• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қаңтар, 2019

Батыс Қазақстанда аң аулаудан тұңғыш біріншілік өтті

966 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында «Ата кәсіп – елге нәсіп!» атты кәсіби және әуесқой аң аулаудан тұңғыш рет аудан біріншілігі өтті. Біріншілікті Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және жергілікті аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Аңшылар сайысы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының жанындағы Бұлан тоғайында өтті. Тоғай ішімен өтетін Бұлан өзенінің үстіне аңшылар шатыры тігілді. Шараның салтанатты ашылу салтанатында Сырым аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсот Бисенғалиев, аудан аңшыларының ақсақалы, кәсіби аңшы, белгілі ақын Махмет Қажиахметов, Сырым ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Мырзашев сөз сөйледі. Жарысқа заңды аңшылық мылтығы және Сырым ауданы аумағында аң аулауға жолдамасы аңшылар ғана жіберілді.

- Қазір мылтығы бар адамның бәрі аңшы болып кетті. Сырым аудандық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігі полиция инспекторларымен бірге рейд жүргізіп, 2018 жылы аудан аумағында заңсыз аң аулаған 4 азаматтың үстінен хаттама толтырды. Ескерту берілгені қаншама. Бүгінгі шара арқылы біз заңның үстемдігін, тәртіпті, табиғатқа деген жанашырлықты насихаттаймыз, - дейді Сырым аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің өкілі Ақеділ Нұрмашев.

Сайыс аңшы иттердің аң аулауынан басталды. «Жүйрікке жел қамшы» атты тазылардың жүйріктігін сынайтын кезеңде жымпитылық Сәбит Өмірзақовтың Көкқұтан атты тазысы қосқан нысанаға алты тазыдан бұрын жетіп, жеңімпаз атанды. Көкқұтанның ізін ала жеткен өлеңтілік Төлеби Қайыржановтың Сұңқар атты тазысы екінші орынды, итбегі Рүстем Мағзомовтың Лашыны үшінші орынды иеленді. Осылайша бой қыздырып алған тазылар Жамбыл ауылының іргесіндегі қамысты сайда қоянның ізіне түсті. Сөйтіп тазылардың жүйріктігі ғана емес, иісшілдігі, із кесу шеберлігі де сыналды. Айта кетейік, тазыларға қарлы сайды тіміскілеп шығу оңай болмады. Қатқан қардың бетімен қоян қуамын деген екі-үш тазының тірсегін мұз тіліп кетті. Ұйымдастырушылар жер жағдайының қолайсыздығын ескеріп, тазылар сынағын ерте тоқтатты.

- Тазы баптаумен айналысқаныма үш жылдай болды. Лашын атты қазақы тазым облыстық көрмелерге, сайыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. Қазақ «Ит – жеті қазынаның бірі» деп тегін айтпаған. Бірақ қазір сол қазынадан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені, Қазақстан аумағында таза қанды деген статусқа ие, ресми тіркелген тазы аз. Оның үстіне иттің бұл тұқымын Ресейдің патенттеп алмақ ниеті бар. Қазір біздің Батыс Қазақстан облысында 100 шақты тазы бар. Асыл тұқымды осындай иттерді сақтап қалу, оның таза тұқымын көбейту ісіне әрбір қазақ араласса, тілектес болса қандай жақсы. Тазы да – жылқы секілді қазақтың бір құндылығы ғой, - дейді тазы баптаушы Рүстем Мағзомов.

Бұдан кейін мылтық асынып, дүрбі іліп, шаңғымен бірі тоғай сүзіп, бірі өзеннің қамысын жағалап кеткен кейбір аңшылар межелі екі сағаттан кейін орталық нүктеге қанжығаларын майлап қайтты. Бұл сайыста Сәкен Сұлтангереев жеңімпаз атанды. Жымпитылық аңшылар Махмет Қажиахметов, Ерлан Шүкіров, Талғат Жақыпов белсенділігі үшін марапатталды. Салауатты өмір салтын ұстануда үлгі, табиғатты қорғауда бір кісідей жанашырлық танытып жүрген жымпитылық Еркін Шүренов «Ақсақал аңшы», ал жетікөлдік Есмұрат Әділет «Ең жас аңшы» аталымдарына ие болды.

Түскі үзілісте қатысушылар мен сайыстың қонақтары аңшылар шатырында жайылған дала дастарханынан дәм татты. Саятшылықтың салтанаты, аңшылықтың қызығы жайлы небір әңгімені осы дастарханның басында отырып аңшылардың өз ауыздарынан тыңдадық.

Қазақта «Мылтығыңның күмісін айтпа, тиісін айт!» деген жақсы сөз бар. Аңшылар арасындағы мергендікті анықтайтын сайыс дәл осылай аталды. Бұл жерде сырымдық аңшылар көкке лақтырған тәрелкені оп-оңай қағып түсумен болды. Тіпті, үш мүмкіндікті мүлт жібермеген 4 мерген тағы да финалдық кездесу жасап, жетікөлдік Киікбай Қайырғожин мергендер сайысының жеңімпазы атанды.

Қатысушыларды Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұртілеу Болат және «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Мұса марапаттады.

- Менің әкем де аңшы болған кісі еді. Өзім де бала күнімнен мылтық алып, аңға шықтым. Аңшылықтың шарты – табиғатты бүлдіру, аңды құрту емес. Керісінше, аңшылар адам мен табиғаттың арасындағы елшіге айналуы керек. Мен заңды аңшылықтың жағындамын. Басқа аңшылар да бұл кәсіпке адалдықпен, тазалықпен келсе екен. Аудандағы аңшылардың тұңғыш біріншілігі өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта мергендік дәстүрдің бір түрі – садақ тарту, жамбы ату өнерінен де жарыстар өтсе деймін, - дейді кәсіби аңшы, ақын Махмет Қажиахметов.

Аңшылар біріншілігі алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналмақ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы