Жатақхана – студенттер үшін маңызды мәселе. Ақтау қаласында да әртүрлі оқу орындарына, әсіресе колледждерге келіп студент атанған жастардың бірнеше жылдан бері шешімін таппай, күрделі жайтқа айналған түйткілінің бірі де осы болатын. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті кампусының салынуы − өңірдің жоғары білім беру саласындағы үлкен жаңалық болды.
Қаланың көрікті нысандарының бірі ретінде бой көтерген ғимарат маңында студенттерге арналған спорт кешені, сондай-ақ жатақхана бар. Одан бөлек қаланың басқа шағын аудандарында орналасқан қос жатақханада университет студенттерімен бірге қызметкерлер де мекен еткен. Ал колледж студенттерінің аталған университет студенттеріне қызыққаннан басқа амалы жоқ болатын.
Бағасы ұшынып тұрған пәтер жалдауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін болғандықтан, тығырыққа тіреліп абдыраған ата-ана мен дағдарған студент жастарды көріп жүрміз. Ауылдан келіп, қаланың көшпендісіне айналған балалардың басын сұғар жайлы жатағы жоқ, яғни сабағының да сәні болмасы анық. Бұл соңғы жылдары пайда болған жағдай емес, керісінше жылдар бойына қордаланған, бірнеше буын түлектерді тентіреткен, шешімі мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса, оңайлықпен оң нәтиже бере қоймайтын мәселеге айналған болатын.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы бұл жағдайға қозғау салды. Еліміздің түкпір-түкпірінде жатақханамен қамту мәселесі қолға алынып, жастардың жағдайына қан жүгірді. Бастаманың Жастар жылымен жалғасуы да көңілге көп үміт ұялатады.
Ақтау қаласында Маңғыстау Өнер колледжінің ашылғанына жиырма жылға жуықтап қалды. Өлкедегі өнерге құштар ұландарды жиып, сан түрлі мамандық бойынша үлкен әлемге қанаттандырып жүрген оқу ордасының жетістіктері жетерлік, түлектері де осал емес. Әр жылдары түлеп ұшқандардың арасынан бүгінде республикаға танымал бірқатар өнер жұлдызын атап айтуға болады. Колледж ашылғалы бері Маңғыстаудың алыс аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінен келіп оқитын студенттердің музыкалық аспаптары мен жүктерін арқалап, жатақхана таба алмай жүруі көз үйренген көрініске айналған. Ақтаудағы өзге колледждердің жатақханаларына жәутеңдеп, орын өздерінен ауысса ғана табалдырығынан жасқана аттағанын бүгінде атпал азамат болып, еңбек етіп жүргендері жыр етіп айтып отырады. Ол жатақханалардағы тұрмыстық жағдайдың мәз емес екендігі тағы бар...
Жылдар бойы жатақхана жайы жыр болған Маңғыстау Өнер колледжін жақсы жаңалық күтіп тұр. Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ақтау қаласы 3 «б» шағын ауданынан жеке кәсіпкер Ш.Гусейновтың көмегімен 250 орындық жатақхана ашылып, студенттер игілігіне ұсынылмақ. 1993 жылы іргетасы қаланған ғимарат үш қабатты, аумағы − 1956,6 шаршы метр. Заманауи жиһаздармен жабдықталған әр бөлме 2 және 6 адамға арналған. Әр қабатта барлық қажеттіліктермен жабдықталған асхана, сондай-ақ жуынатын бөлмелер қарастырылған. Бірінші қабатта студенттер үшін демалыс бөлмесі, оқу залы, кір жуатын бөлме мен киім үтіктеу бөлмесі бар, сымсыз ғаламтор желісі орнатылған.
Жалпы, ағымдағы жағдай бойынша Маңғыстаудағы 21244 колледж студенттерінің 11086-сы ауылдық жердің студенттері. Қазіргі таңда Қарақия кәсіптік колледжінде 200 орындық, Маңғыстау политехникалық колледжінде 200 орындық, Маңғыстау облысының медицина колледжінде 40 орындық жатақхана бар, үш жатақханада 394 студент қамтылған. Өңірде әлі жатақхананың жайын бас ауруына айналдырған студенттер азайған жоқ. Қазіргі таңда жатақханаға қажеттілік 1064 орынды құрайды. Сондықтан 2019 жылы үш жатақхана пайдалануға беріліп, 710 студентке төрін ұсынбақ. Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, жатақханамен қамту ісі жалғасын табу арқылы 2021 жылдың соңына дейін барлық студент жатақханамен толық қамтылатын болады.
Жайлы жатақханаға ие болған студенттер сабаққа тыңғылықты дайындалып, болашаққа тың қадам жасайды деп сенеміз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы