• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Алматы облысында «Абердин Ангус» тұқымды ірі қара өсіріледі

661 рет
көрсетілді

Алматы облысының Кеген ауданында 6000 бас асыл тұқымды ірі қара жемге байланған. Осы мақсатта бірнеше мал бордақылау алаңын ашқан «Жаңа Ақтасты» серіктестігі аймақтағы ауыл шаруашылығының өркендеуіне 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салып отыр.

«Жаңа Ақтасты» компаниясы Алматы облысындағы ет өндірісін кластерлік жолмен дамытуға кіріскен бірегей ұйым. Шаруашылықтың базасына Кеген ауданының Ақтасты ауылындағы репродуктор мен 6000 басқа арналған бордақылау алаңы, Саты ауылындағы 100 бас Көшім жылқысы мен 400 меринос қойын өсіріп отырған 600 басқа арналған репродуктор және Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылында бордақылау алаңы бар. Жақында осы ауылдан тəулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын құрылысы аяқталып, іске қосылады. Ал мал борқақылауға қажет жем-шөп де шаруашылықтың шабындық алқабы мен егістіктерінен дайындалады.

Сондай-ақ, серіктестік өндірісті ғылыммен ұштастырып отыр.Әсіресе, асыл тұқымды ірі қара өсірудің пайдасын көруде. Қазір шаруашылық қорасында  1500 бас  «Абердин Ангус» тұқымды ірі қара бар. Ағылшын елінде өсірілетін бұл тұқымды өсірудің шығын аз, пайдасы мол болып есептеледі екен. «Абердин Ангус»  сиырларының тірі салмағы 500 – 700 келі тартады. Ал 15-16 ай бағымда болған жас мал 700 келіден 1000 келіге дейін таза ет береді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы