Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Новосібірде өткізген «Барыс» жергілікті «Сибирьден» қосымша уақытта ұтылды.
Бірінші кезеңде қос команда бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Көрермендер тек 33 минутта алғашқы голдың куәсі болды. Қонақтардың сәл кібіртіктеп қалғанын ұтымды пайдаланған Джордан Кэрон айдын иелерін алға шығарды. Үшінші кезеңнің бел ортасында Максим Семёнов таразы басын теңестірді. Осылайша, ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта Жильбер Брюле соққан шайба «Сибирьге» жеңіс сыйлады. Есеп – 2:1. Әйтеуір, көңілге бір медет болатыны Новосібір сапарынан астаналық хоккейшілер бір ұпаймен оралды.
ҚХЛ-тың тұрақты біріншілігінде «Барыс» алтыншы орында келеді. 53 кездесуден кейін жерлестеріміз 75 ұпай жиды. Алдымызда тұрған тағы екі команданың да жиған ұпай қоры дәл сондай. Алайда «Авангардтың» (Омбы) бізден төрт және «Локомотивтің» бір ойыны артық. Сол себепті де оларды басып озу үшін біздің жігіттердің мүмкіндігі мол.
«Барыс» алдағы күндері мына командаларға қарсы ойнайды: Санкт-Петербургтің СКА-сы (31 қаңтар, үйде), Финляндияның «Йокериті» (2 ақпан, үйде), Уфаның «Салават Юлаевы» (4 ақпан, қонақта), Новосібірдің "Сибирі» (12 ақпан, үйде), Қытайдың «Куньлуні» (14 ақпан, үйде), Омбының «Авангарды» (16 ақпан, үйде), Владивостоктың «Адмиралы» (18 ақпан, қонақта), Хабаровскінің «Амуры» (20 ақпан, қонақта) және Қытайдың «Куньлуні» (22 ақпан, қонақта).
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»