Бейсенбі, 22 қараша 2012 7:15
Мемлекетіміз үшін бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі халық денсаулығының жақсаруы, орташа өмір сүру жасын ұзарту десек, қан тамырлары ауруларының көбеюі көкейкесті жәйттің біріне айналып отыр. Біздің А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы қан тамырлары бөлімінің аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы хирург Талғат ДЕМЕУОВПЕН әңгімеміз осы мәселенің төңірегінде өрбіген еді.
Бейсенбі, 22 қараша 2012 7:15
Мемлекетіміз үшін бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі халық денсаулығының жақсаруы, орташа өмір сүру жасын ұзарту десек, қан тамырлары ауруларының көбеюі көкейкесті жәйттің біріне айналып отыр. Біздің А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы қан тамырлары бөлімінің аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы хирург Талғат ДЕМЕУОВПЕН әңгімеміз осы мәселенің төңірегінде өрбіген еді.
– Талғат Нұрмаханұлы, мамандар соңғыкезде қан тамырлары аурулары ісікауруларынан кейін екінші орынғакөтерілгенін алға тартып, алаңдаушылықтанытуда. Бұл дерттің белең алуына не себеп болып тұр?
– Қан тамырлары аурулары асқынып бара жатқаны рас. Әлемнің көптеген елдерінде жүрек-қан тамырлары және цереброваскулярлық аурулары таралуы жағынан эпидемиялық жағдаймен теңеседі. Мұндай науқасқа шалдығу себептері көп. Ең бастысы, дене қиымылының аздығы, яғни геподинамия қан тамырлары ауруларына душар етуде. Мәселен, қызмет бабындағы көптеген таныстарыма қарасам, таңертең тұрып, дайын көлікке отырып жұмысқа келеді. Күні бойы тапжылмай отырады да, кешке машинасына қайта мініп үйіне барады да, тамақ ішіп, диванға қисая кетеді. Бүкіл өмірі осылай кеңседе өтіп жатқан таныстар бәрімізден табылады. Мұндай өмір салты да адамды ауру қылмай қоймайды. Дене қимылының аздығы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау түптің-түбінде қан тамырларында түйіндердің пайда болуына немесе қан тамырларының әлсіреп, жіңішкеруіне апарады. Және бұл дерт тұқым қуалайтындығын ұмытпау қажет.
– Қан тамыры ауруларының бастапқы белгілері қандай?
– Басты белгісі – аяқ-қолда ауырсыну сезімінің пайда болуы, ақсау. Көп жағдайда: «Басы ауырмайтын, балтыры сыздамайтын адам болушы ма еді» деп жүре беретініміз бар.
Егер адам аяқ-қолы ұйып ауырып, саусақтары мұздап, жансызданып жүргенін байқаса, мұндай жағдайға жүрдім-бардым қарауға әсте болмайды. Кейде адамдар жүріп келе жатып, аяқ-қолының қақсап, шаршайтындығын байқап, біліп жүреді. Демалып алып, әрі қарай шаруасымен айналыса береді. Мұның өзі де алаңдатарлық жағдай.
Өкінішке қарай, біздің көптеген пациенттеріміз алдымызға әбден асқынғанда келеді. Жедел жәрдеммен жетеді. Осының салдары дәрігерлер жасайтын оталардың кейде сәтсіз шығуына да себеп болып жатады. Оталардың соңғы нәтижесіне әсер етеді.
– Демек, қан тамырлары аурулары абайсызда жұқтырып алатын дертемес. Алдын алуға болады ғой?
– Мамандардың айтары да осы. Ең бастысы, дене қозғалысын көбейтіп, қанның жақсы жүруіне жаттығулармен септесіп, зиянды әдеттерден, темекіден аулақ болу – мұндай сырқаттан баршамызды алыстатады. Кез келген адам ең болмағанда жылына бір-екі рет қан қысымын, қант пен холестеринді өлшетіп жүрек-қан тамырлары дәрігерлерінің тексеруінен өтіп тұруы керек. Бұл замана талабы.
– Қазіргі медицина бұл аурудың бастапқы кезеңін қалай анықтайды?
– Біздің саладағы ең қарапайым әдіс – қан тамырлары допплерографиясы. Түсінікті тілмен айтқанда, тамырды теспей-ақ, терінің сыртынан арнайы УДЗ аппараты арқылы қан тамырларының соғысын, тарылуын, бітелуін, түйіншіктерді, яғни ағзада қандай да бір ақаудың бар-жоғын анықтауға болады. Бүгінгі таңда бұл ең қолжетімді, сенімді, ең зиянсыз әдіс. Сол сияқты лабораториялық сараптамалар арқылы қанның қоюлануын, тағы да басқадай ауытқуларды анықтаймыз. Және тағы бір әдіс, қан тамырына инемен контрастық сұйықтық жіберіп (ангиография), қан тамырларының бітелген-бітелмегенін білуге болады. Медицина тілімен айтқанда, бұл – инвазивті әдіс. Қысқасы, қан тамырлары ауруларын анықтаудың басқа да қарапайым түрі көп.
– Бұл мәселеде Ұлттық ғылыми орталық та қарап отырмаған болар?
– Әр тоқсан сайын бізде де ашық есік күндері өтеді. Орталықтағы маман-дәрігерлер барлық аурулардың түрлері бойынша халықты қабылдап, тегін қызмет көрсетеді. Тек биыл ғана А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұловтың тікелей жетекшілігімен біздің кардиолог, микрохирург, қан тамырлары хирургы дәрігерлері Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Ақтау қаласында болып, халықты қабылдап, кеңес беріп, өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастарды қарап, оталар жасады. Тек бір жыл ішінде аймақтарда 50-ге тарта күрделі ота жасадық, 500-ден астам кеңес берілді.
– Қан тамырлары ауруларын асқындырмаудың қарапайым қағидасықалай?
– Әр адам ұдайы қан қысымын өлшеп тұруы қажет. Өйткені, қан қысымының дұрыс болмауы бірінші бүйректі зақымдай бастайды. Инфарктің өзі қан қысымын ұзақ уақыт емдемеудің салдарынан болады. Адамдар кейде ұзақ жылдар бойы қан қысымы ауруын елең қылмай жүріп алады. Түптің-түбінде бұл жақсылыққа апармайды. Сол сияқты, көп адамдар комаға түскенде ғана, жедел жәрдемде кетіп бара жатып өзінің сусамырмен ауырып, ол тіпті асқынып кеткенін біледі. Бұл кезде ағзаның көп бөлігі зақымдалып болады. Сондықтан, көру қабілетің нашарлай бастады ма, дәретке жиі барасың ба, аузың құрғап, шөлдей бересің бе, онда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Әйтпесе, қант диабетінің өзі соқыр етіп, мүгедектікке душар қылып, өмір бойы инсулинге тәуелді етіп қоюы ғажап емес.
– Медицинасы әбден дамыған елдерде қан тамырлары ауруларын қалай емдейді? Бұл салада біздің қолымыз жетпей жүрген қандай озық технологиялар бар?
– Біздің Ұлттық ғылыми хирургиялық орталық та замана көшінен қалып жатқан жоқ. Осы орталықта, яғни Қазақстанда адам бауырын трансплантациялауға қол жеткіздік. Мұндай оталар сәтті жүзеге асты. Сол сияқты жыл соңына дейін жүрек алмастыру трансплантациясын жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің мамандар Германия, Жапония, Израиль сияқты мемлекеттерде болып, тәжірибе байытуда. Олар да бізге келіп тұрады. Жуырда бізге келген шетелдік әріптестеріміздің бірі: «Сіздерден де үйренетін тұстар бар екен», деді. Мәселен, АҚШ немесе Германия елдеріндегі сияқты келешекте бізде де робот-хирургтар болады деп ойлаймыз.
– Аяқтағы қан тамырларының білеуленіп кетуін, яғни варикозды бөлек қарастырып отырсыз.
– Осы жерде бір мәселені айтуға болады. Елімізде мұндай ауруды сәтті емдеп жазатын дәрігер-хирургтардың бар екендігіне қарамастан, ешнәрсеге негізделмеген қауесетке сеніп, мамандардан қашқалақтап, дертін асқындырып алатындар көптеп табылады. «Ой, ота жасатуға болмайды, пышақ тигізбеу керек екен», деп өздігінен жазылып кететіндей, алдамшы сезіммен жүріп, тамырлары жарылып, жүре алмайтындай дәрежеге жетеді. Нәтижесінде, бұл біздің отамыздың сәтті шықпауына да әсерін тигізетіндігін жасырмау қажет.
Сондықтан қан тамырлары ісіне бастағанда-ақ адам дәрігерге көрінсе, отасыз-ақ оңай емдеуге болады. Мысалы, біздің хирургиялық орталықта барлық білікті мамандар шоғырландырылған. Көмек сұрап, кеңес сұрап алдымызға келген жанды емдеу біздің парызымыз.
– Қалай десек те, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы жай ғана емхана емес. Ұлттық мәртебеге ие болған бұл мекемеде кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқан болар? Шалғайдағы маман-дәрігерлерге осында келіп тәжірибе байытуға мүмкіндік бар ма?
– Үстіміздегі жылдың сәуір айында бізде халықаралық ғалымдардың қатысуымен «Хирургиядағы инновациялар» атты Қазақстан хирургтерінің ІІІ конгресі өтті. Оған 50 елден 3 мыңға тарта мамандар қатысты. Сондай-ақ республикамыздың түкпір-түкпіріндегі, яғни хирургияның араласуын қажет ететін медицинаның барлық саласының өкілдері жиналды. Ғұлама ғалымдар әріптестерімізді алаңдатқан барлық сауалдарға жауап берді, жоғары санаттағы хирургтер тәжірибелерін ортаға салды. Біздің орталықта ай сайын аймақтағы дәрігерлерге және біздің хирургиялық орталықтың мамандарына шетелден келген мамандар мастер-класстар жүргізеді.ӘңгімелескенАйнаш ЕСАЛИ,«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.