматы қаласының да көптеген дәрігерлік көмекке мұқтаж адамдарына қызмет көрсетеді. Ауруханада алғашқы медициналық көмек түрінен бастап, күрделі операция жасауға дейінгі процесс күнделікті жүріп жатыр. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Мамандар жеткілікті. Білікті дәрігерлер қатары толық. Облыс бойынша үшінші деңгейлі дәрігерлік көмек көрсететін екі бөлім бар. Жалпы қызмет көрсетудің үшінші деңгейі дәрежесі өте жоғары дайындығы бар, толық жабдықталған, мамандары түгел медициналық бөлімдерге беріледі. Ал біздің екі бөлім осындай дәрежеге жетіп отыр. Алдымен «Ана мен бала» денсаулығын сақтау орталығы туралы айтайын. Бұл бағыттағы біздің жұмысымыз арнайы есепке тіркелген аналарды жүктіліктің алғашқы айынан бастап қадағалауға алып, сәби жарық дүниеге келгеннен кейін де перзентханада дәрігер қадағалауында болуын қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда ана мен бала өлімі жиі тіркеледі. Әйел аналардың денсаулығы төмен. Бала өмірі сынаққа көп түседі. Мұндай жағдайда дәрігерлердің жауапкершілігі күшейеді. Ал толық жабдықталған орталықсыз мықты маманның өзі өмір үшін күресте тәуекел ете бермейді, - дейді Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жұмахан Молдақұлов.
Көпсалалы аурухананың кардиология бөлімі де қызмет көрсетудің үшінші деңгейлі дәрежесіне қол жеткізген екен. Мұнда жүрек ауруларын емдеу мен алдын алу шаралары жоғары деңгейде атқарылады. Облыс аудандарынан бөлек мегаполистің қан қысымы аяқасты көтерілген, жүрегі сыр берген тұрғындарының дауа іздеп келетін жері осы бөлім.
- Бізге «Жедел жәрдеммен» күнінен 10 адамға дейін келіп түседі. Оның ішінде жүрегіне жедел ота жасайтын науқастар да бар. Станцанарлық ем алатындар қатары тіпті көп. Бұл тұрғындар арасында кардиологиялық сырқаттың кең тарағанын да білдіреді. Бірақ, біздің бөлімнің дәрігерлері әрқашан көмек көрсетуден, адам жанынан араша болудан айныған емес. Кейде әріптестермен дәрігерлер бөлмесінде бас қосып отырып, кімнің қанша адамды ажалдан алып қалғанын айтып күлеміз. Жедел көмек қажет етіп келген 10 науқастың кемі төртеуі о дүниеден қайтады, - дейді көпсалалы аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі, білікті дәрігер Гүлнар Абдулақызы.
Қазір қоғамда отандық медицина саласына сын көп айтылады. Негізінен емхана мен аурухананың жетіспеушілігі, білікті маман кадрлардың тапшылығы, дәрігерлердің тәжірибесіздігі мен білім-білігінің төмендігі сияқты тізбекті проблеманың салдары бұқара мен ақ желеңді жанның арасына ала жіп кергендей әсер береді. Соған қарамастан екі тараптың тыныс-тіршілігі, тіпті тағдыры да ортақ қазыққа байлаулы екенін бәрібір мойындаймыз. Демек, жер бетіндегі соңғы науқастың дерттен құлан таза айығып кетуіне дейін адамның медицина ғылымының алдындағы тәуелділігі жалғаса бермек. Ал денсаулық сақтау саласы үшін халықтың амандығы мен ем-домы да киелі міндет болып қалуы тиіс. Алматы облысының ақ желеңді абзал жандарының жұмысына қарап осылай дегің келеді...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan
Алматы облысы