Бүгінгі таңда ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі 50 процент деңгейінде. Яғни, 9 облыс газбен қамтылған. Елдің орталық және солтүстік өңірі әлі де табиғи газсыз отыр.
– Газ тарту жұмыстарының бірінші кезеңіне сәйкес магистральді газ құбыры Қараөзектен Астанаға дейін алдағы екі жылда тартылады. Бағдарламаның екінші кезеңінде, яғни, 5 жылда Астанадан Петропавл қаласына газ құбырын тарту көзделіп отыр. Біздің компания осы аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз етумен айналыспақ. Мақсат ескі газ құбырларын жөндеп, жаңа газ тарату жүйесінің құрылысының жүргізу. Инфрақұрылымды қалпына келтіріп, 5 жыл ішінде жүзеге асырамыз,– деді «Көкшетаутрансгаз» серіктестігінің қаржылық директоры Батыр Әшіров.
«КөкшетауТрансГаз» серіктестігі газ құбырын тарту жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Тұрғындарға орталықтандырылған көгілдір отынды үздіксіз жеткізу, сапалы қызмет көрсету басты мақсат.
– Біз жылына тұрғын үйлердің 80 пайызында жоқ газ құбырларының 15 пайызын қалпына келтіреміз. Біздің міндетіміз инфрақұрылымды толықтай жаңарту. Елбасының бастамасымен қолға алынған жобаны яғни, газ тарту жұмыстарын облыс тұрығындары табиғи газды қабылдап алуға толықтай дайын болуымыз керек, деді «Көкшетаутрансгаз» серіктестігінің шебері Ерлан Сағындықов.
Аталған жобаны, яғни магистралды газ құбырын тарту құрылысын іске асыру үшін тиісті қаражат көздерін тарту жағы да қарастырылуда. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында қойылған міндет жүзеге асқанда 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнестің жаңа өндірісін ашуға үлкен мүмкіндік тумақ.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы