• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2019

Дәстүрлі Билер кеңесі іске кірісті

1318 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында ел ішіндегі дауларды дәстүрлі жолмен шешетін билер кеңесі пайда болды. Жақында Билер кеңесі туралы ереже жобасына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қол қойды.

Бұл Билер кеңесі туралы ере­же жоба­сын Қазақстан Судья­лар одағының Батыс Қазақстан об­лы­сы бойынша филиалы дай­ын­­даған екен. «Татуласу: сот­­­қа дейін, сот­та» жобасын жү­зе­­­­ге асыру мақ­сатында құ­рыл­­­ған Би­лер ке­ңесі туралы ереже­де Билер кеңе­сі­нің негізгі мін­дет­те­рі, құру тәр­ті­бі, Билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру және қызметінің тоқтатылуы туралы мәселелер көрсетілген.

– Билер кеңесі – бұл қазақ би­­ле­р­інің дәстүрін жаңғырту, дау­­ласушылық деңгейін төмен­де­ту, құқық бұзушылыққа төз­беу­­шілік пен оның алдын алу мә­се­­лелері бойынша, салт, ғұр­ып, озық дәстүрлерді сақтау жө­нін­­де ауылдық, аудандық, қала­лық әкім жанынан құрылатын ке­­ңесші орган, – дейді Батыс Қа­зақ­­стан облыстық сотының бас­па­сөз қызметі маманы Нұргүл Қанатбаева.

Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облы­сының 10 ауда­ны­­н­­­­да Би­лер кеңесі құрылып, 95 ауыл­дық округте жұмысын бас­та­­ған. Билер кеңесі алғаш қара­ған 20-дан астам дау сол отырыстар­да шешіліп, сотқа жетпей қысқарыпты. 

Мысалы, Қазталов ауылдық округіндегі 7 адамнан құралған Би­лер кеңесі экологиялық мә­се­леге байланысты дауды шеш­ті. Бұл дау көлге су жеткізу үшін тартылған арна шаруа қожа­лық­тарының жерінен өтіп, ауыл тұр­ғын­дары мен шаруа­шылық басшылары ара­сында пайда болған түсініс­пеу­шіліктен туындаған. Дау сотқа жетпей реттелді. 

Жалпақтал мен Көктерек ауыл­­­­дық округ­терінің Билер ке­ңе­­сі үй жан­уарын басқа тұлғаның заң­­сыз ие­ленуінен алдырту, бере­шек­ті өн­діру және жер учас­ке­сін бөлуге байланысты 3 дауды рет­теді. Тараптар Жалпақтал ауыл­дық округінің Билер кеңесіне жүгінудің нәтижесінде даулар сотқа жетпей шешімін тапты.

Бөкейорда ауданының 7 ауыл­­­­дық округінде Билер кеңесі құ­ры­лып, 8 дау қаралған. Оның екеуі – қарызды қайтару туралы, бесеуі – жақын туыстар ара­сын­да­ғы отбасылық дау болса, біреуі – көршілердің жер дауы екен.

Жаңақала ауданының Билер кеңесінде де 5 даулы мәселені рет­телген. Даудың бірі шаруа қожа­лығы мен жергілікті тұр­ғын­ның арасында болыпты. Шаруа қожалығының иесі Б. де­ген азамат өз иелігіндегі жайылым жерден жауапкердің малын шығаруды талап етіпті. Судья тараптарға Билер кеңесіне жүгіну арқылы дауды шешу мүмкіндігін түсіндірген соң талапкерден арызын қайтарып алған.

– Аудандық соттарда өткен қорытынды мәжілістерде Кеңес мүшелері Билер кеңесінің тиім­ді­лігін, осы арқылы тұрғындар ара­сында адами қарым-қаты­нас­тар сақталып, әлеуметтік шие­лі­ністерді болдырмауға септігін тигі­зетінін атап өтті. Ереженің бекі­­тілуі Билер кеңесінің жұ­мы­­­сы­на жаңа серпін береді деп ойлаймыз, – дейді Нұргүл Қанатбаева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы