• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2019

Маңғыстауда «Цифрлық агент» арқылы 371 адам көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне баға берген

997 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Цифрлық агент» (Digital agent) мобильді қосымшасының іске қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ.

Маңғыстауда соңғы 2 айда 371 адам көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне оң баға берген. Аталған мобильді қосымшаның ерекшелігі қызмет алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасын шынайы уақыт режимінде бағалай алады.

Ол үшін «Play Market» және «App Store» сервистік бағдарламалары арқылы мобильді қосымшаны жүктеп, орнатылғаннан кейін тіркеуден өту қажет. Содан соң, бағалайтын қала мен мекемені таңдайды. Бағалау жолданғаннан кейін Агенттіктің тиісті аумақтық бөлімшелерінің жауапты тұлғалары өз құзыреті шегінде әрекет етеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының жетекші маманы Таған Сариевтың айтуынша, қазіргі уақытта қызмет алушылар Халыққа қызмет көрсету бойынша бөлімдердің, қала және аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларының, сондай-ақ, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалай алады.

-Мәселен, қызмет алушыға персонал дөрелкілік танытуы мүмкін немесе кезекте ұзақ тұрып қалуыңыз ғажап емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған болса және тағы басқа мәселелер бойынша уәкілетті органдарды хабардар етіп, мәселені 5 минутта шешу мүмкіндігі бар. Осылайша әрбір азамат көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша кері байланыс орната отырып, Агенттіктің көмегімен мәселесін шешуге мүмкіндік алып отыр. Барлық азаматтарды мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бағалауды және аталған қосымшаны қолдануға шақырамыз, дейді ол.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы