Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:25
«Алматы Тауэрс» кешенінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері» атты халықаралық конгресс өтті. Еліміздің медицина саласының танымал ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының басшылары, қаланың медицина қауымы өкілдері мен ардагерлері бас қосқан алқалы жиынға қатысушылар денсаулық сақтау саласының заманауи басқару тәсілдерін, сондай-ақ осынау маңызды саланы дамытуда қай бағытқа ерекше назар аудару қажеттігін талқылады.
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:25
«Алматы Тауэрс» кешенінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері» атты халықаралық конгресс өтті. Еліміздің медицина саласының танымал ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының басшылары, қаланың медицина қауымы өкілдері мен ардагерлері бас қосқан алқалы жиынға қатысушылар денсаулық сақтау саласының заманауи басқару тәсілдерін, сондай-ақ осынау маңызды саланы дамытуда қай бағытқа ерекше назар аудару қажеттігін талқылады. Сондай-ақ , форум аясында әлемнің 15 елінен, яғни Ресей, АҚШ, Индия, Австрия, Жапония, Нидерланды, Беларусь, Литва, Финляндия, Швеция, Хорватия, Оңтүстік Корея, Германия, Польша, Қырғызстаннан келген медицина саласының жетекші мамандары шеберлік сыныптарын өткізіп, отандық дәрігерлермен тәжірибе алмасуы конгрестің мазмұнын арттыра түсті.
Мерейтойлық жиынның беташары өткенді екшеп, таразылап алу мақсатында Алматы қаласы денсаулық сақтау жүйесінің тарихына арналған деректі фильмді көрсетумен басталды. Одан кейін сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қала тұрғындарының денсаулығын сақтау ісінде ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбектерін жоғары бағалай келе, 1927 жылдың 1 қазанында Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы құрылған кезде оның құрамында меңгеруші мен хатшы ғана қызмет атқарса, ал қазіргі таңда 82 қалалық, 40-тан астам республикалық, 950 жекеменшік медициналық мекеме барын мақтанышпен атап өтті. Бүгінде қалалық мекемелердің өзінде 5 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан астам орта медицина қызметкерлері жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.Академиктер Төрегелді Шарманов пен Камал Ормантаев алматылық әріптестерін мерейтойларымен құттықтап, жүрекжарды ыстық лебіздерін білдірді, конгресс жұмысына сәттілік тіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева алдымен Денсаулық сақтау министрлігі мен министр С.Қайырбекованың атынан жиналғандарды мерейтойға арналған іс-шараның ашылуымен құттықтап, қазіргі таңда Алматы қаласының медицинасы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы легінде екенін, медициналық көмек тек қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің аймақтарынан келетіндерге де көрсетілетінін жеткізді. «Соңғы 20 жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласының барлық бағытында жүйелі даму үдерісі жүруде. Онда қаржыландыру 10 еседен астамға өсіп, 500-ге жуық жаңа нысандар салынса, соңғы 3 жылда Алматыда ең заманауи құралдармен жабдықталған 11 жаңа аурухана мен емхана бой көтерді. Бүгінде Алматы ең күрделі оталар жасайтын медициналық орталыққа айналды. Мәселен, жүрек, бауыр, бүйрек ауыстыру бұрын жасалмаған оталар. Ендеше, Алматының мүмкіншілігі зор, бүгінгісі мәртебелі, болашағы жарқын», – деді Ажар Төлеғалиева.Сондай-ақ, конгресте С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент», «Терапия», «Кардиология», Орталық қалалық клиникалық ауруханада «Хирургия», №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханада «Акушерлік-гинекология, неонатология-педиатрия, анестезиология-реанимация», №4 қалалық клиникалық ауруханада «Травматология» тақырыптары бойынша пленарлық кеңестер өткізілді. Онда аталмыш әр сала бойынша өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».