Айдана Аламан – жас драматург. 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының драматургия факультетін Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасы бойынша бітірген. Бүгінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінде қызмет ететін талантты драматургтің 2017 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жүрегімнің иесі» атты пьесасы сахналанып, содан бері аншлагпен жүріп келеді. Сондай-ақ Айдана кеңестік драматург Н.Эрдманның «Самоубийца» пьесасын аударып, әкемтеатрдың сахнасында «Жанқимақ» деген атаумен 2018 жылдың қараша айында алғашқы премьерасын өткізген.
– Айдана, драматург пен сценаристің айырмашылығы қандай? Себебі біз танитын жас драматургтердің көпшілігі телевизияның төңірегінде жүреді.
– Сценарист негізінен бейнеөнімдерге, яғни фильмдер мен телевизиялық сериалдарға сценарий жазады. Ал драматургтің жұмысы таза театрға негізделеді. Бірақ жалпылама қарағанда екі кәсіп те өзара жиі тоғысып жатады. Сондықтан драматургтер де телевизия саласында жұмыс істей береді.
– Мысалы, сіз сияқты ма?
– Иә, мен сияқты. Бірақ өзім осы әрекетті онша құптамаймын. Себебі ТВ инкубатор әлде зауыттың конвейері сияқты, күн сайын эфир, таусылып бітпейтін түсірілім, жұмырына жұқ болмайтын еңбегің жұтыла береді. Уақытымды көп алады. Кейде тіпті өзімді сарқыла бастағандай сезінемін. Дегенмен жастық шақта материалдық жағдайды да түзеп алу керек. Себебі нан болмаса, ән қайдан болсын?!
– Сонда драматургиямен баюға бола ма?
– Дәл осы кәсіппен баю мүмкін емес-ау... Егер сценарий жазуды қатар алып жүрмесең...
– Драматург бір пьесаны қанша уақытта жазуы мүмкін?
– Әзірге білетінім Шымкент театрында Сая Қасымбек деген драматург апам бар, «миымда пісіп тұрса, 2-3 күнде бір пьеса жазып тастаймын» дегені бар еді. Ал қалғандары жылына мықтағанда 3-4 пьеса жазатын шығар.
– Өзіңіз жазған пьеса бойынша қойылған спектакльді көруге қаншалықты жиі барасыз?
– Өз жұмысымды сахнадан көргенді ұнатпаймын. Премьерада иненің үстінде отырғандай күй кешемін. Себебі пьеса жазып отырғанда аршып алған жараларыма, актерлер ойын барысында тұз себеді. Өте түсініксіз сезім, осы жайсыздықты қайта-қайта басымнан өткергім келмейді. Қойылымның дайындығы барысында екі-үш рет қадағалағаным, сосын премьераға келіп сын көзбен қарағаным болмаса, басқа кезде мүлдем бармаймын.
– Заманауи театр өнерінде кім бірінші тұру керек? Режиссер ме, әлде драматург пе?
– Осыған дейін драматург бірінші болып келген. Заманауи театр талабы бойынша қазір режиссер бірінші тұруы керек. Кейбір аға буын драматургтеріміз осыны қабылдай алмағандықтан, «ертең премьера» деген күнгі дайындықты көріп, премьераға рұқсат бермей, труппаға, бүкіл театрға ренжіп жатады. Түсінемін, әрине, пьесадағы әр сөз автордың жанын, жүрегін жарып шығады. Дегенмен бүгінде сөз қуаласатын емес, негізінен әрекетке бағытталған, қысқа-нұсқа жинақылықты талап ететін заман туды. Ұзын-сонар шұбаланған мәтінді ешкім тыңдап отырмайды, заманауи мессенджер тілі айналымға енді. Екі қойылымда да режиссер жағынан жолым болған драматургпін. Себебі режиссер Әридаш Оспанбаева екеуміз бір дәуірдің, интернет тәрбиелеген ғасырдың ұрпағымыз. Бір-бірімізді қашан да айтқызбай түсінеміз...
– Таптаурын болса да, тағы да сұрауымызға тура келеді: қазіргі қазақ театрына не жетіспейді? Себебі жас драматургтің бұл тұрғыдағы пікірі бөлек болуы керек...
– Бізде шүкір, талантты актерлер де, режиссерлер де жетерлік. Тіпті түкке тұрғысыз кей пьесаларға жанын беріп ойнап жатқан актерлерді көргенде аяп кетемін. Драматург ретінде ол кісілерге сүбелі дүние қарыз екенім есіме түскенде, қатты ұяламын. Қазақ театрына өткір әлеуметтік мәселені көтеретін пьесалар жетіспейді. Сахна ерекше сүйетін классика да, тарихи тақырыптағы немесе аударма спектакльдер де, әрине керек. Дегенмен әркім өз дәуірін жырласа, сол кезеңнің мұң-мұқтажын түгендесе, ұлт болашағы үшін сол көбірек пайдалы бола ма деп ойлаймын. Сондай-ақ театрдың техникалық мүмкіндіктеріне көп күш салу керек. Шетелде әлдеқайда ескіріп кеткен тәсіл болса да, сахнадан жаңбыр жаудыра алғанымызға біз әлі мәз болып жүрміз.
– Қандай жас драматургтер бар? Неге үндеріңіз баяу шығып жатыр?
– Бүгінде 60-70 жасты еңсерген драматургтерден кейін біраз тыныштық орнағаны белгілі. Дегенмен қазір кәсіби жас драматургтер жоқ емес. Әннас Бағдат бастаған, Әлібек Байбол, Мұрат Қолғанат, Мерей Қосын, Әлішер Айтуар, Мадина Төле, Ақмоншақ Ахмет сынды пьесаға сан қырлы шеберліктерін салып жүрген драматургтер бар. Расында үніміз ақырын шығып жатыр, себебі драматургия кез келгенге жалынан сипата беретін жанр емес, екінші жағынан, Қазақстандағы 60-қа жуық театрға айналдырған бес-алты жас маман жете бермейді. Сосын, аздаған жалқаулығымыз тағы бар.
– Алдыңғы буын драматургтердің барлығы драматургияға жазушылықтан ауысып еді. Сіздер бірден драматургияға мамандандыңыздар. Артықшылығы мен кемшілігі неде?
– Жоғарыда аталған жас драматургтердің барлығы дерлік қосымша проза, поэзия жанрын қатар алып жүргендер. Менен басқасы. Мен негізінен өнертану ғылымына қарай ойысып кеткендіктен, жазушылық ауылына ат шалдырмадым. Жазушыдан драматургке айналу қиын, оңай болса, Жазушылар одағындағы 800 жазушы ендігі 800 драматургке айналып кетер еді ғой. Ал драматургтен жазушыға айналу жеңілірек. Бұл өзі мамандықтың спецификасына байланысты дүние. Бірден драматургияны меңгерудің артықшылығы, пьесаң кейін ұжымдық өнерге айналатындықтан, оқиғаны арнайы техника бойынша жұмыр құрастыруды, белгіленген тәртіпке бағынуды үйренесің. Өзіңді жердегі кішігірім жаратушы сезінесің. Әрине, бұл сөзім үшін Құдай өзі кешірсін...
– Қазір қандай пьеса жазып жатырсыз?
– Миымда идея да, сюжеттік желі де көп. Қайнап, пісіп жатыр... Тек олар қағаз бетіне түсуге асықпай жүр. Соған қарағанда толық пісіп үлгермеген сияқты. Дегенмен бір актрисаға арналған жұмысымды бастадым, бұйыртса, бітіремін деп отырмын. Бір қуантарлығы, мемлекет тарапынан драматургтерге арналған көптеген конкурстар ұйымдастырып жатыр, «Жазамын, сахналанамын, таныламын» деген адамға мүмкіндік өте көп. Тек жатпай-тұрмай еңбектенсек болғаны...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ