• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2019

Тақыр...(әңгіме)

1441 рет
көрсетілді

...Қуғыншылар киіктің үлкен бір шоғырын қара адыр тұмсығынан еңіске қарай екі «Уазикпен» қос қапталдан қайырмалап айдап, Күлдірдің тақырына түсіргенде кешкі күн шарасы көкжиекке жанасып та қалған еді.

Қыркүйек орталанған мезгіл­дің іңірі әне-міне дегенше көлегей тартып, қабыршығы быт-шыт жары­лып кеберсіген айтақырдың үстін жым-жырт кеш жайлады. Ұлан-ғайыр тақырдың ұзына бойы­­мен жосыла жөңкіп, Ана­лық ешкімен қатарласып, үйірді бас­та­ған сақа теке, айдынды кеңіс­тік­тің шетіне тақай бере екпінін кенет бәсеңдетіп алдыңғы аяғын дік еткізе қадап, қалт кідірді. Та­қырға төне жағалай тұрған ма­ши­­на­лардың ар-гүр гүжілі, әр-әр тұс­тан қаз-қатар орнатылған әл­дебір абажадай нәрселердің жар­қыл-жұрқылы киіктерді кей­ін орғытты. Үйірбасы Ана­лық ешкі­мен қапталдасып жүйт­кіген, кең танауы пар-пұр де­лең­­деген сақа теке киік үйірін тақырдың батыс бүйіріне таман ойыстырғысы келіп еді, ол жақтан да сол үрейлі тосқауыл алдарынан анталап шыға келді... 

Тақырдың о шеті мен бұ ше­ті­­не қарай алма-кезек жантала­са жосылған киіктер енді бір сәт­­те тығырықтан шығып кетер саңы­лау таппай аласұрды. Әрі-беріден соң ымырт қараң­ғы­лы­ғы әбден үйіріліп, айдын­ды тақырдың кең қолтығы қусырылып қалғандай болды да, әлгібір жарқылдың өткір таспадай сәулесі айқыш-ұйқыш шарлап, киіктерді тұрған-тұрған орнынан тапжылтпай тас­тады. Сәулеге шағылысқан киік көздерінің оттай жанған сарғыш жасыл ноқаты түн қойнауы ­жұт­ып қойған айтақырдың бе­тінде жұл­дыз­дай жанып, жылт-жылт етіп жатты...

– Ғажап көрініс!.. – Қаладан киік атушы кәсіпкер аңшылар то­бын биылғы күз бірінші рет бас­қарып келген, осы мекеменің жаңа бастығы, қалың шүйделі, жуан мойын еңгезердей, сепкіл сары казак-орыс Ерофей Егорыч мына көрініске таңданысын жасыра алмады. – Да-а! Мұндай охотаны бірінші көруім!

Қас-қағымда бір жанып, бір сөніп, содан соң қайта жарық етіп қою қараң­ғы­лықты тілгілеген про­жекторлардың қуатты жары­ғы­­на арбалып, түнгі тақырға қа­­ма­л­ған мың қаралы киіктің кө­з­і­­­нен жылтыраған, сансыраған сан­­сыз-сансыз ұшқыннан көзін ал­­маған Егорыч оқталған қос ­аузын ­дайын ұстаған қалпы тақ­ыр жие­гіне таман жақындай берді. 

Үйірдің бергі қапталында тұр­ған, әдемі біткен қайқы мүйі­­­зі он орам сақа теке тақыр ше­ті­нен әлдекімнің аяқ дыбыс қоз­ға­лы­сын түйсіктей сезіп, танауы делең етті. Басын оқыс төмен салып, көзін қамаған жарықтан бір мезет тасаланып, әрі ығысып жүре берді. Өзімен бірге ентелесе қозғалысқа түскен Aналық ешкі бастаған үйірді де жедел ілес­тіре жөнелді. Қауіптің тым ­жақ­ын жерден оқыстан сезілгенін аңдатып, үйірді тақырдың ортасына қарай ойыстыра берді.

Көздері шоқтай жанып жай­ба­ра­қат тұрған киіктердің аяқ астынан әрі ығысып кеткені аңшы бастық Егорычтың қы­тығына әбден тигені анық еді. Бірін-бірі қаға-соға, бағыт-бағдарсыз жоса жө­нелген киіктің қалың тобының соңынан жүгіре түсіп барып, мылтығының қос шүріппесін кезек-кезекпен басып жіберді. 

Қайқы мүйізін бірер сілкіп ал­ып жөңкіген сақа текенің со­ң­ы­­нан, көз шарасы шырадай жа­нып, жан-жағынан таспадай ос­қы­­лаған тажал сәулеге қамал­ған киік тобыры демігін баса алмай тақыр үстін шиырлай, шырқ айналып, жойқын жанталасқа түскен күйі үздіксіз жоси берді. Тақ­ыр үстіндегі түн бейкүнә ма­­құл­­ықтар үшін нағыз тамұқ тұза­ғы­на айналды. 

Байыз таппай әрлі-берлі ала-шап­қынға түскен киіктерді бір-бірлеп ны­са­н­аға алып жайрату бұл іске әбден кәнігіленген аң­шы­лар үшін оңай шаруа болмады. 

Жылда осы мезгілдегі киік ату нау­­қа­ны басталғаннан бұлар­ды осы­лайша тақырға қамап, шеті­нен жайратып, рефрижераторлы ұзын-ұзын машиналарына сықап тиеп алатын аңшылар бүгінгідей мына көрініске аң-таң болды.

– Барлық пәле бар ғой, анау теке­де, мүйізінің ұшы қа­й­­­қи­ған анау немеде! – деді Его­рыч ен­тігін басып, сәл дем ша­­қыр­­ғасын. – Соның көзін ал­­ды­­мен құр­ту қажет! Киік­тер­­­ді қайыр­­малап олай-бұлай ұйыт­қы­тып жүрген сол! Соның өзі!.. Прожек­тор­ларды тақырдың іші­не та­ман апа­рып, текені бө­лек­­­теп жарыққа қамап, атып тастау кер­ек, көрейік сосын...

Аңшы-бастықтың бұйрығы екі етілмеді. Аккумуляторларға қосылған сам­саған жойқын жа­рық­ты реттеп тұр­ған­дар түн қой­науын айқыш-ұйқыш қақ жарып, киіктің қалың тобырынан ә, дегеннен сақа текені шеттетіп тас­тау­ға тырысты.

Қолындағы мылтығын атуға даярлай икемдеп, аңшылар қа­тар­ының алдында жүрген жуан сарының деміккен айқайы шық­қан тұстан әрмен ығыса берген сақа теке ендігі бір мезет­те жалт бұ­р­ылып, үйірдің екін­ші бүйіріне шы­ғып кетті. Осылай­ша бұлтың-бұл­тың етіп, соңынан қуалаған жа­рықты адастырып кетуге барынша жанталасып бақты.

– Былай тұрыңдар ентеле­мей, өзім атам оны, сендер тиіс­­пең­дер! – деп айқай салған Егор­ыч­ты аңшылық құмар­лық­тан гөрі ырыққа көнбей, өз­де­рін бұл­та­лаң­мен әуре-сарсаңға тү­сір­ген ма­құлыққа деген өшпенді ыза біржола билеп алған еді.

Қайқы мүйіз әлгінде ғана тұла бойын түршіктірген қау­іп­тен ада-жұда арыл­ғандай ессіз күйде, оқтын-оқтын секі­ріп түсіп, ырғып-ырғып жүйтки бер­ді. Дәлме-дәл үстінен түскен жа­рық­тан көз ілес­тір­местей жыл­дам­­­­дықпен сыты­лып шығып, Егорыч­тың жөн-жосықсыз, жобал­­ай ны­саналаған оғын екі-үш мәрте дарыт­пай кетті. 

Анта­лай самсаған ажал-жа­рық­­тан қас-қағымда құтылып, тос­қауылсыз қалған қапталға қарай заматта ығысып кеткен Аналық ешкі бастаған киік үйірі енді оң-сол айналасын айқын ажыратып, тақырдың шетіне қарай дүбірлей жөнелді. 

Барлық прожекторларымен жал­ғыз сақа текені қуалаған аң­шы­­лар қалың киіктен, қан­ды­ауыз­ға түскелі тұрған олжадан бір­жола адасып қала­тын­да­рын бұл мезеттерде әлі білген де, сезген де жоқ еді.

– Атпаңдар!.. Өзім! Өзім көзін жоямын оның!..

Егорычтың түн қойнауын қа­қы­ратып елірген айқайынан құ­л­ақ тұнып, тақыр үсті алабөтен жаңғырып тұрды. Мылтығын оңтайлап алған ол алдынан-артынан, оң-солынан тұтастай жамы­ра­ған жарықтың ортасында жан-жағына алақтаған күйі дағдарып тұрып қалды. 

Жалғыз текенің соңына түс­кен аңшылар киіктің үйірінен айырылып қалғанын осы кезде бір-ақ біліп, аһ ұрды. 

– Киіктерден айырылдық!.. Кетті әне, тақырдан шығып барады!.. 

– Жарықты, жарықты жет­кіз­ің­дер солай қарай!.. Тез, тезірек!..

Текені қуалаған прожектор­лар­дың анталаған көзі ендігі сәтте жалт-жұлт жарқылдап, та­қ­ыр шеті­нен асып бара жатқан киік­терге қарай бұрылды.

Там­ұқ тақырдың кеңіс­­ті­­гі­н­ен шық­қан киіктер про­­­жек­торлардың айқыш-ұйқыш жар­ы­­ғы­нан алыс­тап, түн қой­­на­уы­­­на сі­ңе берген еді.

Сақа текенің жанын алқымға алған жарық тақыр үстінен кенет зым-зия болды да, айнала сол бойда қара түнекке оранды. Қуғын үрейінен бір сәт қалтарыс қалған сақа теке бір-екі ырғып барып, артына жалт бұрылғанда еңгезердей қап-қара сұлбаның қараң-құраң еткен көлеңке-нобайы еміс-еміс қана көрінді.

Қауіптің әлі сейілмегенін түй­сік­тесе де, сақа теке манағыдай жан­ұшыра құтылудың амалына салмады. Елең етіп, делеңдеген танауын көтеріп, тақырдың шығыс жақ бетіне қарай мойнын бұрды. Үйірлестерінің тақырдан шығып, біртін-біртін алыстап бара жатқан дүбірін осы қас-қағымда әлдебір түйсікпен еміс-еміс аңдағандай болды. 

Ендігі жерде қуғынның қор­қы­ныш, түршігіс атаулысынан бір демде алыстаған текені түн қараң­ғысына шомған айтақырдың ұлан кеңістігі өз құшағына қым­та­п алғандай еді, бірақ әлгі ең­­гезердей пәленің деміккен ты­­нысы жақын маңнан тағы да се­зіл­гендей болды. Теке сәл пысқ­ырына түсіп, тағы да үр­ге­лек­теп қалды. Үргелектесе де, неге екені, бұл жолы ытырынбады, қашпады. 

Сақа текенің сол маң­нан ұза­­­­­­ма­ғанын ба­жайлаған Егорыч мыл­­­­­тығын атып қалуға даяр ұс­­тап, түн-түнегінде алға қар­ма­нып, аяғын әр-әр жерден нобайлап басып, мысықтабандап келе жатты.

Осы бір аралықта теке өзін аң­ды­ған қарасұлба тажалдың ту сыртына қарай ығысып, бұры­ла берді. Содан соң көз ілес­пес­­тей шалт айналып келіп, оның қарсы алдынан шықты да, қай­қы мүйізінің ұшын қадай ұс­тап, жойқын екпінімен кеуде тұсын сүзгілей ұрып қағып өтті. Шалқа­сынан түсіп морт құлаған аңшы-бастықтың ащы дауысы бір-ақ рет ышқынып қатты шықты да, тақыр үсті тым-тырс тынып, мүлгіп қалды. 

Соңғы дәрмені түгесіле келіп, ала-шапқын сүргіннен тірсегі діріл­деп, әбден қалжыраған ма­құ­лық сол ырғын екпінімен тоң­қа­лаң асып тұмсығымен жер сүзе құлады. Сақа текенің қанталаған көз шарасынан ыршып кеткен бір тамшы қып-қызыл жас кене­зе­сі кеуіп, беті быт-шыт болған айтақырға үзіліп түсті...

Мәди АЙЫМБЕТОВ