Алматыда қазіргі бессайыстан еліміздің бірнеше белді спортшыларының басын қосқан Қазақстанның ашық қысқы чемпионаты аяқталды.
Ерлер сайысында Владислав Сухаревтің бағы жанды. Астаналық спортшы 1480 ұпай жиып, бас жүлдені олжалады. Жалпы ол бессайыстың семсерлесуден басқа төрт түрінен топ жарды. Күміс медальды жеңімпаздың командалық әріптесі Владислав Мищенко иеленді. Ол 1440 ұпайды қоржынға салды. Қола жүлде Артем Дроботвқа бұйырды. Алматының өкілі 1377 ұпайды еншіледі.
Әйелдер арасында Алматының арулары алдарына жан салмады. Фариза Орынбекова алтыннан алқа тағынды. Ол 1293 ұпайды олжалады. Екінші және үшінші орындарды Ардақ Ақидоллаев (1261) пен Суламиф Ананьева (1246) иеленді.
Қазақстанның бессайысшылары енді 27 ақпан мен 3 наурыз аралығында Египеттің бас шаһары – Каир қаласында өтетін Әлем кубогының кезеңдік сайысына қатысады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ