• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2019

Мұздықтар шегініп барады…

2580 рет
көрсетілді

Газетіміздің 25 қаңтардағы санында «Алатаудағы мұздықтар еріп барады» деген тақырыппен («Egemen Qazaqstan», №16, 25.01.2019) америкалық «Нью-Йорк Таймс» газетінің тілшісі Хенри Фаунтейннің мақаласын аударып басқан едік. Мақалада тілші Алатау мұздықтарының шегініп бара жатқанына назар аударып, оның ықтимал салдарларына тоқталған болатын. Мұздықтар мәселесі тұтас Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығына қатысты түйткілдермен тікелей байланысты болғандықтан, бұл тақырыпқа өңір елдерінің ешқайсысы да бейжай қарай алмайтыны анық.

Ғылыми болжамдарға қара­ғанда, Қырғызстандағы мұздық­тардың көлемі  2025 жылы 30-40%-ға азайып кетуі мүмкін. Ол, өз кезегінде, Орталық Азия­дағы өзендер суының 25-35%-ға азаюына алып келеді. Со­лай кете берсе 2100 жылы Қырғыз­станның географиялық карта­сында мұздықтар жойылуы әбден мүмкін.

Жалпы, мұздықтарды сақтап қалу проблемасы мұздығы бар өлке­лердің бәріне тән. Альпі таула­рының швейцариялық қапта­лында Роун мұздығын сақтап қалу үшін Экология минис­тр­лігі оны арнайы палаталармен жаптыртып, тоғыз жылдан бері көземелге алып отыр. Бұл оның еріп кетуін 70%-ға азайтқан. Сөйткен мұздық жыл сайын 4 метрге шегініп келеді. Гляциологтар мұздықтардың аз-аздап еріп, күндердің бір күнінде жойылып кететінінен қауіптенеді.

Қырғызстанда Ұлттық ғылым­ академиясымен бірлесіп жұмыс жүргізетін Мұздық­тар­ға мониторинг жасаушы орта­лық­тың Тянь-Шань бөктерінде ғы­лыми стансасы бар. Қызмет­кер­лер тұратын үй де осы. Теңіз деңгейінен 3200 метр биік­тікте тұр. Ол жерде он жыл­дан бері екі отбасыдан тұр­ған қызметкерлер мұздық­тарды зерттеумен айналысады. Суық жерде тұру қиын болғандықтан, ай сайын ауысыммен істейді. Жақын ауылдан стансаға дейін 10 шақырым. Қыстың боранды күндерінде ат та баса алмай қалады. Ондай кезде тоңып қалмау үшін бетті де жауып алып жаяу жүруге тура келеді. Мұндай уақытта «үлкен жермен» байланыс үзіледі. Гляциолог-мамандар мұз бен қардың сынамасын арнайы аспап арқылы күн сайын тексеріп, жазып, жинап, Ұлттық ғылым академиясына тапсырады.

Осы гляциологиялық стансаның жетекшісі Бақыт Ерменбаев жаз айларында 4800 метр биікте жатқан Қара-Батпақ мұздығында зерттеу жұмыстарын жүргізген-ді. Бұл мұздық жыл сайын 8-9 метрге шегініп отырып, көлемі 1960 жылдан бері жарты шақырымға азайған екен. Орнында бес-алты жыл бұрын көлемі 200 текше метрдей көлшік пайда болып, мұздық шегінген аймақта табиғи шыршалар өсе бастаған. Оның айтуынша, қыста қар аз жауып, жазда күн жылынғанда мұздықтардың көлемі азая түседі.

«Адамдар көп тұрған аумақтардағы жерасты топырақтары әртүрлі қалдық­тар сіңіп, уланып барады. Таудан, мұз­дық­тардан ағып келген сулар – нағыз таза су. Мұздықтарды сақтауда бөлі­нудің еш керегі жоқ. Бірігіп жол іздейік», деп Г.Мерцбахер атындағы Мұз­дықтарды сақтаудың «Мөңгү» қоғамдық-экологиялық қорының президенті Урустам Қабылбековтың  Қырғызстанда ұран салғанына он жыл толды. 

Бірақ үкіметтік емес ұйымның қолы қысқа болып, қор айтарлықтай өнімді жұмыс істей алмай отыр. Осы қор бес жыл бұрын мұздықтарға дүние елдерінің көңілін аудару үшін Қырғызстанда «Мұздықтардың әлемдік аллеясын» ашу бастамасын көтерген. Бастаманың бір тарауында Қырғызстанның биіктігі 5621 метр болған Түркістан қырқасындағы мұздыққа Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың, Сары-Жаз өзенінің бойындағы мұздыққа (5576 м.) Иса пайғамбардың, Алай қыр­қасын­дағы мұздыққа (5539 м) Мұса пайғам­бар­дың, Сары-Жаздың бойындағы тағы бір 5361 м биіктіктегі мұздыққа Буд­­даның есімдерін беруді ұсынған еді.

Су Қырғызстан үшін стратегиялық артықшылыққа ие екені мәлім. Оның негізгі қайнар көзі – көк тіреген тау шыңдарындағы жана беткейлеріндегі мұздықтар. Қырғызстанның солтүс­тігінде Қазақстанмен шектесетін, батысы Түркістан облысына барып тірелетін Алатауды қоспағанда, Тянь-Шань (қырғызша аты – Теңир-Тоо) тауларында 6 мыңдай мұздық бар. Жалпы алғанда, барлығының саны 6771. Жалпы көлемі – 8 мың 47 шаршы шақырым. Яғни ел территориясының 4,2 пайызын құрайды. 

Мұздықтар – Қырғыз­станның қыс мезгіліндегі су қоймасы. Тауларда шама­мен 650 миллиард текше метр су қоры бар. Күн жы­лы­ғанда мұздықтар мен тау бет­кейіндегі қарлар еріп, таудан аққан бұлақтар мен өзендерді сумен толықтырады. Бұл көк­тем, жаз айларында жазық­тағы сулардың 30, 35 пайызға дейін көбеюіне алып келе­ді. Бұлар егіс алқаптарын суаруға пайдаланылады, Қыр­­ғызстанның ең ірі су қой­масы – Тоқтағұл су-электр стан­сасы арқылы Өзбекстанға және Қазақстанға, Талас су қоймасы арқылы Қазақстанға суды қалыпты жіберіп тұруға мүмкіндік түзіледі. Сондай-ақ өлкенің батысындағы Нарын облысындағы таулардан бас­­тау алып, Боом таулық жарып өткен Чүй (қазақшасы – Шу) өзені Қыр­ғызстанның Чүй об­лысы мен Қазақ­станның Жам­был облысының шекара сызы­ғы арқылы Қазақстанға өтеді. 

Мұздықтардың жыл са­йын еріп тұруы заңды құ­былыс. Бірақ кейінгі қы­рық жылда жер шарында жылдан жыл­ға үдей түскен климаттың жа­һан­­дық жылынуы мұздық­тар­­дың көбі­рек еруіне әсер етуде. Мұ­ның үстіне осы жыл­дардағы адамның араласуы­мен болып жатқан тех­но­логия­лық үрдістер мұздық­тар­дың еруіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді. 

Осыдан біраз жыл бұрын оқымысты-мамандар және сарапшылар Арал теңізінің тұздары Тянь-Шань тауларына дейін жетіп, мұздықтардың еруіне ықпалын тигізіп жат­қанын айтып, бұқаралық ақпа­рат құралдарында дабыл қаққан. Тіпті, Кеңес дәуі­рі уағында Одақ басшылары Өзбекстанда мақта егуді көбейту үшін Тянь-Шань тауларына ұшақпен көмір шашуға тапсырма берген деген қауесет те бар. Көмір мұздықтардың көбірек еріп, таудан аққан судың молаюына әкеліпті. Көмір демек­ші, көмір тозаңы және көмір қышқыл газ – мұздықтар­дың дұшпандарының бірі. Қыр­ғызстанның бірнеше жерін­де көмір жер астынан емес, үстінен қазылып алынады. Олардың ірісі – Қара-Кече көмір кені. Бұл – Тянь-Шань­ның төменгі сілемінде.

Есімізде, сексенінші жыл­­­дары Фрунзе қаласын­да (Біш­кек 1991 жылға дейін осы­­­лай аталған) он мың­да­ған адам қызмет ететін зауыт-фаб­ри­калар дүріл­­­деп жұмыс істеді. Өнімдерге сұраныс көп кезде өнеркәсіп орындары үш ауысымда бірнеше ай тәулік бойы істеп тұрды. Сол кезде қыстыгүні жерді қар басқанда ауаның ластанғаны анық бай­қала­тын. Аппақ қардың беті күйе жағып қойғандай қап-қара болып қалатын. Жаңа жау­ған қардың артынан бір­не­ше күннен кейін қар беті қай­та­дан қарайып шыға келеді. 

Қазір Бішкекте бес жүз адамнан көп жұмыс істейтін кәсіпорын жоқ. Өткен жылдың қазан, қараша және желтоқ­сан айларында Бішкекті қара түтін қаптады да тұрды. Бұл, негізінен, көшеде қаптап жүр­ген, түтіні будақ­таған ескі автокөліктерден. Орта есеп­пен, Бішкектегі екі үйдің бірін­де осындай көлік бар. Сон­дай-ақ бір кезде қаланың шеті­не салынған жылу-электр стансасы және жер үйлер­дегі қала халқы көмірді пайдаланады. Бұлардың түтіні көлік түтініне қо­сы­лып, көк тұманды қоюлатып отыр. Осы түтіннің бәрі Оңтүстіктегі және Батыстағы тау мұздық­тарына қонақ­тары мәлім. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп жылдан бері өңір мемле­кет­тері­нің басшылары бас қос­қан алқа­лы жиындарда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциу­мын құру жөнінде идеяны әрдайым айтып келеді. Был­тыр жазда өткен Аралды қор­ғау халықаралық қоры­ның құрылтайшы мемлекеттері басшыларының мәжілісінде осы мәселені тағы да көтерді. Қыр­ғыз­стандағы, сондай-ақ Ор­тал­ық Азия өлке­леріндегі мұз­дықтарды сақтап қалуға мұн­дай консорциумның тіке­лей қатысы бар. «Кеме­дегінің жа­­ны бір» демекші, әлем ке­ңіс­­тігінде тынымсыз жүзіп ба­ра жатқан Жер атты кеме­дегі адам­заттың мүддесі де ортақ.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін,

Бішкектен (Қырғызстан)