• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2019

Ақтөбеде жаңа рекорд – 150

481 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығы» концерт залында өткен музыкалық кеште Ғ.Жұбанов атындағы облыстық филормонияның 25 әншісі рекорд жасады. Олар әр 20 минут сайын 150 мәртеден «Ақтөбе» сөзін әнге қосып, бір сағатта 450 рет «Ақтөбе» деп айтты. Бір қызығы, мұндай оқиға еліміздің ешбір қаласында болмаған.

Биыл Ақтөбе облысының орталығы Ақтөбе қаласының ірге қалағанына 150 жыл толады. Мерейтойдың алғашқы шарасы осылай басталды. Облыстық өнер ұжымының «Құтты мекен Ақтөбем» атты концертіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Әйтімов, мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Ж.Нұрқасымова, белгілі әншілер Г.Сағынғанова, А.Мәжікбаев, Д.Айтжанов, А.Мақашев, М.Сапарова, А.Төлесінов, Ж.Бекбосынов, М.Есетов, Г.Бөрібасова, А.Естілеуова, Е.Құмаров, Н.Омаров, С.Бегіман, А.Уразова, Ә.Шәкіров, Е.Алданазаров, Б.Балмағамбетова, Е.Дүйсеев, «Тамсан» тобы, Ө.Элеков, Шынтас-Айнагүл Омаровтар және ВИА «Жасын» (Мұғалжар ауданы), «ҚОС-НҰР» дуэті қатысты.

«Ақтөбе қаласының мегаполис шаһарға айналуына барлық мүмкіндігіміз бар. Соңғы жылдары Ақтөбенің сәулеттік келбеті адам танымастай өзгеріп, экономикасының өркендегеніне бәріміз куәміз. Оған әрқайсымыздың еңбегіміз сіңді, әрқайсыңыз үлес қостыңыздар. Бүгінгі концерттің де ерекше жағдайда өткенін қуанышпен тамашаладық. Көркемөнерпаздарымыздың үш сағаттық шарада «Ақтөбе» сөзін 450 мәрте айтқаны да рекорд, оны сіздердің тыңдағандарыңыз да рекорд», деді қала әкімі Ілияс Испанов әнсүйер ақтөбеліктерге айтқан сөзінде.

Айта кетейік, ән кешінде ақ жаулықты әжелер шашу шашса, «Біз біргеміз!» және «150 игі іс»  акциясы аясында «Қаракет» қорының қолдауымен 1-топтағы мүгедек Манас Құлмағанбетов үш бөлмелі пәтер кілтіне ие болды. Сонымен қатар Ақтөбеге арналған әндердің авторлары мен орындаушыларына қала әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.