• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2012

Ырыс алды – ынтымақ

1417 рет
көрсетілді

Ырыс алды – ынтымақ

Сенбі, 27 қазан 2012 7:17

Кең-байтақ қазақ жерін, Қазақ елін бірен-саран емес, жүзден астам ұлттың өкілдері мекендеп, тату-тәтті өмір сүруде. Ашығын айту қажет, жалпы адамзат тарихында ұлттар арасындағы ынтымақтастықтан, бірлік пен тұрақтылықтан артық құндылық жоқ. Бүгінде экономикасы қарқынды дамыған елдер қатарына қосылған Қазақстанның бүгінінің, болашағының кемелді болуы да бейбітшілік пен келісімнің одан әрі нығая түсуіне тығыз байланысты. Бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мақсатқа айналып отырған осы мәселе туралы еліміздегі Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АХМЕТҰЛЫ әңгімелейді:

 

Сенбі, 27 қазан 2012 7:17

Кең-байтақ қазақ жерін, Қазақ елін бірен-саран емес, жүзден астам ұлттың өкілдері мекендеп, тату-тәтті өмір сүруде. Ашығын айту қажет, жалпы адамзат тарихында ұлттар арасындағы ынтымақтастықтан, бірлік пен тұрақтылықтан артық құндылық жоқ. Бүгінде экономикасы қарқынды дамыған елдер қатарына қосылған Қазақстанның бүгінінің, болашағының кемелді болуы да бейбітшілік пен келісімнің одан әрі нығая түсуіне тығыз байланысты. Бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мақсатқа айналып отырған осы мәселе туралы еліміздегі Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АХМЕТҰЛЫ әңгімелейді:

– Ең алдымен, түбі бір туыс елдің өкілі ретінде айтарым, бүгінгідей алмағайып заманда халқымыз үшін, болашақ ұрпа­ғымыз үшін ынтымақтастықтың орны мүлдем бөлек. Даналығы, ұлағаты мол қазақ халқы «ырыс алды – ынтымақ», деп бекер айтпаса керек. Пейілі өздерінің дархан даласындай кең қазақтың жүрек жылуы сонау бір ауыр заманда басына қасірет төнген мың­даған адамды мейірімге бө­леді. Мәселен, менің ата-бабам Кеңес өкіметі кезінде Түркияның Грузиямен шекарасында тұрды, 40 мыңнан астам түріктер басқа ұлттармен бірге екінші дүние­жү­зілік соғысқа кетті. Ал, 1944 жылы өкімет бұйрығымен түріктер Орта Азияға күштеп қоныс аударылды. Ауызбен айтып жеткіз­гісіз жағдайда қазақ халқы оларды құшағын жайып қарсы алып, бір үзім нанын қанша қиын болса да бөліп берді. Сондай үлкен қамқорлықтың, көмектің, қайы­рым­дылықтың нәтижесінде біз­дер бүгінгі бақытты өмірге жеттік.

Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, жүрегі дархан қазақ халқы­ның бұл бауырмалдығы жалғыз ғана біздерге емес, осы мемле­кетті мекендеп отырған жүз отыздан астам ұлттың барлығына да бірдей әрі ортақ болды. Біздің ата-бабамыз соны әлі күнге дейін ұмытпай, өз ұрпағына жеткізуде. Менің өзім осы оңтүстік астанада, Алматыда тудым, жоғары бі­лім алдым. Сол білімнің арқа­сын­да, ел игілігіне еңбек етудемін.

Көпшілікке белгілі, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған­да туысқан Түрік мемлекеті Қа­зақ­стан тәуелсіздігін дүниежү­зінде бірінші болып танығаны біз­дер үшін үлкен қуаныш. Бір құптарлығы, Қазақстан мен Түр­кия арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Қазақстан­ның әл-ауқатының қарыштап өсуі Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз. Және де бір ескере кететін жағдай, бұл пікірді елімізді мекендеген әрбір ұлттың өкілі қызу қолдайды. Таңғаларлығы, өздері­нің тарихи отанына қоныс аудар­ғандар арасында Қазақстанға қайтып оралғандар жетіп артылады. Ал, мұндай батыл шешімнің басты себебі, қазақ жеріндегі қалыптасқан бауырмалдық, сый­ластық пен достықта, «қой үстіне бозторғай жұмырт­қалайтындай» тыныштық пен келісімде деп ойлаймын.

– Болашаққа батыл қадам басқан Қазақстанның дүние­жү­зілік қоғамдастықтағы орны қандай деп ойлайсыз?

– «Аузын ашса жүрегі көрі­нетін» бауырмал қазақ халқының ата-мекеніне қоныстанған өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақтастықты нығай­тудағы еңбегі, әрине, зор. Сонымен қатар, республиканың дүние­жүзілік қоғамдастықта алдыңғы шепке шығуындағы Елбасының атқарып жатқан жұмыстары мен жобаларының ауқымдылығы әлем назарын өзіне аударуы көп нәрседен хабар берсе керек. Алуан түрлі ұлт пен ұлыс өз тілінде сөйлейді және де бұл тек түрік­терге ғана тән емес. Басқа ұлттар да осындай мүмкіндікті иеленуде, немістер, корейлер және өзге де этностар өз тілінде білім алады. Соған орай, түріктер Қазақ елі, қазақ халқы үшін қолынан келгенін аямайды. Қазақстандағы өзге этностарға жасалған мол қам­қорлықтан кейін, олар бұл жер­ден алшақтағысы да келмейді.

Жалпылай алғанда, мемлекет экономикасының қарыштап дамуы, халықтың әл-ауқатының нығаюы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатымен тығыз байланысты. Менің ойымша, саясат дұрыс болмай, экономика да жақсармайды. Сонымен қатар, өзге мемлекеттермен ынтымақтастық байланыс, сыйластық, түсіністіктің берері мол десем, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, қазақстандық әрбір азаматтың ұлтына қарамай, барлығының түгелдей дерлік құқығының бірдей болуы үлкен мәртебе. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт бақытты өмір сүріп отырғандықтан, тарихи отанына оралуды аңсамады. Қазір, Қазақ­стан азаматы болу – үлкен мақ­таныш, зор мәртебе. Мәселен, менің немерелерім қазақша сөй­лейді, барлығына қазақшаны өзім үйреттім. «Тілге құрмет – елге, халыққа құрмет», деген сөз бар.

Түрік этномәдени бірлестігін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрдық. Осы мәдени ошақ­тың жетекшісі Зиядин Гасанов азамат ретінде, кәсіпкер ре­тінде бұл бағытта бірқатар игі­лік­ті іс атқаруда. Қазір, Талғар ауданында тұрмысы төмен отбасы­ларының балалары үшін 500 орындық лицей ашылды. «Жасыратыны жоқ, білімге құштар, талапты жастардың қолы қысқа, сондықтан оларды қаржылық жағынан қолдаудың қажеттілігі зор», деп есептейтін азаматтың мұндай қамқорлығына көпшілік­тің алғысы мол.

Лицейде оқитындар арасында жетім балалар да бар. Білім ұясында оқушылардың тамақт­а­нуына, мұғалімдер жалақысына жылына 1 миллион долларға жу­ық қаражат бөлінуде. З.Гасанов­тың басшылығымен атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары уақыт өткен сайын өз жал­ғасын табуы, әрине, құптарлық жәйт. Тәуелсіздіктің жиырма жылы тойланды, бір сөзбен айт­қан­да, бірқатар уақыт өтті. Сон­дық­тан да қазақстандықтардың бар­лығы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Мемлекеттік тілді барынша кең ауқымда насихаттау – еліміз­дегі әралуан мәдени бірлестіктер мүшелерінің басты парызына айналса нұр үстіне нұр. Елдік мүдде әрбір азаматтың мүддесіне айналғанда ғана біздің Отаны­мыздың күш-қуаты артпақ.

– Данышпан Абай «Әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз. Әуелі иманды түзетпей жатып қылған ғибадат не болады» дегендей, бүгінгі алма­ға­йып заманда әркімнің иманды болуы басты шарт. Барша мұсылманның үлкен мерекесі – Құрбан айт қарсаңында көпші­лікке айтар тілегіңіз қандай?

– Мұсылмандар үшін ұлық мереке – Құрбан айт халқымызға құтты болсын. Береке-бірлік, ынтымақ арта берсін, әр отбасына ең алдымен зор денсаулық тілеймін. Қазақ тілімен бірге қа­зақтың әдет-ғұрпын, салт-дәс­тү­рін де сыйлап, қадірлеп, қастер­леудің маңызы зор. Қазақста­ны­мыз өсіп, өркендей берсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.