• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2019

Михал Билек: Дұрыс тактика жеңіске жеткізеді

328 рет
көрсетілді

Жуырда ғана футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалған чехиялық маман Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Мен Қазақстан құрамасының бас бапкері болғаныма қуаныштымын. Жігіт­тердің қарқынын, ойынға деген дайын­дығын байқау үшін бір апталық оқу-жат­тығу жиынын өткіземіз. Ертең Түркияға ұшып, барлық бапкерлермен сөйлесемін. Олар ұлттық құраманың ойын стилін айтып, ортақ жұмыс барысында маған көмек­тескенін қалаймын. 

– Қазақстан ұлттық құрамасын жаттық­тыру үшін қанша уақыт ойландыңыз?

– Мен шешімді тез қабылдадым. Шама­мен үш аптаның ішінде келіссөз жүргізіп, өз келісімімді бердім. Дегенмен, шешім қабыл­дау оңай болған жоқ, өйткені сол уақыт­та чехиялық командамен келісімшартым болған еді. Бірақ команда мені түсініп, Қазақстан құрамасымен жұмыс істеуіме қарсылық білдірген жоқ. 

– Ұлттық құраманың кеңейтілген тізімі қалай таңдалды?

– Мен әлі футболшылар туралы толық мәлі­метке ие емеспін. Сондықтан маған әлі ақ­парат жинау керек. Бұл тізімді көмек­шілерім жасақтап берді. Мен оларды іріктеп аламын.

– Ұлттық құрамамен келісімшартыңыз қанша жылға жоспарланған. Қазақстанға келгенге дейін қандай ақпарат білдіңіз?

– Келісімшарт бір жылға жоспарланған. «Астананың» Еуропа лигасындағы «Славияға» қарсы өткен ойыны есімде қа­лыпты. Сонымен қатар Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранекпен де сөйлестім. 

– Кеңейтілген құрамға қорғаушы Ев­гений Постников пен жартылай қор­ғаушы Бақтиер Зайнутдинов неге ілінбей қалды?

– Себебі Постниковтың жарақаты бар. Зайнутдиновты да құрамаға шақырғымыз келген. Бірақ «Ростов» командасының Ресей кубогында ойыны бар болғандықтан және 21 ақпан ФИФА күнтізбесіне енбеген соң клуб бапкері Валерий Карпин Бақтиерді жібермеді. 

– Билек мырза, егер Қазақстан құрамасы Еуро-2020 турнирінде сәтсіз өнер көрсетсе, қызметіңізден кетуіңіз мүмкін ғой. Бұдан қорықпайсыз ба?

 – Ештеңеден қорықпаймын. Әрине, тобымыз қиын. Бірақ мен Қазақстанның Ұлттар лигасындағы бірнеше ойынын көрдім. Алдағы уақытта құрамаға шақырылған футболшылар жасыл алаңда барын салады деп ойлаймын. Біз дұрыс тактика таңдай алсақ, жеңіске жетуге мүмкіндігіміз жоғары болмақ. 

Жазып алған Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»