Сейсенбі, 25 желтоқсан 2012 7:19
Адамзат баласы өзге тіршілік иелерінен – өз игілігі үшін қызмет етіп, жақсы өмір сүруіне мұрындық боларлық құндылықтарды игеруімен ерекшеленеді. Бөлекше жаратылыс, айрықша талант, асқан шеберлік – Алланың адам баласына еншілеп берген баға жетпес тартуы десек, артық айтқандық емес. Адамзаттың жаратылуымен гүлденген жұмыр жерде бүгінде барлық сұраққа жауап бар, барлық жұмбақтың шешімі дайын. Адамдардың ғылымға түрен салуы – жаңа технологиялар заманын тудырды. Қазіргі бесаспап технология – кез келген әжетіңізге жарап тұр. Айналып келгенде осының барлығы – қозғалыстың, ілгері жылжудың ықпалымен мүмкін болған дүниелер еді.
Сейсенбі, 25 желтоқсан 2012 7:19
Адамзат баласы өзге тіршілік иелерінен – өз игілігі үшін қызмет етіп, жақсы өмір сүруіне мұрындық боларлық құндылықтарды игеруімен ерекшеленеді. Бөлекше жаратылыс, айрықша талант, асқан шеберлік – Алланың адам баласына еншілеп берген баға жетпес тартуы десек, артық айтқандық емес. Адамзаттың жаратылуымен гүлденген жұмыр жерде бүгінде барлық сұраққа жауап бар, барлық жұмбақтың шешімі дайын. Адамдардың ғылымға түрен салуы – жаңа технологиялар заманын тудырды. Қазіргі бесаспап технология – кез келген әжетіңізге жарап тұр. Айналып келгенде осының барлығы – қозғалыстың, ілгері жылжудың ықпалымен мүмкін болған дүниелер еді. Бүгінгі ұрпақ материалдық қажеттіліктердің кез келгенін оңай өтей алады. Сұранысқа қарай ұсыныстың да есебін арттырар – өндірістің де үлес салмағы жоғарылап келеді. Қысқасы, еңбек етсеңіз, қаражатыңыз болса – жаныңызға жайлы дүниенің бәрін сатып ала аласыз. Ал, денсаулықты қалпына келтіретін мүмкіндіктер шын мәнісіне келгенде өте аз. Себебі, адам ағзасы тым нәзік жаратылыс. Оған ақау келтіру оңай болғанмен, сол аурулардан айығу қиынның қиыны. Сондықтан да бүкіл адамзат ағзаны сау қалпында сақтауға ұмтылу үстінде. Дамыған елдерде адамдар денсаулығына ғұмырының үштен екі бөлігін арнайды екен. Бұл ретте олар дұрыс тамақтану, дұрыс тынығу, белсенді демалыс ұйымдастыру, табиғат аясында уақыт өткізу және спортпен шұғылдану шараларын ұдайы жүргізіп отыратыны белгілі. Осылардың жандарына серік болып кеткені соншалық олар тәннің саулығы мен сыр сымбатын түзеуге арналған мүмкіндіктерді – күнделікті жүзеге асыруға дағдыланып кеткендей. Ал біздің қоғамда қалай? Адамдар өзін-өзі қолға алып жатыр ма? Ертеңі үшін не жасап жатыр? Демалыс күндері мен бос уақыттарын қалай өткізеді? Осы сұрақтарды негіз еткен жедел сауалнамалар нәтижесінде халықтың басым көпшілігі бос уақыттарын қосымша қаражат табуға жұмсайтындығы, одан қала берді, өзіне де, қоғамға да пайдасыз істермен айналысуға, теледидар тамашалауға арнайтыны анықталды. Әрине, адамзат үшін материалдық құндылықтардың рөлі айрықша болар, дегенмен, уақытты үнемді әрі ретімен пайдаланар болса, жұмысына да, күнделікті денсаулық күтімі мен тынығуға да уақыт табуға болары сөзсіз. Мұны денсаулық сақтау саласы мамандары мен жантанушылар да растап отыр.
Белсенді демалыс, бұқаралық спортЖаныңызға жайлылық сыйлау үшін жылына бір келетін демалысты сарыла күтудің қажеті шамалы. Адамның игілігі үшін жаратылған жер мен көк, ауа мен табиғат – жанға дауа боларлық тылсымы бар дүниелер. Жұмыс күніңіз аяқталысымен, жаяулатып үйіңізге бет алсаңыз, осының өзі үлкен демалыс емес пе? Туған жердің ауасынан еркін тыныстаудан бастаңыз демалысты. Ал, демалыстың белсенді түрлері саналып жүрген табиғат аясына шығу, жаяу экскурсиялар, теңізге, көлге бару, қайықпен, су көліктерімен серуенге шығу, аң-құстар мен балық аулау, жүзу, коньки, шаңғы, велосипед тебу, тауға шығу, экзотикалық және тарихи-мәдени орындарға сапар шегу, осылардың қай-қайсысы да өміріңізді басқа арнаға бұруға ықпал етеді.Қазақстан – жұмақ мекен. Мұнда жылдың төрт мезгіліне де сай келетін демалыс орындары мыңдап саналады. Өзіміз тұрғай, өзге елден келген туристің басын шыр айналдырар табиғатымыз бар. Тарихи-мәдени құндылығымыз қаншама?! Мұнан бөлек қазір халыққа арналған демалыс орындары көптеп бой көтеруде. Қала берді бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендер де қазір ауыл-аудандарда тұрғызылып жатыр. Мәселен, Көкшетау қаласына қарасты Зеренді ауданында ашылған денешынықтыру және сауықтыру кешенінде жанға қажеттінің бәрі де бар. Барлық қызмет балалар үшін тегін. Адам кірсе шыққысыз кешенде волейбол, баскетбол, футбол және жаттығу алаңдары, теннис үстелдері, бассейн, т.б. спорт үйірмелеріне қажеттінің бәрі бар.Елімізде 30 мыңнан астам спорт нысаны бар екен. Мемлекет халықты бұқаралық спортқа тартуға барынша күш салуда. Бұл ретте спортты дамытудың қозғаушы тірегі болып табылатын материалдық-техникалық базалардың көбейіп келе жатқандығы байқалады. Соңғы екі жылдың көрсеткіштерін салыстырар болсақ, спорттық нысандардың жыл сайын 2-3 мың бірлікке артып отырғанын аңғару қиын емес. Бұл ретте ауылдық жерлерді қамтуға да көп көңіл бөлініп келеді. Биыл жыл соңына дейін мемлекет қаржысына ауылдық жерлерде 936 спорттық ғимарат құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Осы тұста айтпай кетпеуге болмайтын бір факт және бар. Қазіргі күні қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жолға қойылуымен және де жеке меншік иелерінің ықыласына орай спорттық кешендер салу ісі қарқын ала бастаған. Бүгінгі статистикаға сүйенсек, жыл сайын бой көтеретін денешынықтыру және спорт нысандарының 30-40 пайызы осы жеке меншік тарапынан салынады екен. Міне, осы игіліктің барлығы айналып келгенде халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, спорт арқылы ұлт саулығына қол жеткізу үшін қажет болып отырған дүниелер. Қазіргі салынып жатқан кешендердің ішкі жабдықталуы қандай десеңізші?! Залдардың, алаңдардың еуропалық стандартқа лайықталып салынғанын айтпағанның өзінде, жеке гигиенаны сақтауға арналған бөлмелердегі жағдай, кептірінуге арналған бөлмелердің өзі – «алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдымның» кебіне келеді. Демек, қазақ бұқарасын спортқа тартуға мемлекетімізде толық жағдай жасалған деп айтуға негіз жоқ емес. Спорттық техникалық-материалдық база біз атап өткен көрсеткіштермен шектеліп қалмақ емес, жылдық бюджет, спорт және туризмді дамыту бағдарламаларына сай жоспарлы түрде салынатын мыңдаған нысанның жобасы бар әлі. Бұл – халықтың ішінде бұйығып жатқан спортқа деген ықыласты ақыры бір оятары сөзсіз.Отбасы – шағын бір мемлекет. Егер мемлекетте бір сала ақсап жатса – сол қоғамның мүшесі ретінде сіздің жаныңызға бата ма? Батады. Сол сияқты сіздің отбасындағы олқылық та өзіңізге білінбесе де, сыртқа көзге ұрып көрініп тұратыны бар. Мемлекет пен адам егіз әрі бір-біріне жалғанған ұғымдар. Сіз мемлекеттің, мемлекет сіздің мәселеңізге бейжай қарай алмайтыны сондықтан. Олай болса, бүгінгі күні халықтың бұқаралық спортқа тартылуы енжар тартып тұрғанын байқаған болсаңыз, осы көрсеткішті көтеруге өзіңіз тырыссаңыз жөн болар. Бұл үшін үйдегі балаларды спортқа баулыңыз. Спорт – әрі денсаулықтың, әрі баланың бос уақытын бөтен істерге, зиянды әрекеттерге айырбастамауының кепілі. Саламатты өмірді салт етпек болған қоғамның көшіне сіз де ілесуге тырысуыңыз шарт. Бұл – айналып келгенде тек өзіңіздің мүддеңіз үшін керек!Балаларды велосипед айдауға үйрету, есейе келе оны қоғамдық көлік ретінде, жұмысқа барып-келуге пайдалануға үндеу – сіздің балаға берген экологиялық әрі саулықты нығайтуға нұсқаған тәрбиеңіз болып табылады. Шетелдерде, мысалы голландықтар алтын уақытын көшеде тіресіп тұратын қоғамдық көліктерде өткізуді әбестік санап, саналы түрде өз велосипедімен жүруге көшкен. Есесіне екі дөңгелекті көлік көрсе жұрт голлландықтарды есіне алады. Бұл әйгілі Нидерланд корольдігінің мамыражай табиғатының түтінмен, химиялық қалдықтармен былғанбай, одан әрі жайнай түсуіне ықпал етті.Баланы ролик, табанында дөңгелегі бар жалпақ тақтайшамен сырғанауға үйрету. Бұл – бойдың тік, сымбаттың берік болуына алып келеді екен. Ал, шаңғы, шанамен сырғанау – көкірекке дем беріп, тыныстың ашылуына, сергектікке, иммундық мүмкіндіктердің жетілуіне жағдай жасайтын көрінеді. Жалпы, табиғат аясындағы спорт – адам жанына екі есе дем береді. Таза ауа – мидағы, ағзадағы оттегі жеткіліксіздігінен туындайтын ауруларды жаныңызға жуытпайтын болса, қозғалыстың адамның сапалы ғұмыр кешуінде қашан да ықпал зор болған.Дене-қимыл қозғалысының күнделікті жаттығулары – бұл арнайы уақытты талап етпейтін спорттың ең қарапайым түрі. Қазіргі таңда мектептерде, орта оқу орындарында сабақтан бұрын немесе үлкен қоңырауларда – оқушылар арнайы жаттығулар жасайды. Кейбір білім беретін мекемелер мұны арнайы әуеннің ырғағында, би түрінде де ұйымдастырып жүр. Интеллектуалдық мектептер, лицейлерде мұндай сергіту шараларына тіпті екі мезгіл уақыт бөлінеді екен. Себебі, қозғалыстың ми қатпарларын оятып, есте сақтау қабілетін арттыруда да ықпалы зор. Әрі бала үздіксіз оқудан жалығып, санасына салмақ түсіруден де аулақ болады. Үй жағдайында да күнделікті жаттығуды мезгіл-мезгіл жасап тұрған дұрыс.
Дұрыс тамақтану мәдениеті«Ауру астан» деген қанатты сөзді айтып кеткен бабаларымыз ас-ауқатына баса мән бергені белгілі. Бүгінгі күннің ғалымдары артық тамақтанудың пайдасын жоққа шығарып жатқан тұста, ет пен қымыздың калориялық көрсеткіштерінен шошынудың қажеті шамалы. Себебі, қазақ қашан да бұл заттарды тұтынған, оның ағзасы туғанынан-ақ осы төрт түліктің еті мен басқа да ауыр тағамдарды сіңіруге бейімделген. Оны ешкім де жоққа шығара алмас. Тек, оны мөлшермен пайдалана білсеңіз болғаны. Ертеректе бабаларымыз ауыр тамақ ішсе, артынан қымызбен сіңіріп отырған болса, 7-8 ғасырда исламның келуі енді ғана қалыптасып келе жатқан ұлттар мен ұлыстар дәстүріне ерекше үдеріс ала келді. Әрине, ислам мәдениетінде адамзатқа жат не кереғар әсер ететін дүние болған емес. Әсіресе, «асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін суға, үштен бірін бос қой» деген қағидат – қазақ қоғамына да сіңісті болды. Бұл ең алдымен – деннің саулығы үшін маңызды болғандығын бүгінгі батыс ғалымдары енді ғана дәлелдеп отыр. Күнделікті үш мезгіл сыйымды тамақ, көкөніс пен еттің ара салмағының тең болуы, құрамында минералдары мен дәрумендері мол асқа үйірсек болу, сусынды мөлшерден тыс артық қабылдамау, тез әзірленетін тағамдарды: пастфуд, майға піскен бәліштерді, қытырлақтарды, газды сусынды жиі тұтынбау – осының барлығы да сіздің саулығыңызды қамтамасыз ететін факторлар. Санамалап отырған осы нәрселерді өз ұрпағыңыздың да санасына құю азаматтық борышыңыз болып саналады.
Тәтті ұйқы – тән шипасыҰйқы – жан мен тәннің барлық тіршілік атаулыдан уақытша енші алуы. Көзін тырнап ашқаннан еңбекке араласатын адамзат үшін оның маңызы өте жоғары сондықтан. Атақты Шопенгауер «Сағат үшін оның серіппесін бұрап жүргізу қандай қажет болса, адамға ұйқы да сондай қажет», дейді. Ояу кезде барынша белсенділік танытатын жүйке жүйесінің жасушалары – егер де дұрыс ұйқы болмаған жағдайда сыр бере бастайды. Сондықтан сіз ұйқының тыныштығын қадағалап отыруды өзіңіздің өмірлік ұстанымыңызға қосқаныңыз абзал.Қазақстандықтардың көпшілігі ұйқы гигиенасын сақтай бермейді екен. Олардың арасында ұйқыдан бас көтермейтін жалқаулары да, не керісінше, ұйқының не екенін білмейтін жанкештілері де бар. Жанаяр кісілерді айтпағанның өзінде, күнделікті еңбек адамы – күйбеңі көп ауыл жұртшылығы мен үлкен қалаларда тұратын жандардың мәселесі май шаммен қарарлықтай. Неге десеңіз, басын ду тіршіліктің дүменді ойлары шырмап алған адамның ұйқысы ешқашан тәтті болған емес. Шаруасынан арттырған азғана уақытын ұйқыға арнаған ағайынның түнінің тынышы кетіп, шытырман түстер көріп, ал таңертең сол кешегі шаршау қалпында жұмысқа кете баратыны өтірік емес. Уақыт өте келе ол ұдайы шаршаудан туындайтын ауруларға қалай, қандай себеппен шалдыққанын өзі де байқамай қалады.Адам өз жанына өзі араша. Ең алдымен қоғам болып осыны ұғынуға тиіспіз. Есіңізде болсын, егер сіздің санаңыз күйкі тірлік салған жарадан айыға алмаса, деніңіздің саулығына кепілдік етпесеңіз де болады. Бүгінде «әлеуметтік» деп айдар тағылған қан-тамыр, буын, жүйке жүйесі, семіздік және ішкі ағзалар ауруларын туындататын негізгі факторлардың ішінде осы – ұйқының бұзылуы да бар. Олай болса, сіз өз өміріңіздің патшасы ретінде, қолыңызда таңдау тұрған шақта ағзаңызды тыныш ұйқымен күнделікті қамтамасыз етіп отыруға тиіссіз. Ол үшін мамандар ұсынған мынадай кеңестерді жадыңызға берік түйгейсіз:• ұйқыға ертерек жатуға дағдыланған жөн. Ағзаны бір мезгілде ұйықтауға үйрету – денсаулыққа өте пайдалы. Ерте жатып, ерте тұрудың ағзаға өте пайдалы екенін ғалымдар жиі ескертеді;• Мамандардың жатар алдында жылы сүт ішуге кеңес беретіні бар. Себебі, сүт құрамында қажетті амин қышқылы кездеседі.• Кешкі асты барынша аз ішу керек. Өйткені, тамақ толық қорытылуы үшін 3-4 сағат уақыт қажет. Ащы, тәтті тағамды кешкі асқа қолдануға болмайды.• Ұйықтар алдында ауа тазартып алғанның да маңызы жоғары.«Баланы жастан» деген ұлағатты сөзді айтқан халықтанбыз. Олай болса сіз өз өміріңізде жіберген қателігіңізді ұрпағыңыздың қайталамауына тікелей себепші болуыңыз керек. Балаларыңыз адам ғұмырындағы ұйқының маңызын терең ұғынып өссін! Егер сіз жоғарыда көрсетілген мәліметтермен балаңыздың көзін ашып, тынығу режімін сақтауға үйретсеңіз, дені сау ұлт тәрбиелеу арқылы – қоғамның дамуына үлкен еңбек сіңірген боп есептелер едіңіз!Жалпы алғанда, адам – өзінің сапалы әрі ұзақ ғұмыр кешіруіне өзі ғана себепші бола алады. Көпшілік құнттай бермейтін осы қағидаттар соншалықты қиын да емес. Сіз онсыз да күнделікті қозғаласыз, тамақ ішесіз, ұйықтайсыз. Ал оларды орнымен, ағзаның әжетіне жарата отырып пайдалану тек еңбекпен, тәртіппен келетін дүние. Олай болса, асыңызды арқауыңызға айналдырып, ұйқыңыздың тыныштығы мен қимыл-қозғалысыңыздың ширақтығын бақылау тек өз қолыңызда емес пе? Өзіңіз бен туған ұрпағыңыздың өміріне басшы екеніңізді ескере отырып, сапалы өміріңізге кепіл болатын осы үш ұстынды берік бекемдегейсіз, оқырман!
Ербосын ӘБІЛҚАСЫМОВ.(Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі тапсырысы бойынша әзірленген).