• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қаңтар, 2019

СҚО-да индустрияландыру картасының орындалуы баяу

778 рет
көрсетілді

Өңір кәсіпорындары өткен жылды табысты қорытындылағанымен, өсім барлық салаларда байқалып отырған жоқ.

Айталық, химия, дайын металл өндіру ісі мен машина жасауда өндіріс көлемі төмендеген. Петропавл ауыр машина жасау, «Мұнаймаш», «Зиксто» зауыттары тапсырмаларды игере алмаған. Аудандар бойынша Мамлют ауданы мен Петропавл қаласы көш соңында қалған. Ал Ғ.Мүсірепов ауданында 2015 жылы бастау алған Индустрияландыру картасының 2-ші бесжылдығына бірде-бір жоба енгізілмеген. Есіл, Шал ақын, Уәлиханов және Тимирязев аудандары бір ғана жоба ұсынған.  

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші 5 жылдығында өңірде 94 миллиард теңгенің 44 жобасын іске асыру барысында қосымша 2,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. 4 жыл ішінде 28 жоба жүзеге асырылып, 800-ден астам адам жұмысқа орналастырылған. Құйылған инвестиция көлемі 17 миллиард теңгеден асады. Биыл 14,7 миллиард теңгенің 7 жобасын іске асырып, 500 жаңа жұмыс орнын құру белгіленген.

Алайда, бұл салада барлық аудан шетелдің қалталы азаматтарын тартуда белсенділік танытып отырған жоқ. «Қазақ инвест» ҰК өкілдері де осы пікірде. Мемлекеттің қаржылық қолдауына қарамастан, 13 ауданның 5-уінде инвестициялық жобалар қарастырылмаған. Олар – Ақжар, Есіл, Тимирязев, Жамбыл және М.Жұмабаев аудандары. Еліміз бойынша бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингінде өңір 5-орында тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, осы үрдістен айырылып қалуы әбден мүмкін. 

Мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық маңыздағы 10 үздік жобаның қатарына Шалқар-Имантау курорттық аймағы да енген. Курорттық аймақты дамытуға 32,4 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Инфрақұрылым жаңартылып, жаңа қонақ үйлер мен демалыс базалары бой көтереді.

Алайда облыс орталығынан алыс емес жерде орналасқан Меңкесер көлі жөнінде олай айтуға әлі ерте. Түрлі ауруға емдік қасиеті мол көл қараусыз қалған, ие жоқ. Оны шипалы орынға айналдыруға инвесторлар іздестірілгенмен, табылар емес. Ал ниет еткен жергілікті кәсіпкерлерді жолатқылары келмейді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы